2025 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 846,5 мың отбасы қамтылған. Оларға жалпы сомасы 501,8 млрд теңге мөлшерінде төленді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Көпбалалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді және 2025 жылы мына мөлшерде:
- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 15 728 теңге мөлшерінде төленді.
Наградталған анаға берілетін жәрдемақы ай сайын мына мөлшерде төленеді:
- "Күміс алқамен" наградталған аналарға – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
- "Алтын алқамен" наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған аналарға – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.
