Самал

Dalanews 12 окт. 2018 06:29 1272

Бүгін бәрінен ұят кетті. Ал қазақ тәрбиесіндегі ұят институты бүгіндері „ұятмэн„ болды. Осылай деп әжуалайды оны. Өстіп төмендетеді.

Бір адам емес, кәдімгідей әлеуетті топ. Бәрі ұятмэнді насихаттап әлек. 

Желіде ақ тер, көк тер.  Кеудесін ашқан, балтырын жалтыратқан, аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққан жағалай жұрт. Көкбеттік, бетпақтық, көргенсіздік, тайыздық...

Баяны мен Замирасы бар, Баяндаровасы бар, Байзақовасы тағы бар. Бәрі өзінше бір „қаһарман„. Әйтеуір дәлелдеп жүр. Нені дейсіз бе? Ұяттың жоқ екенін, әрине. Кімде дейсіз бе? Қазақ деген ұлтта...


Бірақ олардың бәрі бір тамаша күнде оңбай жеңіліс тапты. Мұрындарымен тіреле жер иіскеді.

Далбасалаған қыз-қырқын, қатын-қалашты сан соқтырған кім дейсіз бе сонда? Ол — Самал Еслямова! 

[caption id="attachment_38785" align="aligncenter" width="425"] Франция. Канн қаласы. 19 мамыр. Самалдың "Үздік актриса" атанған сәті.  [/caption]


Баянды қойшы, ол орыстың „мен„ деген кіл мықты актрисаларының алдын орап кетті.


 Шолпан Хаматовалардың қолы жетпей жүрген, ұйықтаса үнемі түсінде көретін, өңінде армандаудан бір сәтке жалықпаған кино саласындағы Канн жүлдесін ғайыптан пайда болған қазақ қызы - осы Самал иеленді.

Әрине, орыстың актрисалары шаты айырылып, шат-шәлекей болды (жүлдені Ресейдің атынан алып тұр ғой).

Қолдан келсе, тартып та алар еді ол жүлдені. Бірақ ондай қауқарлары болмай қалды. Халықаралық жүлде өйткені ол. Негізі бұл өз алдына бөлек талқыланар әңгіме...

 

Ең бастысы..


Ең бастысы, Самал бұл жүлдені ең мықты әйел образы үшін алды. Демек, ең мықты әйел ол төсін ашқан немесе балтырын жалтыратқан емес, әсте. Керісінше, тәрбиесі берік адам.

Осы жағынан алғанда, Франция төрінде Самалмен бірге қазақтың қыз бала тәрбиесі де жеңіске жетті!..


Әрине, бар қазақ қуанды бұған. Қалай қуанбайды мұндайда?.. 

Самалдың жүлде алып жатқан сәтін бәріміз көрдік, ТМД-ның бәрі шулады. Ішіне қызғаныш құрты түскендер де болды.

Қазақы менталитетті „қақпайтындар„ „чо, то она какая то зашуганная„ деп пікір жазып жатты.

Ал біз одан ондай дәнемені көрмедік, керісінше ибалы, инабатты, ұяты жүзінен нұр боп төгілген таза қазақы тәрбиедегі қарапайым қыз бала тұрды алдымызда. Міне, ол Еуропаны дүркіретіп жүлде алып жатыр.

Негізі дейміз де, мысалы кісі көзіне тік қарамайтын жапондық әйелге „зашуганная она„ деп айтпас еді осы жұрт.

Өйткені олардың менталитеті сондай екенін жақсы біледі. Ұятқа құралғанын мойындайды.

Ал қазақтікі ұятқа құралған дегенді көбісі мойындағысы келмейді. Басқалар емес, сол баяғы өзіміздің қазақтар, идеологиялық мутацияға ұшырап, ұлттық тәрбиесі әбден бұзылғандар.

 

Өткенде




Өткенде біздің редакцияға бас сұқты Самал. Көзіме оттай басылды.  Қазақшаға судай. Тәрбиесі де өзіміздікі. Ауыл қазағынікі дегенім ғой.

Бірақ Ресейде тұрып жатқаныма 15 жыл болды дейді өзі. Таң қалдым. Өмір бақи Қазақстанда тұрып жатқан кейбір қыз-келіншектердің түрі анау.  Ұлттық жөн-жосық тұр ғой, бір қазақша сөзді дұрыстап айта алмайды.


Соған қарамастан ақыл айтып, ел алдында бетке ұстар азамат құсап жүреді. Екеуінің айырмасы жер мен көктей.

Сонда мәселе неде? Осыны білгім келді. Сол себепті Самалға жақындай келе, жауап іздедім.

Сөйтсем Самал Петропавлдың қазағы боп шықты. Ауылда қазақ мектебін бітірген екен.  Арғынның қызы. Осылай деп әңгімесін айтып жатқан Самал менен жанарын ала қашты. Беріліп кетсем керек.  Бізде кісі көзіне қарамаушы еді ғой деп бұдан соң мен де кәдімгідей ұялып, бүгежеңдеп қалдым.

Дауысы ашық, шіркеудің қоңырауы сияқты даңғырлап жатқан жоқ, керісінше естілер-естілмес. Шолпының сылдырындай сыңғырлап шығады. Бұл да мәдениеттілікке жатады қазақтың жөнін білетін адамға.

Сирек күлімсірейді екен. Ал күлімсірегені құдды түні бойы ұйықтамай әбден күтіп, әрең атқан таңның рауаны секілді. Жылулық сыйлайды бойына. Ұялып, төмен әкеткен ұзын кірпіктерінің әрбірінде ұялшақ періштелер отырған сияқты. Көзі ойлы. Көп оқығаны көрініп тұр.

 

Ол 


„Кандағы жүлдем - үлкен жетістікке жетудегі бір баспалдағым„ - дейді өзі.

Иә, өзін мейілінше қарапайым ұстауға тырысқанмен, мақсаттары әне қандай, өте биік. Димаш та тура осылай деген.

 Қытайда алған көп жүлдесінің бірін ұстап тұрып.

„Арық сөйлеп, семіз шық„ деген ғой қазақ. Міне, екеуінің де ұстанған қағидаты осындай, бір-біріне ұқсас. Қазақша ұстаным, қазақша тәрбие, қазақша менталитет.

 Осындай амбициялы қазақ жастары көбейе берсе екен деп тілейді екенсіз мұндайда іштей тебірене!

Тфа-тфа деуді де ұмытпайсыз. Қазақтықты жоқ қылып, түп-тамырымен ада еткісі келіп жанталасып жүргендер ондайда кәкір-шүкір боп қалады екен. Бүгін бар, ертең жоқ арзан дүниелер ғой.


Ал Самал мен Димаштың қылып жүргендері нағыз өнер!

Нағыз нәрсе ғана — таза талант, ұлттық болмыс пен рухты айшықтайтын терең дүние тарихта, адамзат санасында мәңгі есте қалады.

Ендеше қазаққа нағыз үлгі Самал мен Димаштар жасай берсін! Болашағымыз жарқын болатынына сенесіз осындай жастар барда.

 

Кәмшат СӘТИЕВА


 

 

Рекомендовать
Последние новости