Қырғызстан Көлбаевпен байланысты қазақстандық кәсіпкерге іздеу жариялады

Көркем Алдабергенова 11 сент. 2025 13:07

Қырғызстанда Көлбаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобымен байланысы бар деп күдіктелген қазақстандық іздеуге жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz

Қазақстан азаматы Камалутин Халиков Қамчыбек Асанбектің, көпшілікке Қамчы Көлбаев атымен белгілі, ұйымдасқан қылмыстық тобын қаржыландырды деген күдікке ілінді.

Арнайы қызметтің дерегінше, Халиков Қарағанды облысының бокс федерациясын басқарады, құрылыс саласында активтері бар. Бұған дейін ол Қазақстанда қылмыстық топ ұйымдастырғаны және Қырғызстаннан тауарды контрабандалық жолмен тасымалдағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Халиков Қамчыбек Көлбаевтың кісі өлтіру, адам ұрлау және қылмыстық ұйымды басқару бойынша бірнеше рет сотталғанын біле тұра, онымен байланысқа әдейі шыққан. Бұл әріптестік оған Қырғызстанда «қорған» алу және бірлескен бизнес-жобаларды жүзеге асыру үшін қажет болған.

Құзырлы органдардың мәліметінше, Халиков Көлбаевпен Ыстықкөл облысындағы «Барс» демалыс орнында бірнеше рет кездескен.

Бішкектің Октябрь аудандық соты Халиковқа сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Осыған байланысты ол ресми түрде іздеуге жарияланды.

Қамчыбек Асанбек (Қамчы Көлбаев) Қырғызстанда «заңдағы ұры» атанып, Орталық Азиядағы ең ықпалды қылмыстық авторитеттердің бірі саналған. 2023 жылы Қырғызстан Ішкі істер министрлігі арнайы операция барысында оның көзін жойғанын хабарлаған еді. Соған қарамастан, ҰҚМК дерегінше, оның қылмыстық тобы әлі де әрекет етіп, бизнес пен мемлекеттік құрылымдарда байланыстарын сақтап отыр.


Рекомендовать
Последние новости