ҚазҰУ-да Дүниежүзілік мұра күніне екі көрме ұйымдастырылды

Dalanews 18 апр. 2023 11:21 1261

Әлемде 1983 жылдың 18-сәуірінен бастап Дүниежүзілік мұра күні аталып өтуде. Оны алғаш рет Ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау сауалдары бойынша Халықаралық кеңес Ассамблеясы (ИКОМОС) айналымға енгізген болатын. Бұл күнді «Ескерткіштер мен тарихи орындардың халықаралық күні» немесе «Дүниежүзілік мұра күні» деп те атай береді. Әсіресе музей саласында еңбек ететін мекемелер жыл сайын атаулы датаға байланысты түрлі іс-шаралар өткізіп келеді. Бұған биыл әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің ұжымы да зор дайындықпен келіп отыр.

Биыл Дүниежүзілік мұра күніне орай тарих факультетінің ғимаратында оқу-практикалық бағыттағы «Қырым Алтынбеков фойе-музейі» мен «Қазақтың сәулет өнері ескерткіштері» атты тұрақты фотогалерея ашылды. Бұл «шағын музейлер» тұсаукесерін университеттің Басқарма мүшесі - Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Н.С.Айдосов өткізді. Ол мұндай фотогалерея мен фойе-музей оқу үдерісінде, тәрбие ісінде және әлеуметтік дамуда пайдаланылатындығын, олардың жас ұрпаққа керек екендігін баса айтты. Оның айтуынша: өз құндылықтарымызды әлемге таныту, олардың негізінде жастарды тәрбиелеу, жас буынның бойында патриоттық сезімдерді қалыптастыру секілді дүниелер осындай іс-шаралардан бастау алады; сол себепті университет басшылығы барынша осындай креативті дүниелерді қолдай береді.

Дүниежүзілік мұра күніне орайластырылып ашылған бірінші нысан «Қырым Алтынбеков фойе-музейі». Ол белгілі суретші-реставратор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қырым Алтынбеков жұмыстарына негізделген. Мұндағы музейлік сөрелерге республика жерінен табылған ежелгі және ортағасырлық Тақсай, Үржар, Аян, Берел, Таңбалы, т.б. ескерткіштердің материалдары қойылған. Сонымен қатар ортасырлық архитектуралық кешендердің (Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, т.б.) бөлшектерін (есік, т.б.) мамандар тарапынан қалпына келтіріліп жатқан кездер көрініс тапқан.

Әсіресе Таңбалы петроглифтері туралы құнды мәліметтер көптеп берілген. Фойе-көрме өзегі еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтауға, жәдігерлер мен нысандарды қалпына келтіруге бағытталған. Бұл фойе-музей Отанымыздың тарихи мұрасының алуан түрлілігі және оны қорғау мен сақтау үшін жұмсалатын күш-жігер туралы көбірек білуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар сөрелерге қалпына келтірілген бұйымдар, алуан түрлі артефактілер, қалпына келтірумен айналысатын мамандардың құрал-саймандары, фотосуреттер, т.б. қойылып, безендірілген.

Ал екінші нысан – «Қазақтың сәулет өнері ескерткіштері» атты тұрақты фотогалерея. Тұрақты фотогалереяда материалдар университет профессор-оқытушылар құрамының далалық ізденістері кезінде жинастырылған. Фотосуреттердің мазмұны, қолданыс аясы, тақырыбы әр алуан болғанымен, олардың барлығы қазақтың тас қашау өнерінен мол мәлімет береді және де қазақтың заттық және рухани мәдениетін айшықтайды.  Фотогалерея-көрмеге қойылған фотолардың дені қазақ шеберлері қолынан шыққан кесене, мешіт, қабір үстіне қойылатын тастардың түрлерін (құлпытас, сандықтас, қойтас, қошқартас, т.б.), құдықтар мен мал шаруашылығында пайдаланған құрылыстарды, сәулет өнерінің өзге туындыларын сипаттайды. Қазақ тас қашау өнерін фотогалереядағы туындылар толымды түрде сипаттайды. Олардың негізінде әрбір құрылыс нысанының өңірлік ерекшеліктерін, қалыптасуы мен дамуын, сақталуын, бүгінгі жай-күйін, т.б. аңғаруға болады.

Тарих факультеті ұжымы ашып отырған осы екі оқу-практикалық музей-көрмелер білімгерлерге арналған. Олар музей-көрмелер материалдары негізінде өздерінің теориялық білімдерін шыңдап, сөрелерге қойылған әрбір артефактінің практикалық мәніне, қолданыс аясына, қалпына келтіруге дейін әрбір бұйымның қандай болғандығы немесе одан кейін қалай жасалып шыққандығы туралы көптеген мәліметтер алу мүмкіндігіне ие бола алады.

Осындай қажетті дүниелерді білімгерлерге ұсыну оқу үдерісіне ғана емес, олардың адами әрі ұлттық құндылықтарын, әдебін, ділін, өзге де рухани ұстанымдарын қалыптастыруға септігін тигізеді деген ойдамыз.

Досбол БАЙҚОНАҚОВ, тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

Рекомендовать
Последние новости