Қазақстан спортқа қатты шығындануда, бірақ тиімділік көрсеткіштерін еш өсіре алмауда - сарапшы

Dalanews 14 июл. 2025 16:45

Қазақстан спортына бөлінген бюджет қаржысы соңғы үш жылда екі есе өссе де, спортшыларымыздың халықаралық ареналардағы көрсеткіштері көңіл көншітпей тұр. Жоғары аудиторлық палатаның сарапшылары осындай тоқтамға келіп, спорт саласындағы бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне үлкен күмән келтірді,деп хабарлайды Dalanews.kz.

2021 жылы еліміздің спорт саласына 153 млрд теңге бөлінсе, бұл көрсеткіш 2024 жылы 315 млрд теңгеге дейін артқан. Яғни, мемлекеттік қаржыландыру екі есеге ұлғайғанымен, халықаралық деңгейдегі жетістіктеріміз екі есе өспегені анық байқалады.

Аудиторлық тексеру нәтижесінде үш жыл ішінде 17 млрд теңгеге жуық заңбұзушылықтар анықталған. Оның 13,7 млрд теңгесі тиімсіз жұмсалса, 2,8 млрд теңге дұрыс жоспарланбағандықтан мүлде ізім-қайымсыз кеткен.

"Мамандар спорттың дамуына қаржының көптігі емес, жүйелі жұмыстың жоқтығы кедергі болып отырғанын алға тартады. Соңғы жылдары қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың көбі бір-бірін қайталайды. Бұл жоспарлардың кейбір міндеттері тек қағаз жүзінде қалып, келесі бағдарламаларға көшіп отырған. Сонымен бірге спортқа бөлінетін қаржы нақты нәтиже беретін олимпиадалық спорт түрлеріне емес, кейбір федерациялардың мүддесіне сай, олимпиадалық емес спорт түрлеріне бағытталып кеткен. 46 жазғы олимпиадалық спорт түрінің 19-ында спортшыларды даярлауға арналған нақты бағдарлама мүлде болмаған. Соның кесірінен Қазақстан бес спорт түрінен тіпті Олимпиаданың іріктеу жарыстарына да қатыса алмады. Ал осы бағытта бөлінген 2 млрд теңге еш нәтиже бермей, босқа кетті", - дейді ranking.kz сарапшылары.

Бұдан бөлек, спорт ұйымдарының басшылары өзін-өзі марапаттау ісімен де айналысқан.

Әкімшілікке аста-төк сыйақы, ал балалар спортына түк те жоқ

Мысалы, Жоғары аудиторлық палатаның дерегінше, Спортты дамыту дирекциясының әкімшілік қызметкерлері соңғы үш жылда өздеріне 3,5 млрд теңгеден астам сыйақы жазған. Тіпті, кейбір қызметкерлердің сыйақысы жалақы мөлшерінен де асып кеткен. Орташа есеппен, әр адам жылына 7,7 млн теңге, яғни айына шамамен 640 мың теңгеден сыйақы алып отырған.

"Қаржының бөлінуі жағынан тағы бір қызық жағдай байқалады. Мәселен, Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, өткен жылы спорттық ұйымдардың басым бөлігінің қаржыландырылуы өскен, алайда ең маңызды ұйымдар – балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерінің бюджеті бірден қысқарып кеткен. БЖСМ және республикалық жоғары спорт шеберлігі мектептерінің қаржыландырылуы 25%-ға азайған. Егер 2023 жылы бұл ұйымдарға 121 млрд теңге бөлінсе, 2024 жылы бар-жоғы 91 млрд теңге тиген. Әсіресе, ең маңызды бап – жалақы қоры 22,4%-ға қысқарған. Ал республикалық жоғары спорт шеберлігі мектептерінің қаржысы 65,9%-ға азайған", - дейді сарапшылар.

Керісінше, спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар былтыр 69,3%-ға артық қаржы алып, 29,7 млрд теңгеге жеткен. Ал республикалық олимпиадалық даярлық орталықтары мен жоғары спорт шеберлігі мектептері әрқайсысы 16,7 млрд теңге алып, оларда да қаржыландыру көлемі айтарлықтай өскен.

Бұл мәселені реттеудің бір жолы ретінде министрлік 2026 жылдан бастап балалардың спорт мектептерін жан басына қаржыландыру жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл әдіс қаржыны әділ бөлуге және балалар арасында ең танымал спорт түрлерін анықтап, басым бағыттарды айқындауға мүмкіндік бермек.

Елімізде спортпен шұғылданушылар саны күрт азайған

Жалпы бұқаралық спорт саласының өзінде де жағдай жақсарып тұрған жоқ. Министрліктің мәліметінше, өткен жылы елімізде спортпен шұғылданатындардың жалпы саны 8,4 млн адамды құраған. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан 9,8%-ға, яғни 750,4 мың адамға азайған. Олимпиадалық спорт түрлерін таңдағандардың саны – 4,3 млн адам, олимпиадалық емес спортты – 1,8 млн, ұлттық спорт түрлерін 666,9 мың адам таңдаған.

Елде ең көп тараған спорт түрі – футбол. Былтыр бұл спортпен кәсіби және әуесқой түрде айналысатындардың саны 1,1 млн адамнан асқан. Одан кейінгі орында – волейбол (767,6 мың адам), үшінші орында – баскетбол (656,4 мың адам).

Спорт инфрақұрылымына келсек, республикада қазір 37,5 мыңнан астам спорт ғимараты бар. Оның жартысынан көбі – 21,8 мыңы ашық спорт алаңдары болса, 10 мыңға жуығы спорт залдар. Бұл спорт залдардың үштен екісі оқу орындарында орналасқан.

"Бюджеттен бөлінген миллиардтардың нақты қайтарымы болмай отыр. Жүйелі жұмыс қалыптаспай, спортқа құйылған қаржы құмға сіңген сумен тең. Мемлекеттің міндеті – бөлінген әрбір теңгенің нақты нәтижесін талап ету. Әзірге спорт саласындағы жағдай, өкінішке қарай, керісінше болып тұр", - дейді ranking.kz сарашылары.


Рекомендовать
Последние новости