Қазақстан ОПЕК-тен шыға салуы мүмкін бе – сарапшы пікірі

Кәмшат Тілеухан 25 нояб. 2024 16:21 690

Bloomberg басылымында "2025 жылы ОПЕК+ ішкі шиеленістерге тап болады, соның ішінде Қазақстанмен де" атты мақала жарияланды. Бұл арада Теңіз кенішіндегі өндіріс көлемінің артуына баса назар аударылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Bloomberg 2025 жылы Теңіз кеніші толыққанды қуатымен жұмыс істеп, тәулігіне 260 мың баррель мұнай өндіре бастайтынын баса атап көрсетеді. Ал бұл көлем келесі жылғы әлемдік мұнайдың болжамды сұранысының төрттен бірін (!) қамтитын көрінеді.

"Осылайша, аталған кен орнындағы өндіріс келесі жылы Қазақстандағы жеңіл мұнай өнімдерін қоса алғанда, тәулігіне 2 млн баррель, яғни рекордтық көрсеткіште мұнай өндіретінін байқата алады", делінген мақалада.

Маусым айында ОПЕК + картелі 2024 жылдың соңғы айларында, содан кейін 2025 жылы квоталарды біртіндеп ұлғайту жоспарын мақұлдаған болатын. Оған қыркүйек айында кірісуі де керек еді, бірақ мұнай бағасының төмендеуі бұл жоспар тізгінін тарта тұруға мәжбүрлеп, 2025 жылдың қаңтарына әкеліп тіреп қойды. Картель бұл жоспарды тағы шегереді ме, шегермейді ме,  мұның жайын талқылау үшін жексенбіде кездесуі керек болатын.

Bloomberg егер картель квоталарды ұлғайту бойынша шешімді тағы кейінге қалдырса, бұл Қазақстан үшін елеулі соққы болады деп пайымдайды.

"Мұндайда Қазақстан ОПЕК + белгілеген өндіріс лимиттерін ұстана алмайды немесе жасалған ірі инвестицияларға қарамастан бұл қосымша жоба аясында мұнайды өндіруді кейінге қалдыруға мәжбүр болады. Егер тек экономикалық тиімділікті басшылыққа алсақ, Қазақстан басқа жақтағы мұнай өндірісін қысқартып, Теңіздегісін қолға алады, себебі мұндағы мұнай өндірісінің өзіндік құны ең төмені, сондықтан ол Үкімет пен оның шетелдік әріптестері үшін өте тиімді", делінген мақалада.

 

Экономист Ғалымжан Айтқазин картель ішіндегі осындай қақтығыстар бұрын да орын алғанына баса назар аудартады.

"Мысалы, 2021 жылы БАӘ квоталарға байланысты Сауд Арабиясының келісімшарттарын бірнеше күнге бұғаттаған. Сол кезде ақыры саудиялықтар жеңіске жеткенімен, олар Абу-Дабиге келесі айларда квота бойынша айтарлықтай жеңілдіктер жасауға мүмкіндік берді. Ал картель 2023 жылы Ангола квотасын қысқартпақ болғанда, бұл ел ОПЕК-тен шыға салды. Қазақстанның да осылай ету қаупі бар. "ОПЕК+ 2025 жылы көптеген шепте қиындықтарға тап болады", деп Bloomberg жазып жатыр. Ал бүгін Үкімет сағатында Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ақыры мұнай өндірісін ұлғайту туралы амбициялық жоспарларымен бөлісті...", деп жазады ол.

Бұған дейін де біз Қазақстан тарапы ОПЕК+ квоталарын бұзумен келе жатқаны туралы жазған болатынбыз.


Рекомендовать
Последние новости