30 маусымнан бастап қазақстандықтар Ресейге тек саусақ іздерін тапсырып, фототүсірілімнен өткен соң ғана кіре алады. Осыған байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Біз де қосымша шараларды енгізу мәселесін қарастырып жатырмыз. Бұл мәселе бойынша мемлекеттік органдармен кеңесу қажет", – деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Айта кетейік, бұған дейін Ресей Қазақстанмен арадағы визасыз қатынасты күрт қиындатқанын жазған едік.
Енді жаңа тәртіпке сәйкес, 2025 жылдың 30 маусымынан бастап, қазақстандықтар Ресей аумағына кіру үшін алдын ала тіркеліп, арнайы QR-код алуы тиіс болады. Бұл өзгеріс Қазақстаннан бөлек, Әзербайжан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан секілді визасыз режим туралы келісім жасаған елдердің азаматтарына да қатысты.
Ресей үкіметі қабылдаған қаулы бойынша, қазақстандықтар енді Ресейге жоспарланған сапарынан кем дегенде 72 сағат бұрын арнайы қосымша арқылы тіркеуден өтіп, сапар мақсаты мен мерзімін, жеке деректерін, сондай-ақ фотосуреттерін ұсынуы қажет. Төтенше жағдайда (жақын туысының ауыр сырқаты немесе қайтыс болуы) бұл мерзім жолға шығарға дейінгі төрт сағат бұрын уақытқа дейін қысқартылады.
Жаңа тәртіпке сәйкес, тіркелу "Мемлекеттік қызметтер RuID" атты мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылмақ. Дегенмен ресейлік ақпарат құралдарының дерегінше, аталған қосымша әзірге дайын емес. Сарапшылардың пайымынша, бұл қосымшаның жұмысы тек маусым айының соңына қарай іске қосылады деп күтілуде.