Қазақстанда бала асырап алу талаптары қатаңдатылады

Қаракөз Амантай 19 дек. 2024 16:30 924

Қазақстанда бала асырап алуға қойылатын талаптар қатаңдатылатын болды. Бұл өзгерістер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін және асырап алушы отбасылардың жауапкершілігін арттыру мақсатында енгізілмек, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сенатор Нұрия Ниязованың дерегі бойынша, 2024 жылдың 11 айында кәмелетке толмағандарға қатысты 890 жыныстық сипаттағы құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға көп. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті бұл қылмыстардың 99%-ы ер адамдар тарапынан жасалғанын хабарлады.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, бала асырап алуға үміткерлерге қойылатын талаптарды күшейтетін бірнеше заңнамалық өзгеріс дайындалған. Олардың қатарында ерлі-зайыптыларға басымдық беру, асырап алушы мен баланың жас айырмашылығын реттеу, үміткерлердің соттылық туралы деректерін жыл сайын жаңарту, міндетті психологиялық тексеруден өту және аккредиттелген ұйымдарда оқыту талаптары бар.

"Конституциялық Соттың нормативтік қаулысын орындау аясында министрлік жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуде ерлі-зайыптыларға басымдық беретін бірнеше заңнамалық нормаларды дайындады”, — деді ол.

Бұл түзетулер қазіргі уақытта мемлекеттік органдарда қаралып жатыр. Содан соң Парламенттің қарауына жіберіледі. Жаңа нормалар бала асырап алу процесін қауіпсіз әрі тиімді етуге бағытталған.


Рекомендовать
Последние новости