Бөліп төлеу қазақ халқының жаңа жауы деп танылды

Ақтоты Жапатова 24 нояб. 2025 10:48

Енді мемлекет жаңа жылдан кейін барлық тетіктері арқылы бөліп төлеумен күреспек. Үкіметтің ойынша, бөліп төлеудің қазақстандықтардың қарызға батуы мен инфляциядағы әсері зор. Сондықтан бұл нарықта өте қатаң тәртіп орнатылатын болады, деп хабарлайды Dalanews.kz

«Мемлекет бұл мәселе туралы негізі көптен бері ойланып жүрген. Өткен аптада Халықаралық валюта қоры еліміздегі арнайы миссиясын аяқтап, өзінің қорытынды ұсыныстарын берді. Халықаралық валюта қоры бізде біраз уақыт болып, еліміздің экономикалық жағдайын тексеріп, аудит жасаған болатын. Қорытынды есепте біздегі халыққа арналған кредиттік, қарыз нарығын қатаңдату туралы ұсыныстар бар. Халықаралық сарапшылар мен біздің қаржы билігінің ойлары бір жерден шыққандықтан, енді ештеңеге қарамай халыққа берілетін қарыз нарығын толық қысуға саяси шешім қабылданып отыр», - дейді DALA INSIDE дереккөзі.

Негізі, бөліп төлеумен күрес биылдан басталып кеткен. Қазан айынан бастап Сауда және интеграция министрлігі әзірлеген жаңа ережелер күшіне енді. Егер бөліп төлеу сатушының өз қаражаты есебінен ұсынылса, баға жапсырмаларында бірден төлеу бағасы және бөліп төлеу бағасы бөлек көрсетілуі тиіс. Бұл сатып алушыға тауардың нақты құнын және бөліп төлеу мүмкіндігі үшін қанша шығындалатынын анық түсінуге мүмкіндік береді. Ал егер тауарлар банктермен синхрондалған маркетплейстер арқылы сатылса, онда бөліп төлеуді сатушы емес, банк өзінің қарыз қаражаты есебінен, банк пен сатып алушы арасындағы несие шарты негізінде береді. Осылайша, жаңа ережелер тек сатушының өзі ұсынатын бөліп төлеулерге қатысты және маркетплейстер арқылы рәсімделетін банктік рассрочкаға қолданылмайды.

Мемлекет мұнымен тоқтамады. Енді сатушылар тауарды немесе қызметті өз қаражаты есебінен бөліп төлеуге ұсынған жағдайда, бұл ақпаратты кредиттік бюроларға беруге міндетті болады. Рассрочка кредитпен теңестіріледі. Кредиттік бюрода халықтың тек кредиті емес, рассрочкасы туралы да ақпарат болады. Демек, бөліп төлеуі бар азаматтардың жаңа несие алуы қиындай түспек.

«2026 жылы кредит те, рассрочка да азаюы тиіс. Үкімет қарызы бар адамдар саны қысқарып, импорттық тауардың сатылуы құлдырап, содан инфляцияның төмендеуін көздеп отыр. Бізде импорт қысқарса, ол теңге бағамына да жағымды болады», - дейді дереккөз.

Дәл қазір шамамен 5 миллион отандасымызда рассрочка бар. Кредит нарығы расымен қызып кеткен. 574 мың адамның басында 90 күннен астам төлемеген кем дегенде бір проблемалық кредиті бар. Ал қанша рассрочканың проблемалық екені олар бұған дейін кредиттік досьеге ілінбегендіктен белгісіз болып келді. Енді осының барлығы тәртіпке келтірілмек.


Рекомендовать
Последние новости