8 маусым күні күтпеген жерден Қазақстандағы ең жас министр болған Марат Қарабаев көлік министрі қызметінен кетті. Ақорданың демалыс күнгі бұл хабарламасын қазақстандықтар күтпеген жерден естіді. Қарабаевтың министрліктен кетуіне не себеп, желі қолданушылары бұл жайлы не деп жатыр? Dalanews.kz тілшісі шолу жасады.
Жақында қауіпсіздік кеңесі өтіп, ол жерде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарабаевқа министр кезінде сөгіс жариялаған болатын. Алайда ешкім Марат Қарабаев сөгіс алғаннан кейін аз уақыттан соң отставкаға кетеді деп ойламаған сыңайлы.
"Марат Карибжановичке лайықты баға беру керек – ол бұл ең күрделі лауазымда 2 жыл 5 ай отырды. Жуырда ол Қауіпсіздік кеңесінде Президенттен сөгіс алған болатын. Еске сала кетейік, 2023 жылдың қаңтарында Қарабаевпен бірге 1990 жылы туған тағы екі жас министр – Асхат Оралов (Мәдениет және спорт министрлігі) пен Зүлфия Сүлейменова (Экология министрлігі) тағайындалған еді. Алайда олар 2023 жылдың қыркүйегіне дейін ғана қызмет атқарды", - дейді Prokadry сарапшылары.
Қарабаев қайда тағайындалуы мүмкін?
Prokadry дереккөздерінің хабарлауынша, Марат Қарабаев «Қазпоштаның» басшысы болып тағайындалуы мүмкін. Бұл болжамның орындалуы орынды. Себебі Қазпоштаны бұған дейін басқарған Әсел Жанасова күні кеше Президенттің кеңесшісі болып тағайындалды.
Ал кейбір сарапшылар (олардың саны аз) оны еліміздің оңтүстігіндегі өңірлердің біріне әкім болып баруы да ықтимал деп болжап отыр.
"Көлік министрін тағайындау ертең (бүгін 9 маусымда) өтеді, себебі кандидатура Мәжілістің салалық комитетінде мақұлдануы тиіс. Министр лауазымына көлік вице-министрлері (Аблалиев, Қалиақпаров) немесе облыстардың бірінің әкімі тағайындалуы мүмкін", - дейді дереккөздер.
Қызметінен кеткенін ұшақта білді
Журналист Саяна Санақованың сөзінше, Марат Қарабаев қызметінен босатылғанын Грузияға ұшып барғаннан кейін ғана білген.
"Көлік министрімен ұшып барып, экс-министр болған кезінде жерге қондық. Бәріміз Поти қаласындағы терминалдың ашылуына бара жатырмыз. Қарабаев қызметінен босатылатынын өзі де білмеген сияқты", - деп жазды Санакова.
Кейінірек Energy Monitor қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов Марат Қарабаев пен Маңғыстау облысының әкімі Грузияға іссапармен барғанын растаған. Онда қазақстандық кәсіпкер Данияр Әбілғазиннің қаржысына салынған жаңа контейнерлік терминалы ашылған. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 30 миллион доллардан асады.
ҚТЖ-дағы былықтар
Соңғы екі жыл бойы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «ҚТЖ – Жүк тасымалдары» компаниясындағы сатып алу рәсімдерінің әділетсіз жүргізіліп жатқанын бірнеше мәрте көтерген. Агенттік мәліметіне қарағанда, тек мотор майларын сатып алу барысында ғана ұлттық компания 2024 жылы шамамен 12 миллиард теңгеден айырылған. Бұл келісім бұрынғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Қайрат Қожамжаровтың туысымен байланысты компаниямен жасалған.
Аталған заңсыздықтардың алғашқы белгілері 2023 жылы-ақ анықталған. Сол кезде шығын көлемі 634 миллион теңгемен шектелгенімен, сол жылы да, келесі жылы да көлік министрі Марат Қарабаев ешбір шара қолданбаған.
Министрдің әрекетсіздігі мұнымен шектелмейді. Көлік прокуратурасы ҚТЖ-ның кейбір жеке локомотив иелеріне арнайы артықшылықтар бергенін мәлімдегенде де Қарабаев үнсіз қалған. Сондай-ақ, ҚТЖ-ның цифрландыру жөніндегі бұрынғы басшысы Салмен Амриннің тікелей хатына да жауап бермеген. Амрин өз командасының ҚТЖ-да кем дегенде 33 миллиард теңгенің қаржылық заңбұзушылығын анықтағанын айтқан. Сарапшылар болса, нақты сома 170 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін деп топшылайды.
Бұл фактілер Марат Қарабаев басқарған министрлік кезінде салада тиімді бақылау мен саяси ерік-жігердің болмағанын анық аңғартады.
Түнгі клубқа қатысты жанжал
Журналист және сарапшы Денис Кривошеев Марат Қарабаев министр болып тағайындалған алғашқы күндерінен бастап кәсіби тәжірибесі жоқ адамдарды жауапты қызметтерге тартқанын және салмақты шешімдер қабылдай алмағанын жазған болатын. Оның айтуынша, бұл қадамдардың алғашқы белгісі – Талғат Ластаевты министрдің орынбасары етіп тағайындауы.
Кривошеев 2023 жылғы даулы оқиғаны да еске түсірді. Сол кезде Азаматтық авиация комитетінің басшысы Каталин Раду Алматыдағы түнгі клубтардың бірінде төбелеске қатысқан болатын. Алайда министр бұл оқиғаның жұмыс уақытынан тыс болғанын алға тартып, ешқандай тәртіптік шара қолданылмайтынын хабарлаған.
"Қарабаев бұл әрекет жұмыс уақытына қатысы жоқ болғандықтан, Радуның қайда жүргені – оның жеке ісі екенін айтты. Бірақ сонымен бірге ол мемлекеттік органға қарасты мекеме басшысы ретінде этика нормалары ескертілгенін де қоса жеткізді", – дейді Кривошеев.
Журналист Қарабаевтың жағымсыз жаңалықтарды бүркемелеуге бейім екенін де атап өтті. Мысалы, 2024 жылдың қаңтарында ауа райына байланысты 100-ден астам рейс кешігіп, 20 рейс мүлде тоқтатылған кезде, министр жолаушыларға авиакомпаниялар билетті толық өтеп береді деп мәлімдеген. Алайда іс жүзінде FlyArystan тек 5 мың теңгеден ғана қайтарған.
Сондай-ақ Кривошеев Қарабаевтың 20-дан астам қазақстандық әуежайды және Ақтау мен Құрық порттарын шетелдік инвесторларға басқаруға беруге дайын екенін жариялауын қатаң сынға алды.
"Мемлекеттік мүлікті осылай ашық сату – кәсібиліктің жоқтығының айқын көрінісі", – деді ол.
Көлік саласындағы жүйелі проблемаларға келгенде де министрдің әрекетсіздігі көзге түседі. Кривошеевтің айтуынша, былтыр маусымда премьер-министр Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолының» қаржылық ахуалы «қызыл аймаққа» жеткенін айтқан. Компанияның шамамен 3 триллион теңгеге жуық инфрақұрылымдық жобаларын тексеру кезінде 29 миллиард теңге көлемінде заңбұзушылықтар анықталған.
"Ал Қарабаев керісінше, ҚТЖ-ның пайдаға шыққанын айтып, компания басшылығының өздеріне дивиденд төлеуге толық құқығы бар екенін мәлімдеді. Осындай жағдайда тек сөгіспен шектелу – тым жеңіл жаза", – деп түйіндеді Кривошеев.
Не дегенмен де Қарабаевтың сөгіс алған соң аз уақыттың ішінде отставкаға кетуі ел күтпеген жағдай болды. Оның үстіне президенттің демалыста мұндай шешім қабылдауы да сирек кездесетін жағдай.
Ең жас министр болған Марат Қарабаев Қазпоштаға кете ме, әлде бір өңірге әкім бола ма - оны уақыт көрсетеді.