Абай облысында Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткіші ашылды

Жарбол Кентұлы 13 дек. 2024 17:42 1489

Семейде ойшыл, ақын, аудармашы, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткіші ашылды. Шараға облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков, депутаттар, ғалымдар, абайтанушылар, қоғам белсенділері мен облыс тұрғындары қатысты.

Шәкәрім Құдайбердіұлына арналған ескерткіштің ұзындығы - тұғырымен қоса алғанда 7,7 метр. «Шәкәрім Құдайбердіұлы» атты мүсіндік композициясы қоладан құйылып, тұғыры тұтас граниттен жасалған. Бұл композиция арқылы мүсінші Шәкәрімнің данышпан бейнесін оң қолына кітап, сол қолына тасбих ұстату арқылы бейнелеп көрсетті. Ескерткіш авторы – Нұрбол Қалиев. Өнер туындысы Шәкәрім даңғылы мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысына қойылды.

Ескерткіштің ашылуына орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хат жолдады. Хатты салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев оқып берді.

Шәкәрім Құдайбердіұлының әдеби мұрасы аса бай. Ол поэзия, проза, аударма, тарих саласында жұмыс істеп, Абай дәстүрінде демократтық-халықтық, гуманистік-халықтық бағыт ұстанған. Оның шығармашылығы қазақ әдебиетінде Абай идеяларын жалғастырушы реалистік дәстүрді қалыптастырды. Оның мұрасының тек қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл түркі және шығыс мәдениеті үшін маңызы зор.

 

Ескерткіштің ашылу салтанатының Тәуелсіздік күні қарсаңында өтуінің символдық мәні бар. Өйткені Шәкәрімнің рухани мұрасы азаттық пен тәуелсіздік тақырыбымен үндес.


Рекомендовать
Последние новости