2024 жылы ЕҚДБ Қазақстанға жыл сайын жасайтын инвестициялар көлемін үш есеге ұлғайтты

Кәмшат Тілеухан 20 янв. 2025 13:46 721

2024 жылы Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Қазақстанға салатын жылғы сайынғы инвестициялар көлемін үш еседен астамға ұлғайтты. 913 млн евро (935 млн доллар) сомасына 25 жобаның шарттарына қол қойылды. Инвестициялардың 61% "жасыл" экономика жобаларын қолдауға бағытталды, деп жазады Dalanews.kz

Олардың арасында елімізде және Орталық Азияда алғаш рет тіркелген бірнеше жоба да бар, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Kapital.kz.

Атап айтқанда, олар:

  • банктің 96,4 млн евро мөлшеріндегі тәуелсіз борышы бүгінгі таңда Орталық Азиядағы ЕҚДБ-ның ірі жобасы болып саналатын Ақтөбедегі жаңа тазарту нысаны мен оған қосымша инфрақұрылымдар құрылысы;
  • әлеуметтік инфрақұрылым секторда ЕҚДБ мемлекеттік-жекеменшік әріптестігіндегі Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы ірі жобаны қолдады. Ол бойынша Көкшетауда 630 орындық көпсалалы аурухананы салу мен қолданысқа беру үшін алты қарды ұйымына 365 млн евро көлемінде қаржыландыру пакеті ұсынылды.
  • ЕҚДБ Орталық Азиядағы маңызды шикізат ресурстары секторында жұмыс істейтін компанияның акционерлік капиталына алғаш рет тікелей инвестиция салды. Австралияның қор биржасында тіркелген, Қарағанды қаласындағы графит кен орнын барлаумен айналысатын Sarytogan Graphite Limited компаниясының 17,36% акциясы сатып алынды.
  • банк еліміздегі ішінара жүргізілген жекешелендіру шарасын жария орналастыру арқылы Air Astana ұлттық авиакомпаниясы акциясына 42 млн доллар (38,1 млн еуро) инвестициялады.

Тұрақты инфрақұрылым секторында ЕҚДБ электр желілерін басқару (KEGOC) жөніндегі қазақстандық компанияға 252 млн евро ұсынды. Жоба Қазақстанның энергия жүйесін үш бөлек электр энергетикасы жүйелеріне бөлуді қарастыратын тарихи мәселені шешуге көмектеседі. Банктің қаражаты Батыс Қазақстан энергожүйесін елдің бірыңғай энергожүйесіне қосуда электр беруде кернеуі 500 кВ, ұзындығы шамамен 600 шақырым болатын инфрақұрылымды салуға жұмсалады.

ЕҚДБ Орталық Азиядағы асхана мен техникалық тұздың жетекші қазақстандық өндірушісі "Аралтұз" АҚ-тың қызметін кеңейту туралы жоспарын қолдап, 5,5 млрд теңгенің (11 млн евро) несиесін берді.  "Аралтұз" несиені  отандық вакуумдық тұз өндірісін іске қосу және экспорт құрылымын әртараптандыруға бағыттайды.  

"Қазақстанда шағын бизнесті қолдау мен дамытуға ерекше назар аударылып, Банк ЦентрКредит, Шинхан Банк және KMF сынды отандық қаржы институттарының несиелік желілері арқылы несие ұсынылды ",-деп хабарлады баспасөз қызметі.

ЕҚДБ-ның шағын бизнеске кеңес беру бағдарламасы аясында 188 консультациялық жоба іске қосылды. Олардың жартысынан көбісі кәсіпкер әйелдерге берілді, ал 60%-ы Алматы мен Астанадан тыс өңірлерде іске қосылды. Бүкіл еліміз бойынша 7500-ден астам кәсіпкерлер мамандандырылған тренингтерден өтіп, тәлімгерлік бағдарламаларына және білім алмасу іс-шараларына қатысты. Соның ішінде 6000 әйел кәсіпкерлер "Әйелдер шағын бизнесте" жобасы аясында оқудан өтті. Сонымен қатар ЕҚДБ онлайн тәлімгерлік платформасын іске қосты.

Бұған дейін сайтымызда "ЕҚДБ операциялары аймағына Африканың қосылуы: Қазақстан жаңа мүмкіндіктерді қарастыруда" атты мақала жарияланған. Оған сәйкес, Қазақстан үшін Африканы банк операциялары аймағына қосу миллиардтаған халқы бар елдердің жобаларымен байланыс орнатуда және инвестицияларды жүзеге асыруда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп болжанады. 


Рекомендовать
Последние новости