"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қор басшылығының айлығы мен үстемақысы туралы қойылған сұраққа нақты жауап беруден бас тартты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ақорда дәлізінде тілшілер Жақыповтан топ-менеджменттің жоғары жалақысын сұрады.
"Бұл – философиялық сұрақ. Біз корпоративтік этика мен заң талаптарына бағына отырып әрекет етеміз. Жалақы мен бонустар жайлы ақпаратты жария етуге заңмен шектеу қойылған. Бұл дұрыс па, әлде бұрыс па – оны уақыт көрсетеді. Мүмкін, қолданыстағы құқықтық-нормативтік құжаттарды қайта қарап, өзгеріс енгізу керек шығар", – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін қаржыгер-маман Ілияс Исаев "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын тарату туралы мәселенің Мәжіліс қабырғасында көтерілуін кездейсоқтық емес екенін айтқан еді.
Оның айтуынша, бұл қорға реформалау сипатында былтырдан бастап "түрен" салынған. Ал биыл, 2025 жылы 27 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтіліген отырысында Мемлекет басшысы "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорын реформалау барысына көңілі толмайтынын жеткізген, сөйтіп ақпан айында бұл мәселені май-шаммен қарайтынын айтқан. Ал 21 ақпанда Президент Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайловты қабылдағанда "Самұрық-Қазына" мен бірқатар ұлттық компанияларларға аудиторлық тексеріс жүргізілетіні де белгілі болды.
"Меніңше, осы аудиторлық тексеріс жұмыстары әлі аяқталмай жатыр. Әрине, қордағы компаниялар, олардың еншілестері, тағы филиалдары, олармен серіктесе жұмыс істеген қаржы инстуттары деп тексеріп кете берсе, бұл - ұзаққа созылатын процесс. Ең бастысы, мемлекет ішіндегі мемлекет іспетті бұл қор экономиканы оңтайландыру емес, үлкен ақшаны ұрлау, соның ізін жасыру істерімен айналысатын сияқты. Әйтпесе, қор ішіндегі кейбір компаниялар кезінде жыл қорытындысы бойынша минусқа кетіп жатса да олардың менеджерлері бәрібір қырып бонустар алатын. Мұны қалай түсінуге болады? Бұған айран-асыр болып, мәселе көтергенімізбен осы күнге дейін оған жауап ала алған емеспіз. Әрине, бұл қордың таралғанын құптаймын", - дейді Ілияс Исаев өз кезегінде.
Қаржыгердің айтуынша, Президент аудит қорытындысын күтіп отырған болуы керек.
"Өткенде Мемлекет басшысы Қазақстан даму банкін қатты сынға алды.
Сол кезде "Самұрық-Қазынаны" да айтып қалады ма" деп күткен едік. Бірақ, бұл ретте ол кісі үнсіз қалды. Соған қарағанда, бәлкім аудит қорытындылары әлі шықпаған болар", - дейді маман.
Қаржыгердің пікірінше, шетелге тоқтамай, ағылып кетіп жатқан ақшаның артында осы "үлкен құс" тұрған секілді.
"Меніңше, осы "Самұрық-Қазына" қоры жоғалса, ескі Қазақстанның да дәуірі тәмамдалатын сияқты", - дейді Исаев.
Сөз соңында ол "Бәйтерек" холдингі "Самұрық-Қазынаның" "бөлесі" екенін еске сала отырып, соңғысын таратса, онда холдингпен байланысты қордаланған мәселені шешу онша ауыр болмайтынын айтады. Өйткені, салыстырмалы түрде аталған қорға қарағанда холдинг көлемі шағындау екен.