Ақтөбелік зейнеткердің бүкіл зейнетақысы салық қарызын өтеу үшін ұсталған

Қаракөз Амантай 09 июн. 2025 15:30

Ақтөбеде зейнеткердің шотындағы зейнетақысы толық көлемде салық берешегін өтеуге ұсталып қалған. Бұл әрекетті заңсыз деп таныған сот мемлекеттік кірістер органдарына зейнеткерге артық алынған соманы қайтаруды міндеттеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жағдайдың жай-жапсары

Сот материалдарына сәйкес, ер азамат 2002 жылдан бері жеке кәсіппен айналысып келген. 2024 жылы зейнеткерлікке шығып, мемлекеттен берілетін зейнетақыны "Қазпоштадағы" шотына ала бастаған. Алайда кәсіпкердің салық органдарына 1 288 353 теңге берешегі анықталғаннан кейін, мемлекеттік кірістер органдары оның есепшотындағы шығыс операцияларын тоқтатып, сол қарызды толық көлемде – зейнетақысының бүкіл сомасынан өндіріп алған.

Заң бойынша азаматтың зейнетақысынан ең көбі 50 пайызы ғана ұсталу керек. Сондықтан зейнеткер бастапқыда мемлекеттік кірістер органдарына артық ұсталған соманың жартысын қайтаруды сұрап өтініш түсірген. Алайда өтініші қанағаттандырылмаған соң, ол сотқа жүгінуге мәжбүр болды.

Сот не деді?

Сот зейнеткердің конституциялық құқығы бұзылғанын атап өтіп, бұл жағдайды "заңға қайшы" деп бағалады.

"2024 жылдың қазан айынан бастап талапкердің банк шотына түсетін зейнетақысы толығымен салық қарызын өтеуге ұсталып келген. Бұл – Конституциямен кепілдік берілген зейнетақы алу құқығын шектеу, азаматтың заңды мүддесін бұзу болып саналады", – деп мәлімдеді сот.

Нәтижесінде сот мемлекеттік кірістер органдарына зейнеткердің шотынан "Қазпошта" арқылы артық ұсталған соманы кері қайтаруды міндеттеді.


Рекомендовать
Последние новости