Туризмді дамытуда Түркістан топ бастады

Dalanews 27 нояб. 2023 05:15 1438

Түркістан облысы біркүндік келушілер арасында ТОП-3 бағытқа кіреді. Одан бөлек сауалнама нәтижелері тағы да қайтып келгісі келетін ТОП-5 бағыттың қатарына енгенін көрсетті. 2022 жылғы статистикаға сәйкес, ел ішінде ең көп саяхаттайтын аймақ ретінде Түркістан өңірі көш бастап, Алматы облысы мен Астана қаласын артта қалдырған. Бұл туралы бүгін TIF’2023 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумы аясында өткен салалық сессияда айтылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Туризм индустриясын дамыту жөніндегі панельдік сессияға алыс-жақын шетелден келген спикерлер баяндама жасап, талдауларын ұсынды. Саладағы тәжірибелі тұлғалар мен сарапшылар Қазақстандағы туризмді жан-жақты ілгерілету тәсілдерін талқылады.

Сессияның модерторы әрі спикері DARS Consulting (Ұлыбритания) компаниясының директоры, Еуразиядағы BBC Global News коммерциялық өкілдігінің басшысы Сергей Становкин «Аймақтың туристік бренді» тақырыбында сөз қозғады.

Контент пен коммуникацияның сапасы, әлеуметтік желімен жұмыс, жарнама жасау бойынша анализ жасалған презентациясын таныстырды.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев өңірдің ерекшеліктеріне тоқталып, жоспарлармен бөлісті.

– Түркі халықтарының мәдени және рухани мекені, тарихтан келешекке бағыт алған Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Қазақ хандығының 200 жылдай астанасы болған Түркістанның тарихы 1500 жылдан астам уақытты қамтиды. Ал өңір экономикасындағы басым бағыттың бірі туризм саласы болып айқындалған. 2021 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII бейресми саммитінде тараптар Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы деп атау туралы декларацияға қол қойды. Бұл құжат – Түркістанның рухани-мәдени бағытта дамуына оң серпін беріп келеді.

Биыл Түркі мемлекеттері ұйымының кеңесуімен Түркістан қаласы – 2024 жылы Түркі мемлекеттерінің туристік астанасы атанды. Бүгінгі мемлекеттік ұйымдардың, туристік қауымдастық өкілдерін, әлеуетті инвесторларды басын біріктірген туризм бағытындағы жоғары деңгейдегі кездесулер мен келісімдер Түркістанға тың серпін береді. Жаңа Түркістан туризм орталығына айналады деп сенемін, – деді Бейсен Дәулетұлы.

«Kazakh Tourism» ҰҚ Басқарушы директоры Даниел Сержанұлы «Туризмдегі коммуникация» тақырыбында пікір білдірді.

Ол саланың қуатты және әлсіз жақтарын талдау, мақсатты нарықтардың қолжетімділігі, Орталық Азиядағы тренд, туристік ағындардың алмасуы, әлемдегі жоғары бәсекелестік, елдер арасындағы логистиканың төмендігі, бірыңғай саясаттың болмауы туралы айтты.

Спикердің айтуынша киелі Түркістан өлкесінің танымалдылығы – Ұлы Жібек жолы турмаршруты негізінде артып келеді. Бұл тұста әлемдік тәжірибені бейімдеу, туристерді қабылдау жүйесін құру, бірыңғай навигация жүйесі, турмаршрут сертификаты, цифрландыру мен геймификация қызметтерін қолға алу қажет.

Сессия барысында YDA Group бас директоры және директорлар кеңесінің мүшесі Ахмет Хамди Гювенч, Халықаралық туризм және меймандостық университеті Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Қарлығаш Аралбекова, кәсіпкер әрі инфлюенсер Омар Сабина, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, «Freedom Finance Global» талдаушысы, салалық зерттеулердің авторы Аңсар Әбуев, «Silk Road» жобасының жетекшісі Айнаш Ерімбетова туристік нарықтың зерттелуі, инфрақұрылым, көлік қатынасы, оқиғалық туризм, қазіргі сын қатерлер мен мүмкіндіктер, кадрлар даярлау жайында пікірлерін ортаға салды. Сессия спикерлер мен қатысушылар арасындағы талқылаумен қорытындыланды.

Рекомендовать
Последние новости