ҚазҰУ-да О.Сүлейменовтің 85 жылдық мерейтойы тойланды

Dalanews 20 мая 2021 10:01 870

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменовтің 85 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алқалы жиын ақын білім алған ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінде оқу аудиториясының ашылуымен басталып, «О.Сүлейменов – ақын және азамат» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференцияға ұласты.

Салтанатты шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, жауһар жырларымен әлемге танылған тұлғаның өмір жолының ҚазҰУ-мен тығыз байланысты екенін атап өтті. Олжас Сүлейменов, ең алдымен, университеттің 1959 жылғы түлегі әрі құрметті профессоры екендігін айта отырып, ректор ақынның тәуелсіздіктің беки түсуіне қосқан зор үлесіне тоқталды.

Оқу орнының басшысы өз сөзінде: «Олжас Омарұлының «Арғымақ», «Атамекен», «Айналайын», «Круглая звезда» және басқа да теңдессіз туындылары әлем әдебиетінің үздік мұралары қатарына енді» дей келе, суреткердің ойшылдар мен қарапайым жұртшылықтың бірнеше толқынының рухани қалыптасуына ықпал еткенін айтып өтті. Азулы ақынның поэтикалық және ғылыми жаңалықтары осы күнге дейін жалғасып отырғанына назар аударды. «1001 сөзі» тынымсыз ізденіс пен шығармашылықтың өзіндік поэтикалық формуласына айналғанын, ал Шумер, ежелгі Египет, ежелгі Қытай иероглифтерін зерттеу арқылы ғалым Батыс зерттеушілерінің «көне тіл үнді-еуропа тілдерінен бастау алады» деген қасаң теориясына соққы бергенін де саралап жеткізді.

ҚР Конституциялық Кеңесінің Төрағасы, ҚазҰУ-дың Түлектер қауымдастығының Президенті Қайрат Мәми мерейтой иесіне арнайы бейнеқұттықтау жолдап, қуанышқа ортақтастығын білдірді.

Қайрат Әбдіразақұлы: «Біздің данышпан отандастарымыз – Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов қазақ халқының дүниетанымын қалыптастыруда үлкен рөл атқарғаны белгілі. Олжас Омарұлы да сол ұлылардың ізбасары» деп, ақынды зор мақтанышпен «біздің ұлы замандасымыз» деп атады. Философиялық дүниетаным иесінің өз халқын, оның ар-намысы мен қадір-қасиетін, тарихы мен мәдениетін дәріптеу арқылы көзі тірісінде-ақ аңызға айналғанын атап көрсетті.

Қазақтың біртуар перзентіне ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов та құттықтау сөз арнап, ізгі лебізін жеткізді.

«Әлемнің барлық азаматы Олжас Омарұлын «біздің Олжас» деп атай алады. Юрий Гагарин ғарышқа ұшқанда барша жер тұрғындарының атынан біздің Олжас сөйлеп, атақты өлеңін жолдады» дей келе, ғалым қайраткердің өз халқын, өз ұлты мен қаласын әлемге паш еткенін тілге тиек етті. Әлемге әйгілі қазақ ұлын мақтан ететінін білдіріп, Олжас Сүлейменовке ҚР ҰҒА атынан «Үлкен алтын медаль» ұсынылғанын жеткізді.

Сонымен қатар дара тұлғаны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы Елшісі Рашид Мамедов, Қазақстанның қоғамдық-саяси қайраткері, белгілі жазушы, баспагер Роллан Сейсенбаев, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Тілектес Есполов, ҚазҰУ-дың «Арабистика» орталығының директоры, профессор Әбсаттар Дербісәлі, ҚР Жазушылар одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдаулет сынды отандық және шетелдік ғалымдар, жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері құттықтап, ақындық ерекшелігі, қайраткерлік қыры, қоғамдағы орны мен шығармашылығы хақында ой өрбітті.

Жиын барысында О.Сүлейменовке арналған «Әлемдік руханият қайраткері» атты бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Университет мұражайына өзі тұтынған заттар қойылып, «Құрлықтар құрметтеген қаламгер»  атты жеке экспозициясы мен кітап көрмесі ашылды. Сондай-ақ ҚазҰУ жанындағы халықаралық Абай орталығының ұйытқы болуымен О.Сүлейменов «Арғымақ» кітабының тұсауы кесілді.

Жиын соңында ақын барша құттықтаушыларға ыстық ықылас пен тамаша тілектері үшін алғыс білдіріп, шығармашылық шабыт тіледі.

Олжас Сүлейменов поэзиясы сөз қадірін білетіндер мен сөз зергерлеріне, сонымен қатар қарапайым оқырмандарға да орыс тілі арқылы қазақ халқының болмысын ашып көрсетуге мүмкіндік туғызды. Адами құндылықтарды ту еткен әдеби және ғылыми еңбектері бүгінгі күн мен келер ұрпақтың рухани алтын қазынасы боп қала бермек.

Рекомендовать
Последние новости