Сақалды жігіт соққыға жыққан жедел жәрдем жүргізушісі оқиғаның мән-жайын баяндап берді

Азамат Қойшығара 29 янв. 2024 12:45 5749


Қарағандыда сақалды жігіт соққыға жыққан жедел жәрдем жүргізушісі Төреғали Берікқалиұлы елді шулатқан оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.


Оның сөзіне қарағанда, қазіргі денсаулығым жақсы. Мұрны мен қабырғасы сынған.



"Көзім ашылмайды. Бұл видеодағы оқиға былай болды,түнгі 23:57-де бізге шақырту түсіп, бір жасар кішкентай баланың ауырып қалғаны хабарланды. Сол үйге 5-7 минутта бардық. Екі фельдшер пациентті қарауға кіріп кетті. Бір сәтте бір аға фельдшер шығып, пациентті алып кетуге дайын отырғанбыз. Сол сәтте байқасам, жедел жәрдем көлігі шайқалады. Айнамен артыма қарасам, ешкім жоқ. Мына жақ айнаға қарасам, бір адам қолындағы тумбочкасын сыйғыза алмай келе жатыр екен. Мен түсінбедім. Ол мені боқтай бастады. Бастапқыда мән бермедім. Тереземе келіп, тағы боқтады. Қайтып келіп, тағы боқтады. Одан кейін мен шығып, неге боқтап жатқанын сұрадым. «Неге көлігіңді былай қоясың» дейді. Мен адам ауырып, шақыруымен келгенімді айттым. «Мені көре тұра неге маған жол бермейсің» деді. Мен «Сізді көрген жоқпын» дедім. Сөйтіп, ол жігітке түсіндірем дегенше үш-төрт соққы алдым, ол кетіп қалды. Пациент шыққанда көзім ісіп, жүре алмай қалдым. Сөйтіп басқа бригада шақырдық. Артынан полиция келді", – деді ол.



Зардап шеккен азамат барша қазақ еліне алғысын да жеткізді. Сонымен қатар көпшіліктен дәрігерлердің еңбегіне құрметпен қарауды өтінді.



"Олардың әр секунд, әр минуты адам өмірін құтқаруда үлкен рөлге ие! Қолдауларыңызға үлкен рахмет!" – дейді жедел жәрдем жүргізушісі.



Еске сала кетейік, Қарағанды ​​тұрғыны жедел жәрдем жүргізушісін ұрып-соққан болатын. Полицейлер төбелескен адамның кім екенін анықтады. Қазіргі уақытта шабуыл жасаған адамды ұстау жұмыстары жүргізіліп жатыр.



Рекомендовать
Последние новости