Қазақстандағы көлік нарығына қатысты кезекті даулы дерек жария болды

Көркем Алдабергенова 20 янв. 2025 17:30 4184

Қазақстандағы көлік нарығына қатысты кезекті даулы дерек жария болды. Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) ел бюджетінен 71 млрд теңгеден астам кіріс түсімін жоғалтуға әкелуі ықтимал «көлеңкелі импорт» жайын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz "Фонд-бюро расследования коррупции" телеграм арнасына сілтеп. 

Қазақстандық медиалардың хабарлауынша, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған құжатында 2021-2023 жылдар аралығындағы тауар импортының күрт өскеніне назар аударған. Атап айтқанда, жеке тұлғалар толтырған декларациялар бойынша елге кірген тауар импорты 6,5 есеге өсіпті. Соның ішінде 94%-ы – көлік құралдары, олардың жалпы құны шамамен 1,4 трлн теңге.

Аталған көліктердің 21%-ы коммерциялық мақсатқа арналған техника болып шыққан: оған седельді тартқыштар, автобустар, жүк көліктері мен арнайы техника кіреді. Алайда бұл бағытқа назар аударып, талдау жүргізгенде, 3 076 адам (талдау жүргізілгендердің 61%-ы) коммерциялық көлік әкелгенімен, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегені анықталған. Салдарынан бюджеттің осы көліктерді сатудан түсуі тиіс заңды салықтан қағылып жатқаны айтылуда.

Оған қоса, көптеген жеңіл көліктер «жеке пайдалану үшін» деп ресми түрде тіркелгенімен, шын мәнінде тауар декларациясы арқылы импортталған. ЖАП дерегі бойынша, мұндай әдіс тек 2021-2023 жылдары бюджетке 71,2 млрд теңге түсірмей қалуға себеп болуы мүмкін.

Бұл мәселе алғаш рет 2021 жылдың наурызында Солтүстік Қазақстан облысында (СҚО) Ресейден контрабандалық жолмен көлік кіргізіп, заңсыз тіркеп келген трансұлттық топ ұсталған кезде жұртшылықтың назарына ілікті. Экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, тергеу барысында 54 жеңіл көлік, 6 жүк көлігі, түрлі құжаттар және мемлекеттік тіркеу нөмірлері тәркіленген.

Әуелгі кезде бұл көліктер Қазақстанға қосалқы бөлшек ретінде енгізілгені айтылған. Алайда кейбір деректерге сүйенсек, Ресейде мұндай машиналар жекелеген автосалондар арқылы күмәнді шарттармен несиеге ресімделіп, кейін Қазақстанға жеткізілген немесе Армениядан кедендік рәсімдеусіз тасымалданған.

2023 жылдың наурызында Қостанайда өткен жиында ФБРК (Фонд борьбы с рэкетом и коррупцией) негізін қалаушы Кирилл Павлов сол өңірде VIN-нөмірлері өзгертілген 700 шамалы көлік барын мәлімдеген. Ал Петропавлда 400-500-ге жуық осындай машина жүргені айтылды. Кирилл Павлов мұндай заңсыз көліктерді анықтап, кәдеге асыру үшін оларды ауылдағы мұғалімдерге, дәрігерлерге және учаскелік инспекторларға таратып беруді ұсынған еді.

2024 жылдың шілдесінде Кирилл Павлов YouTube арнасында Қазақстандағы «көлеңкелі көлік нарығы» туралы видео жариялады. Онда көліктерді заңсыз әкелу және шекарадан өткізген кезде тіркеу схемаларының қалай жүзеге асатыны баяндалды. Сарапшының айтуынша, мұндай әрекеттер елдегі заңнамалық олқылықтар мен бақылаудың жеткіліксіздігінен туындап отыр.

Қазақстанда көлік импортындағы көлеңкелі әрекеттер салдарынан мемлекеттік бюджет едәуір шығынға ұшырауы мүмкін екені ресми түрде расталып отыр. ЖАП баяндамасы елдің қаржы саласына төнген қауіп-қатерді ашық көрсетеді. Ал құқық қорғау органдарының жүргізген тексерулері заңсыз тіркеу ісінің кеңінен етек алғанын дәлелдейді.

Көлеңкелі импортты тыю, салықтан жалтарғандарды анықтап, жауапкершілікке тарту – бюджетке түсетін кірісті арттырып қана қоймай, заң бұзушылықтардың алдын алуға да ықпал етпек. Қазақстан билігі бұл олқылықтарды жоюға қандай нақты шаралар қабылдайтыны алдағы уақытта белгілі болмақ.


Рекомендовать
Последние новости