Қосымша құн салығы кейбір салаларда өспейді - Серік Жұманғарин

Кәмшат Тілеухан 03 февр. 2025 10:24 837
©gov.kz

"Қосымша құн салығы бүкіл сала үшін өспейді". ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен Қаржы министрі Мәди Тәкиев журналистермен кездесу барысында осылай деді, деп жазады Dalanews.kz.

Айта кетсек, қаңтар айынынң соңында Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында министрлер кабинеті қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін 15%-дан 20%-ға дейін арттыру және ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету керектігін айтқан болатын. Бұл жаңашылдық бизнес қауымдастығы үшін төбеден түскен жаймен бірдей болып, әр платформада олар өз наразылықтарын білдіріп үлгерді. Әсіресе, ауылшаруашылығы саласындағылар. Алайда Серік Жұманғариннің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласы үшін ҚҚС деген мүлде болмауы да мүмкін. Журналистермен болған кездесуде үкімет мүшелері осындай түсінбестік болмас үшін талқыдағы салық және бюджет реформасына қатысты бірқатар мәліметтерге егжей-тегжей тоқталды.

"Мысалы, азық-түлік өндірушілер үшін үш нұсқа талқылануда: мөлшерлемені 12% деңгейінде сақтау немесе оны 5%-ға дейін төмендету, тағы болмаса ҚҚС-тан мүлде босату. Фармацевтика секторы үшін де ҚҚС 5%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Тұрғын үй құрылысы саласында ҚҚС орнына инфрақұрылымдық алымды енгізу ұсынылып отыр", - деді Серік Жұманғарин.

Министр тұрғын үй саласына қатысты ҚҚС-ті инфрақұрылымдық алыммен алмастыру туралы ұсынысты бизнес қауымдастықтың өзі алға тартып отырғанын жеткізді.

"Құрылыс ​​компания төлейтін инфрақұрылымдық төлемді енгізетін болармыз. Әзірге инфрақұрылымдық төлемге байланысты 1 шаршы метрі 40 доллардан 60 долларға дейін. Жаңа бір салық түрін ойлап таппаймыз. Баспананың санатына қарай осыларды талқылап жатырмыз", — деді Серік Жұманғарин.

Жұманғаринның ойынша, бұл - бәріне ұнап отырған жақсы ұсыныс.

"Осыны қазір қызу талқылаудамыз. Ешбір жағдайда ҚҚС пен алым қатар жүрмейді. Мүмкін осы салық нөл пайыз болып, орнына инфрақұрылым алымы жүруі мүмкін. Немесе ҚҚС төмендейді. Бірақ бұл біз көздеп отырған 20%-дық деңгей емес», — деді премьер-министрдің орынбасары.

ҚҚС шегін төмендетуге қатысты Серік Жұманғарин түрлі нұсқалар талқыланып жатқанын, бірақ ең ықтималы қазірдің өзінде жарияланған 15 млн теңге деңгейінде екенін айтты. Сонымен қатар, бөлшек салықты пайдалана алатын компаниялардың саны да айтарлықтай қысқарады.

Ал бұған дейін кейбір кәсіпкерлерге қарастырылған салықтық жеңілдік алынса, онда ол ҚҚС-қа қосымша (егер шекті мәннен асып кетсе) корпоративтік табыс салығын (КТС) да төлейді. Осылайша, мұндайда салық ауыртпалығы 2-8%-дан (бөлшек сауда салығы) 40%-ға (ұсынылған ҚҚС және КТС мөлшерлемесі) дейін артады.

Жұманғарин мұның барлығы Ұлттық қорға және Еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беретінін нақтылайды.

Бұған дейін сайтымызда "ҚҚС мөлшерлемесін арттыруға қарсымыз! Бизнес қауымдастық петиция жобасын әзірлеп жатыр" деген мақала шыққан. "Елімізде қосымша құн салығын өсіру көзделіп отыр. сарапшылар қауымы бұған неге қарсы" деген мақаламен де таныса отырыңыздар.


Рекомендовать
Последние новости