"Қытайға кеткен қазақ сәбилері". Суррогат аналардың жұмбақ бизнесі әшкереленді

Dalanews 28 июл. 2025 15:26

Миллиардтаған ақша айналып жатқан суррогат аналардың жасырын бизнесі Қазақстанда аса қауіпті деңгейге жеткенін айтып, мамандар дабыл қағуда. Соңғы уақытта Қазақстанда Қытайдан тапсырыс қабылдайтын суррогат аналар бизнесі қарқынды дами бастапты. Бұл жағдайды әшкерелеген сарапшылар мен құқық қорғаушылар оның артында үлкен криминалдық топтардың тұрғанын, тіпті бұған бала органдарын трансплантациялау мақсатында бару сынды қорқынышты әрекеттердің барын да жоққа шығармайды. Осындай масқара жайт туралы күні кеше шетелдік басылымда мақала жарық көрді,деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жақында DW агенттігіне сұқбат берген бірнеше қазақстандық әйелдің әңгімесі бұл мәселенің қаншалықты тереңде жатқанын көрсетеді. Әлия мен Наталья есімді келіншектер (аты-жөндері өзгертілген) құрбандарының саны күннен-күнге көбейіп бара жатқан бұл бизнеске әлеуметтік желі арқылы тартылғандарын айтады.

Олар Instagram мен TikTok-тан мұндай жарнамаларды жиі кездестіруге болатынын айтады. Онда суррогат ана болуға келіскен әйелдерге қомақты ақша уәде етіледі. Мәселен, босанғаннан кейін қолға 6-8 миллион теңге, оған қоса ай сайын 500 доллар мен тегін жатын орын ұсынған жайт бар. Ал тұрмысы төмен, тұрақты табысы жоқ біздегі қыз-келіншектер үшін бұл өте үлкен ақша болып көрінері сөзсіз. 

"Әлия алғаш Алматыдағы медициналық орталыққа шақырылып, барлық тексерістен өткен соң, оған эмбрионды Қазақстанда емес, Қытайда салуды ұсынады. Натальяны да дәл солай сендірген. Ал іс жүзінде Қытайдан бірден Камбоджаға жіберіп, оған беймәлім жерде жасырын түрде ота жасалған. Натальяның айтуынша, оны Пномпень қаласындағы 40 қабатты биік ғимаратқа апарып, ұрық сол арада салынады. Әлия болса Пекинге жеткізілген, сол жерден терезелері жабық көлікпен беймәлім ғимаратқа жеткізілген. Ол жерде қытайша сөйлеген мамандар тек 15 минуттық ота жасап, оны қайтадан Қазақстанға жөнелткен", деп жазады DW.

Қазақстанға келгеннен кейін оларды Алматы маңындағы коттедж бен пәтерге орналастырған. Ол арада басқа да бірнеше елдің қыз-келіншектері болған. Бірақ уақыт өте келе әйелдер мен қытайлық делдалдар арасында түсініспеушілік пен дау басталған.

"Наталья босанатын уақыт жақындағанда қажетті медициналық көмекті ала алмаған соң, өз күшімен перзентханаға барып босанған. Баланы үш күннен соң қытайлық тапсырыс берушілер алып кеткен. Ал баланың нақты тағдыры белгісіз күйде. Әлияның жағдайы бұдан да қиын. Оған іштегі баланың денсаулығында ауытқу бар деген жалған диагноз қойып, оны мәжбүрлі түрде түсік жасатуға тырысқан. Ол араша сұрап адвокаттар көмегіне жүгінген. Адвокаттар Альбина және Азамат Бекқұловтардың айтуынша, әйелдерге қол қойдырған келісімшарттардың барлығы заңға мүлдем қайшы, жалған құжат болып шыққан. Ол жерде баланың биологиялық ата-анасы туралы ақпарат жоқ, нотариалдық куәландырылған ешқандай ресми келісімшарт та жоқ. Бұның барлығы адам саудасына жататын қылмыстық әрекеттер екені анық. Әрі әйелдерді ешбір тіркеусіз, заңсыз шекара асырып отырған адамдардың беделді де ықпалды тұлғалар екені де айтылуда", делінеді шетелдік басылымда.

Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, профессор Вячеслав Локшин болса, бұл жағдайдың криминал екенін ашық айтты. Оның пікірінше, Қазақстанда суррогат аналарға төленетін ресми төлем бұл заңсыз жолмен уәде етілген ақшадан да көп әрі қауіпсіз екен. Дегенмен әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған әйелдер үшін тез арада үлкен ақшаға кеңелу мүмкіндігі әлдеқайда тартымды болып отыр.

"Бұл жағдай Қазақстандағы репродуктивті медицинаның беделіне үлкен соққы. Қазір бұл мәселеге құқық қорғау органдары назар аудармаса, жағдай одан әрі ушыға түседі", - дейді ол. 

Ал қорғаушылар Бекқұловтардың айтуынша, Қазақстаннан суррогат аналар дайындаумен айналысатын мұндай медициналық орталықтар Алматыдан бөлек, Астана, Шымкент және Талдықорған қалаларында да бар болып шықты. 

"Бұл арада күдік пен күмәнге толы қорқынышты бір болжам: бұл балалардың органдарын "көлеңкелі трансплантология" үшін пайдаланатын халықаралық криминалдық топтардың ісі болуы да ғажап емес. Себебі осындай құпия әрекеттер Қазақстанмен ғана шектелмей, Ресей, Қырғызстан, Грузия және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне дейін тамырын жаяды. Қазір қорғаушылар атынан құқық қорғау органдарына ресми арыз түсірілген. Ендігі жерде бұл іске ішкі істер министрлігі мен прокуратура тарапынан қатаң тексеріс жүргізіліп, адам саудасы мен бала саудасын ұйымдастырған топтардың әрекеттеріне нақты тосқауыл қойылуы тиіс. Бұл сұмдық жағдай суррогаттық бизнес арқылы ақша табудың қандай қауіпті деңгейге жеткенін көрсетеді. Бүгінгі таңда еліміздегі құзырлы органдардың алдында бұл мәселені тереңнен тексеріп, бейкүнә әйелдер мен нәрестелердің тағдырымен ойнаған қылмыстық топтарды әшкерелеп, кінәлілерді жазалау міндеті тұр. Өйткені бұдан кейінгі ұрпақтың тағдыры осыған тікелей байланысты", деп ой түйеді шетелдік басылым.


Рекомендовать
Последние новости