Сауда және Интеграция вице-министрі Түркістан облысындағы кәсіпорындарды аралап, бизнес өкілдерімен кездесті

Dalanews 12 июн. 2024 11:48 975


Түркістан облысына жұмыс сапарымен ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев барды. Іссапар барысында вице-министр облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровпен бірге облыстың бірқатар өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысып, кәсіпорын иелерімен тілдесті, деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Өңірдің инвестициялық климатын жетілдіру жолдарын талқылап, бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тыңдады.
Қайрат Төребаев, алдымен, облыс аумағында орналасқан Өндіріс орнында болып, онда орналасқан бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Түркістан облысы халқының негізі табыс көзі ауыл шаруашылығы болғандықтан, көкөніс сақтайтын заманауи қойманың қажеттілігі орасан.
Өнідіріс аймағында негізі қаланған қойма жобасының бастамашысы әрі жүзеге асырушысы – «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы.
Жобаның серіктесі – «М-Адал» ЖШС.


1 гектар аумақта бой көтеріп жатқан қойманың көлемі – 3264 шаршы метр. Сауран ауданы аумағында орналасқан бұл қоймада маусымына 4000 тонна көкөніс сақталады. Мұнда 35 адам жұмыспен қамтылмақ. Қоймада ірі 9 камера бар. Төрт камераның әрқайсысында 500 тоннадан, жалпы көлемі 2 мың тонна картоп сақталса, екі камерасына 500 тоннадан, жалпы 1000 тонна пияз сақталмауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар 250 тонна сәбіз, қырыққабат сақтайтын камералары да іске қосылады деп жоспарланған. Ал 500 тонна көкөніс құрғақ қоймада орналастырылады.


Одан соң, вице- министр еліміздегі тұңғыш су үнемдеу құрылғыларын шығаратын «BNK Group LTD» ЖШС жұмысымен танысты.

Негізгі мақсат – жаңа технологияның көмегімен су үнемдей отырып, өнім көлемін арттыру. Биыл өңірде су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы өнімді 22 мың гектарға дейін арттыру жоспарланған.
Кәсіпорын басшысы Ниязәлі Бейсенбаев өндіріс орнының алдағы жоспарларымен бөлісіп, тауар өткізу нарығын кеңейту, мемлекет тарапынан ынталандыру шараларын арттыру бойынша ұсынысын жеткізді. Кейіннен вице-министр Өндіріс аумағында орналасқан жиһаз шығаратын кәсіпорында болды.
«Ақниет Holding» толық өндірістік циклі бар отандық жиһаз компаниясы.
Кәсіпорында 97 адам жұмыс істейді. Мұнда жылына 34 мың жиһаз және 24 мың мектеп партасы жасап, шығарылады. Бұл жоба ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтуге ықпал етпек. Жалпы Түркістан облысында жиһаз өндірісі қарқынды дамып келеді. Оның дәлелі - жиһаз өнеркәсібіне инвестиция тарту бойынша облыс Республикада көш бастап тұр. Өткен жылы өңірдің жиһаз өнеркәсібіне 13,2 млрд теңге инвестиция салынып, республикалық көрсеткіштің 76,8 пайызын құрады.


Сонымен қатар, Қайрат Төребаев түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауытта болды. Түркістан қаласының маңында орналсқан «Golden camel» зауытының өнімдері экспортқа негізделген. Өндіріс орны Қытай мен Германиядан жеткізілген заманауи құрылғылармен жабдықталған. Бүгінде компанияның жылдық өндірісі 480 тонна түйе сүті ұнтағын құрайды. Мұнда 100-ден аса жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ, Қайрат Төребаев өңірдің бизнес өкілдерімен еркін форматта кездесу өткізді. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров модераторлық етті. Вице-министр Министрлік тарапынан осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Жергілікті кәсіпкерлер бизнес жүргізу үшін қалыптасқан жағдайды одан әрі жақсарту бойынша ұсыныстарын айтып, отандық кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа механизмдерін енгізу мүмкіндіктерін қарастыру туралы өтініштерін айтты. Одан бөлек, басқосу барысында отандық өнімдердің экспортын ұлғайту, тұрғындардың табысын арттыру жайы талқыланды.
Жиын соңында Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев көтерілген әрбір мәселе назаға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты. Кәсіпкерлікті дамытуға Министрлік бар күшін салатынын, ұсыныстар бойынша бірлесе отырып жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Кейбір мәселелер бойынша жұмыстар басталып кеткенін мәлімдеді. Жұмыстар бақылауда болады.


Рекомендовать
Последние новости