Белгілі журналист, қаламгер Жадыра Шамұратова қоғамдағы ауыр әлеуметтік тақырыптардың біріне қалам тербеп, жастар арасында жиілеп кеткен суицид мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, соңғы уақытта жастардың кенет қайтыс болуы біздің рухани-әлеуметтік жағдайымыздың ауыр көрінісі ғана емес, ұлт болып ойланатын өзекті мәселеге айналып отыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Алақандай ауылда арасына 2-3 күн салып екі суицид болды. Өте ауыр. Естігелі ой әкете береді. Оқуын жап-жақсы оқып жүрген жап-жас жігіттерді бұған не итермелегені жұмбақ. Егер адам мас болса, психикалық ауытқуы болса, ұзақ уақыт депрессия жағдайында болса, бәлкім, сол әсер етті деп болжар еді... бірақ кеше ғана қатарымен күліп-ойнап жүрген сүлімдей жігіттер бүгін жоқ, әке-шешесі есеңгіреп қалғасын ол болжам не береді?" - деді автор.
Оның айтуынша, бұған бірнеше себеп болуы мүмкін. Біріншіден, қаржылық қиындықтар, қарыздар мен букмекерлік ойындардың қысымы жастарды тығырыққа тірейді.
"18 жасқа толған кез келген азаматқа несие беруді тоқтатуға заң шығару керек. Құқықтық тұрғыда ересек болғанмен, рухани тұрғыда әлі жетілмеген жастар ойланбай бір қиындықтан шығамын деп екіншісіне ұрынады. Жасы 23-ке толған жастардың өзіне несие алуға ата-анасының рұқсаты болуы керек", – деген ой айтады ол.
Екіншіден, әлеуметтік желілердегі жалған идеалдар мен жалтырақ өмір образдары да жас буынға ауыр тиіп отыр. Жас адамдардың көпшілігі өзін басқалардан кем санап, өмірге құштарлығын жоғалтып, күйзеліске түседі.
Үшіншіден, қоғамда эмоциялық сауаттың төмендігі, ішкі сезімді ашық айтпау, "шыда, үндеме, ел не дейді?" деген шектеулердің салдары өте ауыр. Автор бұл туралы былай дейді:
"Айтпаймыз. Ішімізді ашпаймыз. Тыңдамаймыз. Жанына үңілуге тырыспаймыз. Өйткені біз эмоцияға сауатсыз қоғамбыз. Біздің көбіміздің баламыз жайлы мағлұматымыз – "Оқып жүр ме? Тамақ ішті ме? Ақшасы бар ма?" болды, сонымен шектеледі. Баланың жан дүниесінде не бар, неге оңашалана береді, неге ой үстінде, ішінде әлдебір күйзеліс жоқ па, не ойлайды, ол жайлы сөйлесуге уақыт таппай қаламыз. Жылы сөз… оны қимағаннан емес, соны айтуға, қабылдауға дағдыланбағаннан. Біздің өзіміз "сезіміңді айтпа, қатты бол, үндеме, шыда, намысыңа тиеді, ел не дейді?" деген сөзбен өскендерміз ғой", - деді ол.
Жадыра Шамұратова жастардың осындай жағдайға ұшырауының тағы бір себебін ішкі эмоционалды иммунитеттің әлсіздігінен деп санайды. Жас адамдар алғашқы сәтсіздік, махаббаттағы түңілу, ата-ананың қысымы немесе болашақ алдындағы белгісіздік секілді мәселелерді көтере алмай, тығырыққа тіреледі.
"Бір өзі ғана білетін қиын жағдайға ұшыраған, кім қалай қабылдайды деп айтуға батылы жетпей ішкі қайғысымен арпалысып жүріп те өмірдің талай соқпағынан өткен қаншама адамдар бар, олар үнсіз жүріп өмірді таныған, даналыққа жеткен болуы мүмкін. Бірақ, үлкен адамдардың бәрі шыңдалған, қайралған деуге болмайды, сана шаршап, ішкі тегершігі істен шығып кететін кезі де болады. Өмір оңай емес. Ал жас адамдар ше? Оларда ішкі ауырлыққа қарсы тұрар эмоционалды иммунитет толық қалыптаспағаннан алғашқы сәтсіз махаббат, ата-ананың қысымы, оқу мен болашақ алдындағы белгісіздік – бәрі шексіз үлкен проблема сияқты көрінеді. Олар өмірдің өзгермелі екенін әлі өз тәжірибесімен сезініп үлгермегеннен көп жағдайда: «ешкім мені түсінбейді», «мен керексізбін, артықпын», «мен болмасам да ештеңе өзгермейді» деген ойларға түседі. Бұл – олардың ішкі жалғыздықпен күресу жолын білмегендігінен. Көп нәрсеге кеңірек қарай алмайды. Сәл нәрседен басқа ой туындатып, мысалы, қаржылық тығырыққа тірелсе де, ата-анасы салқын қабақ болса да, оны ешкім түсінбейтіндей болса да, соның бәрін ауыр алады, жоқ жерден қайғы ойлап табуы мүмкін. Осыдан бірдеңе дұрыс болмаса да, «Мен жақсы бола алмадым, ата-анамның үмітін ақтамадым, демек, мен жарамсызбын» деген ішкі үкім шығаруы да мүмкін. Жанындағылардың суықтығы, немқұрайлылығы бұл ойды күшейте береді", – дейді Жадыра Шамұратова.
Автор әлемдік тәжірибеден де мысал келтіріп, Жапонияда адамдардың көбіне метрода өмірін қиятынын айтады. Бұл ол ел үшін қалыпты көрініске айналған, бірақ біздің қоғам мұндай қайғылы құбылысқа үйреніп кетпеуі керек екенін ескертті.
"Жапонияда адамдар суицид жасауға көбіне метроны таңдайды екен. Метроны он бес минут тоқтатып қойып, мүрдені алып тастап, орнын тазалап, сосын қайтадан жұмысын жалғастырады. Бұл күнделікті қайталанатын жағдай көрінеді. «Солардың кесірінен ылғи сабақтан кешігіп қаламын», - дейтін көрінеді жапон қыз. «Акико адамның өлгеніне емес, сабақтан кешігетініне өкінетін сияқты» деп таңғалады Мейірхан. Ести-ести, көре-көре үйреншікті болып кеткен ғой шамасы. Ал біз бұндайға үйренбеуіміз керек. Бізде де жыл сайын төрт мыңның үстінде адам суицид жасайды, бұл статистика азғантай халық үшін тым көп. Біз 126 млндай халқы бар Жапония емеспіз ғой. Әр қазақтың орны бар", - дейді журналист.
Жадыра Шамұратова сөз соңында перзентінен айырылған ата-аналардың жан күйзелісін сипаттап, қоғамда суицид құрбандарымен жұмыс істейтін арнайы мамандардың жоқтығын айтады.
"Айдың, күннің аманында перзентін жоғалтып, басына қайғы түскен адамдарды жұбату да қиын. Жақсы адамдардың зар еңірегенін көруден ауыр не бар? Бізде осындай жағдайға ұшырағандармен жұмыс істейтін арнайы маман да жоқ. Уақыты келгенде өз ішінен күш тауып не айнала жұртшылықтың демеуімен ес жинауы мүмкін (қазақтың қайырымы, әлдеқалай ауырлық түссе бөлісе алатын көңіл жомарттығы өзіне көмек). Бірақ бәрібір де баланың қайғысы қиын, артында ешқашан орны бітпейтін бос қуыс қалды. Ол вакуумды ата-анасы, бауыры өмірбақи сезінуі, "неге өйтті, неге сақтай алмадық" деген өкініш өмір бойы болуы мүмкін. Перзентті жоғалту бүкіл өмір желісінің үзілуі сияқты ғой. Сабыр берсін дейік енді..., – деп түйіндейді.