Қонаев қаласы әкімі іргедегі ауылдардың әлеуметтік жағдайымен танысты

Жарбол Кентұлы 25 апр. 2024 10:17 2056

Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Шеңгелді ауылдық округіне қарасты елдімекендерге барып қайтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл жолы басымдық әлеуметтік нысандарға берілді. Алдымен әкім Сарыбұлақ пен Кербұлақ ауылдарында орналасқан блоктық-модульды кешеннің жұмысымен танысты.

Медициналық қызметкерлер аталған нысандарды электр қуатымен жылыту жеткіліксіз екенін айтып, шағымданды. Сондықтан әкім ауыл әкімі мен аурухана директорына қатты немесе дизель отынымен жылыту мәселесін қарастыруды тапсырды.

Ал Шеңгелдідегі амбулаторияның күрделі жөндеу жұмыстарымен танысқан шаһар басшысы нысанды уақытылы қолданысқа беруді тапсырды.

Сонымен қатар ол ауылдардағы спорт және воркаут алаңдарының тозып тұрғанына да назар аударды.

– Бұрын осы алаңдарды салған мердігер компанияның кепілдік мерзіміне сәйкес, ағымдағы жөндеу жасалуы тиіс. Спортсүйер жастарға жағдай жасап беруіміз керек. Сұранысты қамтамасыз ету – маңызды, – деді Асхат Бердіханов.

Ал Ақөзектегі мектептің қабырғасы жарылып кетуіне байланысты әкім ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге қажетті құжаттарды дайындауды тапсырды. Шаһар басшысы Кербұлақ, Сарыбұлақ, Ақөзек пен Шеңгелдідегі мектеп асханаларын да тексеріп шықты, мәзірдегі тағамнан ауыз тиді.

– Жалпы жаман емес. Алайда, балалардың қауіпсіздігі, дұрыс тамақтануы әрдайым басты назарда болуы шарт. Санитарлық талаптарға сәйкестігі туралы құжаттарыңызды түгендеп, тамақтың сапасын күнделікті бақылауда ұстаңыздар, – деді әкім.

Шеңгелді ауылдық округінің әкімі Мақсат Жазиев Асхат Бердіхановқа шаруалардың түйткілі, Ақөзектегі селден қорғайтын екі көпірді күрделі жөндеуден өткізу туралы ұсынысын айтты.

Шаһар басшысы болса, барлық көкейкесті сұрақтарға арналған ауқымды жиын ұйымдастырылып, талқыланып, шешім шығарылатынын айтты.

 


Рекомендовать
Последние новости