Қазақстандықтардың қандастарға жағдай жасауы міндетті ме?

Dalanews 27 нояб. 2023 05:16 1381

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанына биыл 32 жыл болды. Осы уақыт ішінде мемлекетте көптеген өзгерістер мен толқулар орын алды. Олардың ішінде халқымыздың саны 19 миллионнан асты, халықтың құрамы мен діни ұстанымы көп қырлы болды, мемлекеттік саясат жаңа бағытын тауып, көп векторлы болып, халықтың әлеуметтік жағдайы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырмалы түрде жақсарды деп айта аламыз.

Осындай өзгерістермен қатар, мемлекетімізде барлық әлем елдеріндегідей экономикалық дағдарыс, көрші мемлекеттерде болып жатқан жағдайлардың елімізге әсері, мемлекеттің ішінде болған әртүрлі реформалар мен халықтың жағдайын жақсарту мен ұлттық бірегейлікті жақсарту бойынша да мәселелер орын алған болатын. Ал бұл мақалада мен ұлттық бірегейліктің қазіргі кездегі қазақстандықтар мен репатрианттар арасындағы көрінісін сипаттағым келеді, себебі қазіргі кезде бұл мәселе мемлекеттің ішінде өзектілігін көрсетуде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 18 қарашасында былай деген болатын: «1991 жылдың 18 қарашасында Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша ҚазКСР Үкіметінде шет елде жүрген этникалық отандастарымызды тарихи отандарына көшіру тәртібі туралы қаулысы қабылданды. 1991 жылдан бастап Қазақстанға 1 миллионнан астам этникалық қазақтар қоныстанған болатын». Аталған бастама бойынша содан бері елімізге этникалық қазақтардың оралуы басталып, мемлекеттегі ұлттық, этникалық құрамымыз өзгерген болатын. Аталған бағдарламаны жүзеге асырудың өзіндік себептері бар, ол мемлекеттегі халықтың этникалық құрамын өзгерту арқылы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұндай шараны жасау кезінде тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттің ішінде қазақтардың Қазақстандағы санының аз болуы, еліміздің солтүстік, орталық, шығыс аймақтары және Алматы қаласында қазақтардың саны азшылық топты құрағандығы негіз болған болатын.

Сондай-ақ, 1991 жылдары енді ғана тәуелсіздігін алған мемлекеттердің шекаралық аймақтары да әлі толықтай белгіленбей тұрды, сол аймақтарда тұрған кіші этникалық топтар да мемлекеттердің шекаралық иелігіне де қауіп төндірген болатын. Аталған қауіптерді ескере отырып сол кездегі басшылық мемлекетімізге этникалық қазақтарды қайтару арқылы мәселені шешіп, олардың отандарына оралуы жергілікті халықпен мәселенің болатындығын білседе, оларды өздерінің тарихи отандарына қайтарған болатын.

Шет елде жүрген этникалық қазақтарды отанымызға қоныстандыру кезінде «оралман» деген сөздің өзін өзгерткен ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев болатын. Ол 2019 жылы елімізге келген репатрианттарды оралмандар деп емес, оларды атауда «қандас» деген терминды қолдануды ұсынған болатын. Шынымен де, бұл терминның айтылуы мен қолданылуында өзіндік жылуы бар сияқты, себебі қандас деген кездегі «қан» мен «қандас» бір қанды туыстар немесе руластар, тайпаластар деген сөзге жақын болып тұр.

1991-2023 жылдары аралығында Қазақстанға 1 113 196 қандас қоныс аударған болатын. Оның ішінде Өзбекстаннан келгендер 560 483, ҚХР 358 673, Түрікменстаннан 76 859, Моңғолиядан 57 335, Ираннан 8 865, Ауғанстаннан 13 451, Ресейден 17 241 адам келген болатын. Otandastar Qory-ның қандастардың елімізде орналасу картасының деректеріне жүгінетін болсақ, қазіргі кезде Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан облыстары мен Шығыс-Қазақстан аймақтарында орналасқан, ал ең көбі бұрынғы Алматы облысы аймақтары мен Алматы қаласында шаңырақтарын тіккен екен. Бұл деректерге жүгіне отырып-ақ, әлі де болса еліміздің солтүстік аймақтарының, батыс-солтүстік аймақтарында халықтың орналасуында теңдік жоқтығын, кейбір аймақтарда халықтың тығыз орналасуы көптеген әлеуметтік, әлеуметтік-экономикалық қиындықтар мен сол аймақтарда экологиялық ахуалдың нашарлауына алып келіп жатқандығын көре аламыз.

Қандастармен қандай мәселелер бар?

Менің ойымша осыған дейінгі кездерде БАҚ ақпараттарында қандастарда қазақстанға келу кездерінде туындаған мәселелері туралы, оларға қандай көмектер керектігі, олардың жергілікті халықпен бірегейленуі туралы көптеген мақалалар жазылып, мәселелер көтерілген болатын. Дегенімен, бұл мақалада қандастардың келуінің біздің еліміздің дамуына әсері мен жергілікті ұлттың жағдайын қандастардың жағдайларын жасағандай етіп бірдей қарастыру туралы айтатын боламыз. Мәселеде, не себепті қандастарға жергілікті халыққа қарағанда әлеуметтік көмектердің көбірек жасалынатындығы және қандастардың мемлекеттің дамуында атқаратын қызметтері мен рөлдері туралы айтылады.

Қандастардың тарихи отандарына қоныстандыру туралы қазақстандықтардың пікірлері үш қырлы, бірі олардың келуін қолдап жатса, екіншісі бейтарап, үшіншілері олардың келуіне қарсы пікірлерін білдіруде.

Енді мәселені қарастырсақ, қандастардың қазақстанға оралуларының алғашқыдағы басты себебі ол этностық құрамды өзгерту, еліміздің шалғай аймақтарын нығайту болып табылатын. Қазіргі кезде қандастар ішкі миграциялық үрдістерге қатысып, экономикалық жағдайды да өзгертуде. Ал бұндай үрдіс кезінде миграцияға түскен адамдардың білім сапасының, біліктілігінің экономикалық жағдайға әсерін қарастыру керек. Мысалы, АҚШ әлемнің түкпір-түкпірінен өзіне зияткерлерді, сарапшылар қауымын тартуда. Бұндай таланттар Силикон алқабына, Бостон технопарктерінде, АҚШ-тың дамуына әсер ететін барлық салаларда қызмет етіп, мемлекеттің дамуына ықпал етуде. Қазіргі кезде Батыс Европа елдері де АҚШ-тың тәжірибесін қолданып, барлық әлемнен зияткерлерді өзінің дамуында қолдануда. Ал Қазақстанға көп жағдайда ауылшаруашылығы бойынша жұмыс істейтіндер келіп, керісінше мемлекетті дамытатын инженерлер, дәрігерлер, ғалымдар, IT- саласының қызметкерлері кетуде. Қазіргі кезде, Қазақстаннан оның дамуына тікелей әсер ете алатын зиялы, интеллектуалды қауымның өкілдері мен жастары кетуде. Осылайша, Қазақстан миграциялық үрдіс кезінде интеллектуалдық жағынан теңсіздік орнауда. Мысалы, жоғарыда мен елімізге миллионнан астам қандасымыз келді деп айттым, ал қазір бұны елімізден миллионға жуық интеллектуалды қауымның кетіп жатқандығымен байланыстырғым келеді. Сондай-ақ, бұл мәселені қарастыру кезінде қандастардың балалары мен қазақстандықтардың оқу кезінде болатын теңсіздіктерді теңестіру керек, яғни жергілікті қазақстандық пен қандастың білім алу кезінде берілетін мүмкіндіктер тең болуы міндетті.

Қазақстандықтар арасында қандастарымыз нағыз қазақтар деген мәселе де шығуда, бұл жерде нағыз қазақ ол барлығымыз, ал осылай қазақстардың ішінде мынау «нағыз қазақ», ал мынау «қандас қазақ», мынау «шала қазақ» деген бөлінулер де бар. Бұның барлығы ертең осындай керемет мемлекетіміздің жойылуына алып келуі мүмкін. Осыны барлық қазақстандықтар білуі керек. Отыз жылдан астам тәуелсіз мемлекет ретіндегі тарихымызда мемлекеттің ішінде ұлтқа бөліну иісі әлі де бар, дегенімен бұндай бөлінушілік ойды жою керек.

БАҚ-да қандастарымыз өздерінің жағдайларын айтып, олардың әлеуметтік ахуалдарын жақсартуды сұрап жатады. Дегенімен, осы жерде де әрбір әлеуметтік жәрдемақы мен қандастарымыздың жағдайын жақсарту үшін қарапайым жұмысшы қазақстандықтардың салық төлеуінен алатындығын естеріне алуы керек.

Қазақстанда қандастарды қолдайтындар былай деуі мүмкін: «қазақтар өздерінің бауырларына қамқор болуы керек» деп. Дегенімен, бұл сөз де пікірталас туындатуы мүмкін. Мысалы, елімізде халықтың жағдайы өздерінің қажеттіліктерін қанағаттандыруға да жетер-жетпес болып жатыр. Сонда, кен орындарында тер төгіп жұмыс істеп жатқандар, мұнай қазбалап жүрген жұмысшылар, ғалымдар, қағазбастылықтан қиналған оқытушылар мен мұғалімдер, таңғы суықта көше тазалап жүрген жұмысшылар, науқастардың мұңын емдеп жүрген дәрігерлер, көп балалы отбасыны асырап жүрген ата-аналар, қазақстанда ресми түрде жұмыс істейтін барлық жұмысшылар, олардың барлығы қандастарымызды асырау үшін қиналып жұмыс істеуде ме? Осылардың ішінде кімдер қандастарға қамқорлық жасауы керек? Менің ойымша, қазақстандықтардың жағдайын жасайтын, оларға қамқор болатын олар өздері және еңбектері. Сондықтан осы жерде мына тәжірибені еске алу керек, Америка мен Батыс Европаға, Англияға, Кореяларға, Қытайға, т.б. елдерге жұмыс істеуге кеткен еңбекке қабілетті мигранттар тек бір нәрсені сұрайды, ол заңды статус және олардың еңбек етіп, өздерінің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін еңбек етуге кедергі келтірмеуді ғана сұрайды, осыны бізде ұстануымыз керек.

Аталған мәселелердің барлығы өзекті, оның барлығы еліміздің дамуына, халықтың жағдайының жақсаруына қатысты айтылған. Мақаланы қорытындылай келе айтқым келетіні, не себепті Қазақстан өзінің даму жолында «Әділетті Қазақстанды» құратын, оның жаңа экономикалық даму бағдарында аянбай еңбек ете алатын, мемлекеттің дамуына үлес қосатын интеллектуалдарды мемлекетке шақырмайды? Біздің мемлекет өзінің дамуына пайдалы болатын адамдарға қолдау жасауы керек. Мысалы қандастарды отандарына қайтару кезінде олардың шыққан тамыры қазақ болса болды, соның барлығы Қазақстанға қайтарылған болатын. Дегенімен, осы кезде мемлекеттің дамуына ықпал ететін, қазақи мәдениетке махаббаты бар тарихи отаны Қазақстан болған азаматтарды отандарына қайтару керек еді деген ойдамын. Қазақстан ол тек қана қазақтардан тұрмайды, ол көп этносты, көп конфессиялы мемлекет, сол себепті аталған бағдарлама бұны да ескеруі керек еді деген ойдамын.

Қазақстан ол барлығымыздың ортақ мекеніміз, ортақ анамыз, ортақ жеріміз, ортақ болашағымыз. Мемлекет көптеген сындарлы өзгерістерден өтті, жаңа бағдарын қалыптастырды, енді халықтың да санасының бірлікке бұрылуы керек. Қазақстандықтар өздерінің болашақтарын құру кезінде еңбек етуі керек, осы жолда адами құндылықтарды кемелдендіріп, бірлік пен татулықты ескеріп, мемлекетіміздің дамуына тер төгіп, өздерінің осы жолдағы әрекеттері арқылы мемлекеттің абыройы мен бейнесіне кір келтірмеуі тиіс деймін.

Берік Ахмет, саясаттанушы


Рекомендовать
Последние новости