Әлеуметтік желілерде Жамбыл облысы бойынша ҚР Бас прокуратурасының Құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіру департаментінің қазіргі қызметкері Әлия Қожабекованың мәлімдемесінен кейін департамент басшысы жұмыстан кетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"За нами выехали" телеграм арнасының мәліметінше, Жамбыл облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің басшысы Секер Бүркітбаев даулы мәлімдемелерден кейін отставкаға кеткен. Бұл ақпаратты Бас прокуратура растаған.
"Департамент басшысы С. Бүркітбаев 2024 жылғы 2 маусымда өзі жазған рапорт негізінде қызметінен босатылды", – делінген ведомство хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Жамбыл облысы бойынша ҚР Бас прокуратурасының Құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіру департаментінің қазіргі қызметкері Әлия Қожабекованың тағы бір бейнеүндеуі тараған болатын. Онда Секер Бүркітбаевтың да аты аталады.
Ол алғашқы үндеулері қызу талқыланып, желіге тарап кеткеннен кейін президент әкімшілігі, бас прокуратура, құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті оны жұмыстан қууды қолға алуы мүмкін.
– Мемлекеттік органдар мені қаралап, жазғандарымды жалған етіп көрсетуге тырысады. Бірақ шындықтан басқа жол жоқ. Мен түсінемін, әлеуметтік желіде мұндай нәрсені айту – өзіме жау табумен тең. Бірақ бұл мен үшін бірінші рет емес, – дейді ол.
«2024 жылы барлық жауапты органдарға бірнеше рет жүгіндім»
Қожабекова 2024 жылы Бас прокурор Берік Асыловқа, комитет төрағасы Нұрлыбай Сабитке, сондай-ақ Президент әкімшілігіне бірнеше рет ресми түрде хат жазып, Жамбыл облысы бойынша департаменттегі заңбұзушылықтар туралы мәлімдегенін айтады. Сонымен қатар ҰҚК мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке де ресми түрде жүгінген.
– Бірақ менің барлық өтініштерім тек сол баяғы Комитетке, яғни заң бұзушылыққа қатысы бар құрылымға қайтарылып отыр. Бұл бір айналдырса, шыр айналдырған проблема болды, – дейді прокурор.
Бірінші факт
2022 жылдың қарашасында Жамбыл облысы бойынша департамент қызметкері пара алу үстінде ұсталып, Тараз қалалық соты арқылы сотталған. Бірақ департамент басшысы Секер Бүркітбаев ешқандай жауапкершілікке тартылмаған.
– Бұл қызметкер адамдарды «сотталғандығыңды өшірем» деп алдап, ақша алған. Бірақ басшылыққа шара қолданылмады, – дейді Қожабекова.
Екінші факт
2023 жылы Бүркітбаев заңсыз бұйрық шығарып, департаменттің бір қызметкерін жұмыстан шығарған. Бірақ 2024 жылдың сәуірінде Тараз қалалық соты бұл бұйрықты заңсыз деп танып, қызметкерді қайтадан жұмысқа қабылдатқан. Алайда басшылыққа бұл үшін де ешқандай шара қолданылмаған.
Үшінші факт
2024 жылы департаменттегі бірқатар қызметкерлер – орынбасар Калабаев Бақытжан мен аға прокурор Кенжебеков Бегзат – қылмыстық істерді тіркеу бойынша базасында заңсыз өзгертулер енгізгені үшін тәртіптік жаза алған. Бірақ Бүркітбаев тағы да жауапсыз қалды.
– Бұл фактіні мен өзім анықтадым. Ал тексеру жұмыстары менің бірнеше рет хат жазуымнан кейін ғана қозғалды, – дейді ол.
«Тексеру жүргізілмей жатып, қорытындысы алдын ала белгілі болды»
Прокурор 2025 жылғы 23 сәуір күні сағат 18:00-де eOtinish порталы арқылы Бас прокуратурадан ресми жауап алғанын айтады. Бірақ жауап Комитет төрағасының орынбасары Құсайыновтың қолымен берілген. Оның айтуынша, бұл – сол заңбұзушылықтар орын алған органның өзінен келген жауап.
– Бірақ дәл сол күні таңертең, 9:00 шамасында, әлеуметтік желіде «фактілер расталмады» деген жазба жарияланды. Сонда менің өтінішім қаралмай жатып, нәтиже алдын ала белгілі болған ба? Бұл – Бүркітбаев пен оның командасын ақтап алудың кезекті амалы, – дейді Қожабекова ашынып.
Оның пікірінше, бұл – Генпрокуратура тарапынан ешқандай шынайы тексеру жүргізілмегенінің айқын дәлелі.
«Бүркітбаев пен оның қолдаушыларын тексеруді талап етемін»
Қожабекова Бас прокуратура мен Антикордан мына тұлғаларға қатысты нақты шара қолдануды сұрайды: Секер Бүркітбаев, Каласпаев, Калабаев, Кенжебеков, Кенбаев және Измағамбетова.
– Егер бұл базалардағы өзгерістер қасақана және тегін емес жасалған болса, бұл – тәртіптік жаза емес, қылмыстық жауапкершілікпен қаралуы тиіс жағдай, – дейді ол.
Қожабекова сондай-ақ 2013–2023 жылдар аралығындағы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі жүйесіндегі мәліметтерге жасалған өзгерістердің заңдылығын тексеруді сұрайды. Оның айтуынша, бұл заңсыз түзетулер жүйелі түрде, жоспарлы түрде жасалған және олардың нақты уақыты, орындалған қолданушы туралы мәліметтер сақталып, прокуратура қызметкерлеріне қолжетімді.