Қазақстанда АЭС құрылысы қашан басталады? Жантикин жауап берді

Қаракөз Амантай 14 июл. 2025 15:33

Қазақстанда атом электр станциясының (АЭС) құрылысы кемінде екі жылдан кейін басталады. Ал құрылыс процесінің өзі шамамен бес жылға созылады. Бұл туралы ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Тимур Жантикин Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, АЭС салуға ниетті төрт ірі компанияның ішінен коммерциялық ұсыныстарды бағалау және таңдау жұмыстарына бір жыл уақыт кетеді. Одан кейін тағы бір жыл қауіпсіздік, қоршаған ортаға әсері және басқа да техникалық есептерді дайындауға жұмсалмақ.

Барлық құжат дайын болғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады. Жалпы құрылыс шамамен бес жылға созылады. Осылайша, бүкіл процесс жеті жылдай уақыт алады.

Бұған дейін агенттік АЭС-ті жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі мерзімді 10–12 жыл деп болжаған еді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен Ресей АЭС құрылысы жөнінде жол картасына қол қойды. Себебі жуырда ресейлік "Росатом" компаниясы Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің құрылысын жүргізетін халықаралық консорциумның көшбасшысы болып таңдалды.

Айта кетейік, Қазақстан Атом энергиясы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев елде салынатын атом электр станциясының болжамды құны кемінде 14 миллиард доллар болатынын мәлімдеді.

“Дәл нақты сомасы техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірленген соң белгілі болады. Қазір вендор-компаниялардан алынған индикативті параметрлер бар, бірақ олар келісімдер арқылы қорғалған”, — деді ол.

Сәтқалиевтің айтуынша, бұл баға көрсеткіші әлемдегі осыған ұқсас деңгейдегі станциялар құнымен сәйкес келеді.


Рекомендовать
Последние новости