Қазақстандағы АЭС-та ықтимал апатты жағдай туындаса, оған кім жауапты болады?

Кәмшат Тілеухан 16 июн. 2025 12:17

Атом энергетикасы жөніндегі агенттік өздеріне келіп түскен сұрақтарға жауап бере отырып, Қазақстандағы болашақ атом электр станциясында апат болған жағдайда "Росатом" қандай жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін де айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Агенттіктің баспасөз қызметі халықаралық тәжірибеге сәйкес, сонымен қатар 1963 жылғы 21 мамырдағы Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясының ережелеріне 1997 жылғы 12 қыркүйектегі хаттамамен енгізілген түзетулерге сүйене отырып, АЭС-тағы ықтимал оқиғалар үшін негізгі заңды жауапкершілік станция операторына жүктелетінін атап өтті.

"Мұндай модель көптеген елде қолданылады және ол залалды өтеу тетігін оңтайландыруға бағытталған. Осы жағынан алғанда, халықаралық құқық тұрғысынан Қазақстандағы атом электр станциясының операторы станцияны қауіпсіз пайдалану және апаттардың ықтимал салдары үшін толықтай жауапты болады. Оған қоса, жобаны іске асыру шеңберінде консорциум қатысушыларының шарттық міндеттемелерінің барлық аспектілері, оның ішінде сақтандыру тетіктері, техникалық кепілдіктер, сондай-ақ бас келісімшартта көзделген "Росатомды" қоса алғанда, мердігердің ықтимал жауапкершілігінің шарттары пысықталуда", - деп нақтылады ведомстводан.

Сондай-ақ, Қазақстан да ядролық қауіпсіздік жөніндегі негізгі халықаралық келісімдердің қатысушысы болып табылады, бұл ұлттық мүдделерді бақылау және қорғау үшін қосымша құқықтық негіз бола алады.

"Атом электр станциясының қауіпсіз жұмысын бақылауды уәкілетті мемлекеттік органдар ұлттық деңгейде жүзеге асыратын болады. Ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қадағалауды  Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атомдық қадағалау және бақылау комитеті жүзеге асыратын болады. Ол пайдалану процесіндегі барлық қауіпсіздік талаптарының сақталуына, лицензиялауға, инспекция жүргізуге жауапты. Экология және табиғи ресурстар министрлігі ауаға бөлінетін шығарындыларды, қалдықтарды өңдеуді және қоршаған ортаға радиациялық әсерді қамтитын экологиялық нормативтердің сақталуын бақылайтын болады", деді агенттік.

 

Басқа мемлекеттік органдар да өз құзыреті шеңберінде өнеркәсіптік қауіпсіздік, су ресурстарын қорғау, санитарлық қадағалау, төтенше жағдайлар және басқа да бағыттар бойынша мәселелерде тартылатын болады.

Ядролық қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарының сақталуына Қазақстан Республикасы қабылдаған халықаралық міндеттемелер шеңберінде АЭХА тарапынан қосымша бақылау жүргізілетін болады.


Рекомендовать
Последние новости