ҚазМұнайГаз-дың қолдауымен Маңғыстау облысында үш тірек мектеп толық жабдықталды

Қаракөз Амантай 30 дек. 2024 15:00 1711

"Отпан" жобасы бойынша Маңғыстау облысында шалғай ауылдарда орналасқан тірек мектептерді дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ қолдауымен Таушық (Түпқараған ауданы), Жетібай (Қарақия ауданы) және Рахат (Жаңаөзен қаласы) ауылдарының мектептерінде 50-ден астам оқу кабинеті мен білім беру кеңістігі жаңартылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Негізгі пәндер бойынша кабинеттер, бастауыш сыныптары, технологиялық шеберханалар, сондай-ақ химия, физика және биология пәндеріне арналған цифрлы зертханалар жаңғыртылды.

Оған қоса, түрлі үйірмелерді жүргізуге жағдай жасалды. Үш тірек мектепте робот техникасы кабинеттері, STEM-зертханалар, арт және телестудиялар, сондай-ақ оқушыларға арналған демалыс орындары ашылды. Бұл мектептерде 3,5 мыңнан астам оқушы білім алады, ал ұжымда 380 педагог қызмет етеді.

Таушық, Жетібай және Рахат ауылдарындағы мектептерге жергілікті тұрғындар, мұнай-газ саласының ардагерлері мен ҚМГ өкілдері арнайы келді.

"ҚазМұнайГаз" "Отпан" жобасына белсенді қатысып, өңірдің шалғай ауылдарында білім беруді дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуде. Оқу орындарын жаңғырту оқушылардың заманауи технологиялар мен қосымша білім беру мүмкіндіктеріне қол жеткізуіне жол ашады. Жалпы, ҚМГ қызметін жүргізетін өңірлерде әлеуметтік жобаларды тұрақты негізде іске асырып келеді", — деп атап өтті "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Абайылданов.


Таушық ауылының тумасы, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының тұңғыш президенті Ләззат Қиыновтың ата-анасы осы мектепте мұғалім болып еңбек еткен. Ардагер мұнайшы өз кезегінде мұндай бастамалардың, әсіресе ауылдық жерлерде білім беру инфрақұрылымын дамытудың маңызын атап өтті.

"Білім — қоғам дамуының кепілі. "Отпан" жобасы арқылы ауыл балаларының оқу жағдайы қаншалықты жақсарып жатқанын көргеніме қуаныштымын. Мұндай бастамалар арқылы балаларымыздың жарқын болашағына жол ашатынымызға сенімдімін", — деді мұнай-газ саласының ардагері Л.Қиынов. 


Үкімет бастамасымен биыл сәуір айында бастау алған "Отпан" жобасы білім беру сапасын арттыруға бағытталған. Жобаға Маңғыстау облысының 50 мектебі қатысады, бұл мектептерде 60 мың оқушы оқып, 7 мың педагог жұмыс істейді. Жобаны Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры іске асырады. Қор 2019 жылдан бастап елімізде тірек мектептер желісін құрумен белсенді айналысады. Жоба аясында "Назарбаев зияткерлік мектептері" ДББҰ мен "Білім-инновация" ХҚҚ тәжірибесі негізінде мұғалімдерді оқыту және тәжірибе алмасу ұйымдастырылады, сондай-ақ мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылады.


Рекомендовать
Последние новости