Қазақстан мұнайына тосқауыл: мамырда экспорт неге төмендейді?

Көркем Алдабергенова 13 мая 2025 12:42 3924

Қазақстанның мұнай экспорты Каспий құбыр желісі консорциумы (КҚК) арқылы мамыр айында едәуір қысқаруы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz Reuters агенттігіне сілтеп.

Новороссийскідегі Ресейдің Қара теңіз порты арқылы жөнелтілетін CPC Blend маркалы шикі мұнай экспорты сәуірдегі тәулігіне 1,6 млн баррельден мамырда шамамен 1,5 млн баррельге дейін төмендейді деп күтілуде.

КҚК — Қазақстан мұнайының негізгі экспорт арнасы. Соңғы айларда бұл бағытта бірқатар кідірістер болды, ал оған әсер етуші басты фактор — геосаяси тұрақсыздық.

1 сәуірден бастап КҚК арқылы экспорт тәулігіне 1 млн баррельге дейін шектелді. Бұл нарықтан шамамен 700 мың баррельдің жоғалуына әкелді. Бұған себеп — 2024 жылғы желтоқсанда Керчь бұғазында орын алған мұнай төгілуінен кейінгі Ресей жүргізген тексерістерден соң Новороссийск терминалындағы үш айлақтың екеуінің жабылуы болды.

Кейін ресейлік сот бұл шектеулерді алып тастап, екі айлақтың жұмысына қайта рұқсат берді. Алайда үшінші айлақ әлі де жұмыс істемей тұр, бұл құбыр өткізу мүмкіндігін шектейді.

Ресей билігі кейбір инфрақұрылымдық ақауларды украин дрондарының шабуылымен байланыстырды. Атап айтқанда, «Кропоткинская» сорғы станциясы мен оған жақын мұнай қоймасына шабуыл жасалған. Сонымен қатар ВПУ-1 және ВПУ-2 айлақтарының жабылуы Ресей көлік саласын қадағалау агенттігінің қауіпсіздік тексерістерімен байланысты.

Қазақстан ОПЕК+ өндіріс квоталарын орындауда қиындықтарға тап болуда. Себебі мұнай өндіру көлемі келісілген шектерден асып кеткен. Бұл жағдайға Chevron басқаратын Теңіз кен орнындағы өндірістің артуы әсер еткен.

Туындаған қиындықтарға жауап ретінде және энергетика саласындағы әріптестікті әртараптандыру мақсатында Қазақстан жуырда БАӘ-мен жалпы құны 5 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойды. Бұл келісімдер жасыл энергетика, инфрақұрылым және цифрландыру салаларын қамтиды, деп хабарлады Astana Times басылымы.

Айта кетсек, 2025 жылдың 17 ақпанында Краснодар өлкесінің Кавказ ауданында орналасқан Кропоткинская мұнай айдау стансасы дрондар шабуылына ұшырады. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, алайда мұнай тасымалдау нысаны бүлініп, қолданыстан шығып қалды.

"18 ақпанда оқиға орнында КҚК басшылық тобы және консорциумның Батыс өңірінің өкілдері болып, территорияны шолып шықты. Мамандардың алдына қысқа мерзімде мердігерлермен бірлесіп, станцияның барлық қосалқы объектілерінің жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіру үшін жөндеу жұмыстарын жүргізу міндеті қойылды", - деп атап өтті консорциумдағылар.

Сондай-ақ "Транснефть" ЖАҚ Каспий құбыр консорциумының (КҚК) "Кропоткинская" мұнай айдау станциясына жасалған дрондар шабуылының салдарынан қанша шығын болатынын жариялады.

"КҚК мамандарының пікірінше, аталған соққының салдарынан болған ақауларды жоюға 1,5 айдан 2 айға дейін уақыт кетеді, бұл Қазақстанның мұнай айдау көлемінің шамамен 30%-ға төмендеуіне әкеліп соқтыруы мүмкін", - деп түсіндірді компаниядағылар.

Айта кетейік, КҚК Теңіз – Новороссийск бағыты бойынша мұнай тасымалдауды жалғастыруда. Жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау шарасы мұнайды айдау бойынша нақтыланған техникалық мүмкіндіктер бойынша жүзеге асырылады.

Каспий құбыры консорциумының Кубанның Кавказ ауданындағы "Кропоткинская" мұнай айдау стансасы РФ территориясында орналасқан ең ірі нысан болып табылады. КҚК құбыр желілері жүйесі - ТМД территориясындағы энергетикалық саладағы ірі жобалардың бірі. Теңіз-Новороссийск құбырының ұзындығы 1 511 шақырымды құрайды. Бұл бағыт барлық экспортқа бағытталатын мұнайдың үштен екісінен астамын қамтиды.  Мұнай саласының маманы Олжас Байділдиновтың нақтылауынша, бұл құбырмен айдалатын 63 млн тонна мұнайдың 53,8 млн тоннасы – қазақтікі, нақтырақ айтқанда, Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған мұнайы (бүкіл көлемнің  86%), сонымен қатар басқа да қазақстандық компаниялардың да шикізаты  бар. Сондықтан ол Қазақстан да бұл ретте ресми ұстанымын білдіріп, өз активін қорғау керектігін айтады. Ал алда да бұл құбырға шабуыл жасалып, ол бүлінетін болса, сарапшының айтуынша, ондай жағдайда Қазақстан мұнайының экспорты күрт қысқарып, өз кезегінде ол бюджет түсімдеріне, одан әрі теңге бағамына кері әсер етуі ықтимал.


Рекомендовать
Последние новости