Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында ауыл әкіміне қатысты басталған іс қоғамда қызу пікір тудырды. 13 мамыр күні Ақтөбе қалалық сотында Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округтің әкімі Ләззат Бердібаева әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған ата-аналық міндеттерін орындамады деген айып тағылды, деп хабарлайды Dalanews.kz "Мой Город" басылымына сілтеме жасап.
Бердібаева табиғат аясындағы демалыс кезінде гүлді оның 6 және 8 жастағы қыздары үзгенін айтты. Әкім сол сәтте дастархан жайып жатқанын, кейін олармен суретке түсіп, оны WhatsApp статусы ретінде жариялағанын түсіндірді. Сурет желіге таралған соң, қоғам тарапынан сынға ұшырап, іс сотқа дейін жеткен.
Полиция жасаған хаттамада Бердібаева балаларға гүлдің Қызыл кітапқа енгенін ескертпеді деп көрсетілген. Бірақ әкім керісінше, бұл жайында қыздарына түсінік бергенін айтты. Сонымен қатар ол отбасы табиғатта 21 емес, 19 сәуір күні болғанын дәлелдеп бақты.
Сотта белгілі болғандай, гүлдің нақты түріне байланысты сараптама жасалмаған. Яғни оның сирек кездесетін немесе жойылып бара жатқан өсімдіктер тізіміне кіретіні туралы ғылыми қорытынды жоқ. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілі Артур Кантарбаев бұл зерттеу тек ғылыми мекемелердің құзырында екенін айтты. Оның сөзінше, Мүгалжар өңіріндегі қызғалдақ түрлері нақты анықталмаған.
Бердібаева сотта 18 жылдан бері мемлекеттік қызметте еңбек етіп келе жатқанын, заң бұзбағанын, ал әлеуметтік желідегі сын-пікірлер психологиялық қысым көрсеткенін және оның денсаулығына әсер еткенін жеткізді. Сонымен қатар ауыл тұрғындары мен ақсақалдар кеңесінің оң пікір жазылған хаттарын сотқа ұсынды.
Барлық уәждерді тыңдағаннан кейін судья істі қарауды 15 мамырға қалдырды.