Қазақстандағы бірқатар жылу электр орталықтарының иесі Сергей Кан мен жұбайы Жанна Кан Дубайдағы Fairmont Palm Residence тұрғын үй кешенінен пентхаус иеленген. Оның қазіргі нарықтағы құны шамамен 3 миллиард теңге, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Выход к морю” телеграм арнасының мәліметінше, пентхаус әлемге әйгілі Palm Jumeirah жасанды аралында орналасқан. Кешеннің аумағында бақтар, бассейндер, кафе, мейрамханалар және жеке жағажай бар. Кан отбасының пәтері 10-қабатта, жалпы ауданы — 406 м², соның 100 м²-ы ашық терраса.
“Террасада жеке бассейн, демалыс аймағы және Парсы шығанағын тамашалайтын көрініс бар. Ішкі кеңістікте төрт жатын бөлме, алты жуынатын бөлме, кең қонақ бөлме, ас үй және кабинет орналасқан. Сондай-ақ олардың екі жер асты автотұрақ орны бар”, — делінген “Выход к морю” телеграм парақшасының мәліметінде.
Құжаттарға сәйкес, Кандар бұл жылжымайтын мүлікті 2013 жылы, яғни кешен салынып біткеннен кейін бірден, 2 миллион долларға сатып алған. Қазір оның бағасы үш есеге өсіп, шамамен 6 миллион долларға жеткен.
“Сергей Кан мен Александр Клебанов Қазақстанда бірнеше энергетикалық нысандардың иелері саналады. Бұл кәсіпорындардың жағдайы кейінгі жылдары жиі сынға ұшырап келеді”, — деп қосты дереккөз.
2022 жылы қарашада Екібастұз ЖЭО-дағы апат салдарынан мыңдаған тұрғын суықта жылусыз қалған еді. 2023 жылдың желтоқсанында жағдай тағы қайталанды. Сарапшылардың бағалауынша, ол кезде станцияның тозу деңгейі 80–90% болған. Кейін кәсіпорын жергілікті әкімдікке беріліп, мемлекет оның жаңғыртуына 7,4 миллиард теңге бөлген.
“Биыл Клебанов пен Кан тағы бір проблемалы нысан Петропавл ЖЭО-дан айырылды. Бұл станция да әкімдікке өтті. Аудиторлардың есебі бойынша, кәсіпорынның тозуы 70% шамасында.
“Севказэнерго” АҚ биыл аймақтағы энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға 16,5 миллиард теңге жұмсағанымен, бұл қаржы жеткіліксіз болып отыр. Әкімдік республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді деп күтуде”, — дейді дереккөз.