Қазақстан Eni мен Shell компанияларын тайраңдатпау туралы қатаң шешім қабылдады - DALA INSIDE

Dalanews 14 июл. 2025 15:54

Соңғы жылдары бізде мұнай өндіріп жүрген осы екі шетелдік инвестор тым құтырып кеткен болатын. Олардың Қарашығанақ пен Қашаған жобасындағы әрекеттері, атап айтқанда инвестициялық міндеттемелерін орындамауы, Назарбаев дәуіріндегідей "заң бұзсақ та Қазақстан бізге дым істей алмайды" деп ойлауы бір күні өздерін жарға жықпақ. Себебі, дереккөздің айтуынша, осы аптада, жабық есік артындағы үлкен кабинеттерде Eni мен Shell-дің міндеттемелерін орындамаған әр фактісін қатаң тіркеп, келісімге сай санкциялар қолдану туралы әңгіме жүрген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қашағанда да, Қарашығанақта да Eni мен Shell өздері уәде еткен нәрселерді жасамай, уақыт созумен келеді. Қит етсе жобаның құнын қымбаттатып, жаңа смета көрсетуге машықтанып алған. Бұлар Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салу жобасын өтірік қымбаттатып, сөзбұйдаға салып келді. Қашағанда кен орнын кеңейтудің екінші фазасын тіпті бастаған да жоқ. Қазақстан Үкіметін ақымақ бала сияқты көреді. Уақыт созып, инвестиция салмай, тез арада мұнайларын өндіріп сатып, максималды пайда алып кеткісі келеді", - дейді, DALA INSIDE арнасының PSA жаққа жақын дереккөзі.

Қазір Қазақстан Қарашығанақтағы газ өңдеу зауыты (ГӨЗ) жобасын толығымен тоқтатты. Бұл жобаны Қарашығанақ операторы KPO құзіретінен алып тастап, Қазмұнайгаз өзі қытай компанияларын шақыра отырып аяқтауы мүмкін. Себебі KPO бастапқы ГӨЗ жобасының бағасын жақында тағы 1 миллиард долларға қымбаттатып жіберді. Ал KPO-ның негізгі акционерлері (58,5%) осы Eni мен Shell. Бұл екеуі түрлі жобаларды қымбаттату арқылы Қазақстанның болашақ табысынан шамамен 3,5 миллиард доллар жеп қойған.

"Eni мен Shell бұрын-соңды болмаған инвесторлық жеңілдік режимінде жұмыс істеуде. Олар мұнайдан экспортты баж салығын да төлемейді. Қазақстанға табыстың 2 пайызын ғана татырады. Тура осындай жағдай мәңгі болғанын қалайды. Сол үшін бізден Қашаған бойынша келісімнің созылуын талап етуде. Ал инвестиция құйып шығынданбас үшін инвестжобаларды әдейі созып, бағасын қымбаттатып, "волокита" жасап келеді, - дейді дереккөз.

Енді Қазақстан олардың қулығын білді және бұдан былай "ақымақ бала" рөлін ойнауға дайын емес. Келесі аптадан бастап Eni мен Shell-ге қатысты риторика қатаңдайтын болады.

Бұған дейін сайтымызда "Қашағанда өндіріліп жатқан барлық мұнайдың 2 пайызы ғана Қазақстанға бұйырады. Неге?" деген мақала жарияланған болатын. Мақалада мұнайгаз саласының сарапшысы, Energy Monitor қоғамдық қорының директоры, Energy Monitor Telegram арнасының авторы Нұрлан Жұмағұловтың сұқбатынан үзінді келтіріледі.


Рекомендовать
Последние новости