Алматыда тұрғын үй кешенінің ауласында 7 жасар бала көлік астына түсті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Оқиға 2025 жылдың 11 мамыры күні күндіз болған. Видеодан екі баланың аулада ойнап жүргенін көруге болады. Осы уақытта олардың бірі жолдың бойына қарай жүгіріп бара жатады. Дәл осы сәтте көлік жүргізушісі балаға қарай қатты жылдамдықпен келіп, оны қағып кетеді. Оқиға басқа балалардың көз алдында болды.
Үйдің терезесінен түсірілген басқа бір видеода оқиға орнына жүгіріп келген ересектердің балаға көмек көрсетуге тырысып жатқан сәті анық көрінеді.
Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің мәліметінше, Changan маркалы автокөліктің жүргізушісі Шұғыла ықшамауданындағы аула жолымен оңтүстік бағытта келе жатып, шығыс бағытта жолды кесіп өтпек болған баланы қағып кеткен.
Салдарынан бала дене жарақатын алып, ауруханаға жатқызылды. Мамандар оқыс оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.