Ипотекалық несиесі барлардың міндеттемелері доллардың қымбаттауына байланысты қайта қарастырылуы мүмкін бе

Кәмшат Тілеухан 10 дек. 2024 13:53 846

"Отбасы банкінің" басшысы Ләззат Ибрагимова бүгін Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында "2025 жылы ипотекалық несие тіркетіп үлгерген қазақстандықтардың міндеттемелеріне қымбаттаған доллар бағамының әсер болады ма" деген сауалға жауап берді, деп жазады Dalanews.kz.

Ләззат Ибрагимова Қазақстанда 15 жылдан астам уақыттан бері ипотекалық несиелік портфельдің 100%-ы тек теңгемен беріліп келе жатқанын еске салды.

"Сондықтан қарыз алушылар жағдайы валюталық ауытқуларға тәуелді емес. Сонымен қатар, ақша бағамында тұрақсыздық болғанда, керісінше жылжымайтын мүлікке нақты материалдық актив ретінде сұраныс артады. Желтоқсан айының соңында біз оның мәмілелер санына қалай әсер еткенін талдап, тың деректер жариялайтын боламыз", деді ол.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов те бұл сауалға қатысты өз пікірін қоса кетті.  Ол бұған дейін берілген ипотекалық несиелер бойынша ешқандай өзгеріс болмайтынын, борышкерлер төлемді сол бұрынғы шарттар бойынша төлейтінін нақтылады.

"Доллардың өсуіне байланысты 2024 жылы әлеуметтік баспананың бір шаршы метрінің құны ірі панельді үйлерде 300-350 мың теңгені құрады. 2025 жылы да біз Баға белгілеу орталығымен бірлесе доллардың өсу ықтималдылығын ескере отырып,бағаны қайта есептейтін боламыз. Ипотекалық қарыздар бойынша шарттық міндеттемелер бар. Қарыз алушылар бастапқыда қол қойылған шарттар шеңберінде төлем жасауды жалғастыруы тиіс. Яғни, бұрын берілген үйлер бойынша. Ол арада жаңадан ештеңе қарастырылмаған", - деді Қажкенов.

Демек, доллардың қымбаттауы 2025 жылы тіркелетін ипотекалық несиелерден көрініс табады. Бұл келесі жылы баспана бағасы қымбаттайтынын білдіреді.

Дегенмен 2025 жылы жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерді рәсімдеу қымбаттамақ. Өйткені айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемі өседі, 1 қаңтардан бастап ол 3932 теңгені құрап, 240 теңгеге өседі.

"Бұл ретте сатып алу-сату шартын рәсімдеу және куәландыру құны жылжымайтын мүлікті кім және кімге сататынына тікелей байланысты", деп түсіндіреді сарапшылар.

  • егер сатушы да, сатып алушы да жеке тұлға және жақын туыстары болса, онда бұл қызметтер оларға 12 АЕК немесе 47 184 теңге тұрады;
  • егер сатып алушы немесе сатушы жақын туыстары болса, онда - 7 АЕК немесе 27 524 теңге болады;
  • егер тараптардың кем дегенде біреуі заңды тұлға болса – 17 АЕК немесе 66 844 теңге;
  • ипотекалық несие алушылар үшін -4 АЕК немесе 15 728 теңге.

Күйеуінің немесе әйелінің нотариалды куәландырылған келісімі 2025 жылы 5898 теңгені (1,5 АЕК) құрайды. Жалдау шартын куәландыру 10 АЕК немесе 39 320 теңге болмақ. Кепіл шарты да сол сомада. Өсиетті куәландыру 2025 жылы 3 АЕК немесе 11 796 теңге тұратын болады.


Рекомендовать
Последние новости