Қазақстан «цифрлық көшпенділер» үшін жаһандық тартылыс орталығы болады, – белгілі ғалым Параг Ханна

Жарбол Кентұлы 07 нояб. 2024 22:55 2353

Астанада әлемге әйгілі ғалым, геосаясаткер, футуролог Параг Ханнаның қатысуымен «Геосаяси шиеленіс және климат өзгерістері дәуіріндегі жаңа Жібек жолдары» тақырыбында public talk өтті. Шараны Qalam.global мультимедиялық жобасы Халықаралық қатынастар жөніндегі қазақстандық кеңес қолдауымен ұйымдастырды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кездесу барысында Параг Ханна әлемдік геосаясат, демография және көші-қон модельдерінің болашағы туралы көзқарасын бөлісті. Оның сөзінше, қазіргі күні үш аймақтың, атап айтқанда, «Батыс Азия» мен Шығанақ елдері, Оңтүстік-Шығыс Азия және Орталық Азияның арасындағы қарым-қатынас динамикасы ерекше қызығушылық тудырады.

– Бұл мүмкіндіктер аймақтары. Соңғы жылдары оған кіретін мемлекеттердің арасындағы қарым-қатынас жылдам нығайып келеді. Бұл аймақты жаңа Жібек жолы деп атасақ болады, ал әлем халқының басым бөлігі осы үшбұрыштың ішінде өмір сүреді. Қазақстан ол үшбұрыштың жоғарғы бұрышында тұр: өздеріңізді дәл осылай позициялауға кеңес берер едім, – деп атап өтті ғалым.

Оның айтуынша, қазіргі әлемде байқалып отырған үлкен көлемдегі миграция – жоғалмайтын процесс және бұрын-соңды болмаған деңгейде қажет құбылыс.

Алдағы онжылдықтарда адамдар әлемнің халқы тығыз орналасқан аймақтарынан жаппай қоныс аударады, ал жан басы саны аз аумақтар, керісінше, көбейіп, жаңа өркениет орталықтарына айналуы мүмкін. Осы тұрғыда Ханна Орталық Азияның ерекше әлеуетін атап өтті.

Ғалымның айтуынша, Қазақстан мен оның көршілері география тұрғысынан ерекше жерде тұрғанының арқасында ушығып келе жатқан геосаяси шиеленіске қарамастан, әлемдік державалар арасындағы көпір болып, байланыстар мен экономикалық алмасудың дамуына ықпал ете алады.

– Осындай ірі өркениет орталықтарының бірі атануға Қазақстанның әлеуеті жететіні сөзсіз. Ел қазір аймақтағы таланттар үшін магнит болып отыр. Сәйкесінше, Қазақстан бүкіл әлем бойынша жалпы саны 4,5 млрд адамды құрайтын жас таланттарға арналған хаб ретінде өзін көрсете алады, – деп мәлімдеді сарапшы.

– Жекелей алғанда, ғалымның пікірінше, Қазақстандағы Алматы қаласы қауіпсіз, қаржы тұрғысынан қолжетімді және климатқа қолайлы өмірлік орын іздеген түрлі елдегі «цифрлық көшпенділердің» жас буыны үшін жаһандық тартылыс орталықтарының біріне айналуы мүмкін.

Алматының климаты, инфрақұрылымы және тұрған жері өмір сапасы мен емін-еркін жүріп-тұру ортасындағы тепе-теңдікті бағалайтындар үшін ұнамды факторларға айналуда, – деп атап өтті Параг Ханна.

Глобалды өзгерістер мен тұрақты даму қажеттілігі тұрғысынан Қазақстан шетелдік инвестицияларды тарту, климаттық тұрақтылық, азық-түлік қауіпсіздігі және өнеркәсіптік әлеует сияқты негізгі салаларда жоғары көрсеткіштерге ие болып отыр.

Дегенмен, ғалымның пікірінше, Қазақстанға позициясын одан әрі нығайту үшін валюталық тұрақтылық пен инновациялар дамытуға және әлеуметтік прогресс пен жалпы тұрақтылықты ілгерілетуге мән беру қажет.

– Инфрақұрылымға салынатын инвестициялар, ЖІӨ көрсеткіштерін жақсарту және экологиялық әрі технологиялық бағыттардағы өсуді қолдау Қазақстанға бәсекелестік артықшылықтарын күшейтуге және адами капиталды қоса алғандағы түрлі ресурсты көбірек тартуға көмектеседі, – деп мәлімдеді Параг Ханна.

 


Рекомендовать
Последние новости