Семейде үлескерлерді қолдау орталығы ашылды

Ақтоты Жапатова 13 мая 2025 14:01 463

Аймақ басшысы Берік Уәлидің тапсырмасымен Абай облысы әкімдігінің жанынан жұмыс тобы құрылып, үлескерлерді қолдау орталығы ашылды, деп хабарлайды Dalanews.kz

Құрамына құқық қорғау органдарының өкілдері кірген жұмыс тобы өңірде заң бұзушылықпен салынып, сонымен бірге азаматтардың қаржыларын тұрғын үй құрылысына заңсыз тартқан құрылыс компаниялары бойынша өз ұсыныстарын айтатын болады.

Семей қаласындағы Селевин көшесі 12 б мекенжайында орналасқан орталық үлескерлерге заңдық тұрғыдан көмек көрсетеді. Бұл туралы Абай облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайлау Байназаров мәлімдеді.

«Мұнда үлескерлер өздерінің келісімшарттарын әкеліп, тіркеуге болады. Ол тіркеу не үшін керек? Әрбір үлескердің мәселесін жеке-жеке қарастыру үшін қажет. Егер біздің қолымызда келісімшарттардың құжаттары болмаса, азаматтардың тұрғын үйге қаржысын салған-салмағанын дәлелдейтін фискалды түбіртектері болмаса қалай қарастырамыз? Тұрғындар келісімшарттарын орталыққа тіркеген кезде заңды тұрғыда қарай аламыз», - деді басқарма өкілі.

Басқарманың мәліметінше, 2022-2024 жылдары Семей қаласында ондаған көп қабатты үй рұқсатсыз салынған. Бұл тұрғын үйлерге қазіргі кезде 547 үлескердің өз қаржыларын салғаны анықталды.

Сайлау Байназаровтың айтуынша, үлескерлердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Бұл мәселені облыс әкімі жеке бақылауында ұстап отыр. Әкімдік пен басқарма өкілдері үлескерлермен жеке-жеке жұмыс жүргізіп, ашық диалог құруға дайын.


Рекомендовать
Последние новости