Қазақстанның ең табысты өңірлері – Алматы, Астана, Атырау облысы

Кәмшат Тілеухан 11 нояб. 2024 10:25 935

Елімізде шағын, орта және ірі кәсіпкерлік өкілдерінің саны және олардың табысы бойынша, әдеттегідей, Алматы қаласы бірінші орында тұр. Ал Ұлытау облысының орта және ірі кәсіпорындары биыл 914 млрд теңге мөлшерінде шығынға ұшыраған. Бұл туралы сарапшы Бақберген Тоқтасынның Қазақстан экономикасының негізгі салаларына жасаған талдауында айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) деректері бойынша, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында экономиканың нақты өсімі 3,2%-ды құрады. Тауар өндіру секторы 3,5%-ға, ал қызмет көрсету секторы 3,4%-ға өсті.

Ішкі жалпы өнім өсімі құрамында мына салалардың үлесі басым: сауда (16,0%), тау-кен өндірісі (14,0%), өңдеу өнеркәсібі (12,4%), жылжымайтын мүлікпен байланысты операциялар (8,4%) және құрылыс (5,1%).

ҰСБ мәліметінше, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елімізде жұмыс істеп жатқан заңды тұлғалар саны - 419 999. (2024 жылғы 1 жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 421 205). Бұл ретте заңды тұлғалар орташа жылдық жұмысшы санына қарай шағын, орта және ірі кәсіпорындар болып бөлінеді. Мәселен, заңды тұлғалардың жалпы санының 97,9%- шағын кәсіпкерлікке, 1,6%-ы орта кәсіпкерлікке және 0,6%-ы ірі кәсіпкерлікке тиесілі.

"2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, еліміздегі кәсіпорындар өнімді сату және қызмет көрсету арқылы 42,7 трлн теңге көлемінде табыс тапқан, салық салымы шегерілмеген жағдайдағы пайдасы 8,2 трлн теңгені құрайды. Осылайша, Алматы (пайданың жалпы көлемінің 31%), Астана (21,8%), Атырау облысы (18,6%), Маңғыстау облысы (6,6%) және Түркістан облысы (6,1%) әлдеқайда жақсы табысқа кеңелген.  Ал шығынға ұшырағаны - Ұлытау облысы. Бұл өңірдегі орта және ірі кәсіпорындар 914 млрд теңге мөлшерінде шығынға батқан, ал шағын кәсіпорындар, керісінше, 12,1 млрд теңге мөлшерінде пайда тауыпты",делінген сарапшының Economy.kz сайтында жарияланған мақаласында.

Егер ең табысты салаларды алып қарастыратын болсақ, оған сауда-саттық (жалпы табыстың 26,8%-ы), тау-кен өндірісі (23,1%), құрылыс (13,8%), қаржылық қызметтер (11,2%) және көлік-логистика (7,1%) жатады.

Осылайша, ЖІӨ-нің өсімі негізгі салалардың біртіндеп қалпына келе жатқанын әрі нығаюда екенін байқатады.

"Сауда және өңдеу өнеркәсібі секторларының айтарлықтай үлесі ерекше назар аударуды қажет етеді, себебі бұл экономиканы әртараптандыру мен шикізаттық емес секторды қолдауда белгілі бір нәтиже барын көрсетеді. 2000 жылдан 2023 жыл аралығында заңды тұлғалар санының орташа жылдық өсімі 6,2% құрады. Жекелеген аймақтардағы кішігірім қиындықтарға қарамастан, басқа салалардағы оң динамика бизнестің әртүрлі экономикалық жағдайларға бейімделу және өсу қабілетін байқатады. Осылайша Қазақстан өз экономикасын одан әрі нығайтуға сенімді түрде бет бұруда. Сонымен қатар, мемлекеттің ұлттық экономиканың өсімі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге қосып жатқан үлесі айтарлықтай. Мәселен, бүгіндері шағын, орта және ірі бизнесті нарықтық жағдайдан төмен шарттар бойынша белсенді түрде несиелендіруші мемлекеттік қолдау шаралары көптеп қолға алынып жатыр. Бұл бизнеске өндіріп жатқан өнімнің өзіндік құнының төмендеуіне айтарлықтай мүмкіндік береді", - дейді Бақберген Тоқтасын.

Айта кетсек, бұған дейін Қазақстан ірі-қара мал терісін Қытайға экспорттауға мүмкіндік алғанын жазғанбыз. Нақтырақ айтсақ, 2024 жылы қараша айының басында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы арасында Қазақстаннан ҚХР-ға экспортталатын ірі қара малдың терісіне инспекциялық, карантиндік және ветеринариялық-санитариялық талаптар туралы хаттамаға қол қойылды. Бұл хаттамаға қол жеткізу үшін қос тарап, әсіресе Қазақстан үш жыл тер төкккен. Шаруа қожалықтары үшін бұл - жағымды жаңалық.


Рекомендовать
Последние новости