Қазақ тілінің бір ғасырлық ахуалы

Dalanews 20 окт. 2016 10:24 5252

Әлихан Бөкейхан атындағы сыйлыққа ұсынылған мақала!


«Ғұмыр бәйгесінде біздің


 қазақ тілі өз бәйгесін алар!»


Әлихан Бөкейхан


 

Қазіргі қазақ қоғамындағы көп талқыланып, шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – мемлекеттік тіл қолданысының жай-күйі. Мемлекеттік тілдің ел басқару, заң шығару, білім беру мен ғылым саласындағы, ісқағаз жүргізу мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы қолданысы Тәуелсіздігімізді жариялаған күннен бері күн тәртібінен бір түспей келеді. Мемлекеттік тілдің мәртебесіне сәйкес қолданысын қалыптастыру бағытында атқарылған істер, жүзеге асқан жобалар, тындырылған шаруалар да аз емес.

Бүгінгі азды-көпті жетістіктеріміз соның нәтижесі. Сонымен қатар, басы бар, аяғы жоқ бастамалар мен шала-шарпы, жүйесіз жасалған жұмыстардың, ғылыми негізі әлсіз бағдарламалардың, елге, тілге, ұлт мүддесіне жаныашымастықтың, кәсіби біліктілігі төмен басшылар мен мамандардың кесірінен ұлт тілінің сөзбұйдаға салынып, әлі шешімін таппай келе жатқанмәселелері де жеткілікті.Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық белесіне көтерілгентұста өткенімізге шолу жасап,қазіргі тілдік ахуал мен қазақ тілінің болашағын пайымдау өте маңызды. Осы орайда біз де қазақ тілінің алаштық, кеңестік және тәуелсіздік кезеңдеріндегі ұлттық, мемлекеттіктіл ретінде дамып, қолданылуының жай-күйіне тоқтала отырып, оның ертеңі жайлы ойларымызды ортаға салсақ дейміз.

image

Алаш және ұлт тілі

Тіл саясатын жоспарлы түрде жүргізу, халықтың тілдік құқығын қорғау, қазақтың жазба әдеби тілін дамытып, БАҚ тілін, ғылым тілін, көркем әдебиет пен ісқағаз тілін қалыптастыру бізде негізінен ХХ ғасыр басындағы алаш қайраткерлерінен бастау алады. Жалпы ұлттық дамуымыз бен мемлекеттің тіл саясатын жүргізудегіалаш қайраткерлерінің ұстанған жолы айрықша болды. Сондықтан бұл кезеңнің ерекшеліктерін айқындап, бүгінгі іс-әрекетімізді бағамдап,  болашаққа беталысымызды белгілеу үшін одан сабақ алудың мән-маңызы зор. Бұл тұрғыда алаш көсемі Әлихан Бөкейхан мен Ахаң бастаған ұлт зиялыларымақсат-мұраттарының, саяси ұстанымдарының қазіргі уақытпен қабысуын, ғылыми-ағартушылық жолдағы атқарған істері мен қалдырған мұраларының ғылыми құндылығын анықтап, оларды іс-тәжірибеде және ұрпақ тәрбиесінде пайдаланған абзал.

Ресей патшалығына қараған кезеңде қазақтың тілдік құқығы шектелді. Азаттығынан айрылып, бодандыққа бойсұнған халықтың тілдік құқығының сақталуын үстемдік етуші мемлекеттен талап етіп, мәселені күн тәртібіне шығару оңай іс емес. Ол үшін сол тілдің иесі болып саналатын жұрттың саяси сауаты жоғары, ұлтының мүддесін қорғайтын тұлғалары, халқының қамын ойлайтын қайраткерлері мен зиялы қауымы болуы керек еді. ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ ұлтының да осындай зиялы қауымы қалыптасты. Қазақтың көзі ашық, көкірегі сергек зиялыларының басын біріктіріп, саяси қозғалыс, «Алаш»партиясын,«Алашорда» үкіметін құрып, халқын тәуелсіздік жолындағы күреске бастаған аса көрнекті мемлекет қайраткері, ұлт көсеміӘлихан Бөкейхан болды.  Ол бүкіл саналы ғұмырын халқының азаттығы жолындағы күреске арнады. Осы күреске толы ғұмырында ол қазақ халқының тілдік құқығын да қорғады. «Мен қазақ халқын Совет билігіне қарсы күреске бастадым» деп қызыл империяның қылышынан қаймықпай қасқайып тұрып айтқан қайсар тұлға, тіл теңдігі үшін күресті сол кеңес үкіметі орнардан көп бұрын, қазақ патшалық Ресейге қараған кезеңде бастаған. Халықтың тілдік құқығының бұзылуы, тілдік теңсіздік дербестігінен айрылған жұрттардың басында болатын жағдай. Қазақтың басындағы сондай халді көріп қана қоймай, cол теңсіздікті жою мәселесін алғаш көтерген де алаштың Әлиханы. 1905 жылы қарашада Ресейдің «жергілікті және қалалық қайраткерлерінің» Мәскеудегі съезінде сөйлеген сөзінде ол: «Ана тілін еркін қолдану қазақтардың таяу арадағы мұқтажы» деп ашық мәлімдеді.Оның «Мен Алтайдан Оралға, Сібір темір жолы торабынан Омбыға дейінгі кең кеңістікті мекендеген 4 миллион қазақ халқының өкілімін. Қазақтың бүгінгі асқан мұңы – ана тілін қолдану бостандығы, оның қажеттілігі сайлау қарсаңында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында ерекше артып отыр және осыған байланысты менің құрылтайдан өтінерім – жергілікті тілдердің құқын шектейтін заңның тез арада қайта қаралуы талап етілсін» деген сөзінен де, бұл мәселені табанды түрде күн тәртібіне қоя білгенін, ұстанымының айқындығын көруге болады.

Қайраткер Қарқаралы уезі қазақтарының 11 тармақтан тұратын құзырхатын ұйымдастырып, оны орыс тілінде Санкт-Петербургте «Сынъ отечества» газетінің 1905 жылғы 4 қыркүйектегі 173-санында және 1906 жылғы 26 тамызда өзі басушы-редакторы болған «Иртышъ» газетінің 32-санында Омскде өз атынан екі рет жариялаған. Осы 11 тармақтың 2,3,7 және 8-тармақтарында қазақ тілінің мә­­селелері көтерілді. 14 500 адам қол ­қой­ған осы құзырхаттың 2-тармағында «…Қа­зақтың ұл балаларына арнап ашылған ауыл мектептерінде сабақ орыс тілінде жү­реді. Осы мектептердегі сауат ашу сабақтары қазақ тілінде де жүргізілуін сұраған қазақтардың өтініші орындалмады. Бұл мектептерде қазақ балаларына қазақ сөздерін орыс әріптерімен жазуға үйретеді. Олар қазақ дыбыстарын бере алмайды» деп, қазақ мектептерінің жай-күйі мен балаларды қазақша, ұлт тілінің әліпбиімен оқыту мәселесі күн тәртібіне қойылады. 3-тармақта «Қазақ халқының күнделікті қажеттіліктерін біліп отыру үшін типография ашып, алдын ала жүргізілетін цензурасыз қазақ тілінде газеттер шығару қажет» делінеді.

[caption id="attachment_20890" align="alignright" width="420"]02978ba25c59921d264168dcbe7c1e11 Мемлекеттік тіл туралы коллаж[/caption]

7-тармақта жүздеген кеңселерде ісқағаз жүргізу орыс тілінде жүзеге асырылып жатқандығы, қолданыстағы дала ережесінің штатына сәйкес уездер мен облыстық басқармаларда қазақ тілін білетін аудармашылар болуға тиіс екендігіне қарамастан, жергілікті әкімшілік бұл орындарға қазақ тілін білмейтін орыс шенеуніктерін алып отырғанын, кейде қажеттілікке байланысты бұл іске басқа адамдардың тартылатынын және крестьян бастықтардың қазақ тілінде жазылған өтініштерді қабылдамайтындығын айта келіп, мынадай талап қояды: «Қазақтардың мүддесі үшін: болыстықтардың кеңселері мен халық соттарында іс қағаздарын қазақша жүргізу, аудармашы лауазымына қазақша білетін және қазақша хат танитын адамдарды алу, және қазақтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіріп, өтінішті өз ана тілінде жазу». 8-тармақта Соттың өзі қызмет етіп отырған халықтың тілін білуі – сот төрелігін дұрыс жүргізудің қажетті шарты. Соған қарамастан, қазақ даласында сот пен тергеуші болып халық тілін білмейтін орыс­тар қызмет етіп жүр. Ал неге екені белгісіз қазақ заңгерлері қазақтар тұратын уездерге тағайындалмайды, осыдан Далалық өлкеде сот төрелігі зардап шегіп отыр. Сондықтан соттар қазақ тілін білетін болсын және қазақ даласында алқабилер соты енгізілсін» (орысшадан аударған – Ш.Қ.) делінген.

Бұл құзырхатта қазақ балаларына ана тілінде білім беру, кеңселерде ісқағаздарын қазақша жүргізу, сот пен тергеу ісін қазақша жүргізу талаптары анық қойылған. Яғни,  Әлихан Бөкейхан «Алашорда» үкіметіжасақталардан,Қазан төңкерісінен, ҚазКСР-і құрылардан 15-20 жыл бұрын, сонау ХХ ғасыр басында-ақ патшалық Ресейге қараған қазақ даласында қазақ тілінің қолданысын қамтамасыз ету мәселесін көтеріп, билікке нақты талаптар қойған тұңғыш қайраткер. Іс жүзінде қазақ тілінің мемлекеттік тілге жүктелуге тиіс қызметтерді атқаруы талап етілген. Алаш ардақтысы қазақ балаларының ана тілінде білім алуын ұлтты сақтаудың, тіл саясатының аса маңызды мәселесі ретінде қарастырып, оған үнемі ерекше мән беріп отырады. Ол «Иртышъ» газетінің осы 32-інші нөмірінде қазақ даласында ІІ Александр мен ІІ Николай жүргізген өлкелерді орыстандыру саясатын жалғастыруға барынша ынталы қайраткерлердің бар екендігін ашық айта келіп, «Орыстандыру саясаты қазақтардың ана тілінде хат тануын тежеудің барлық амал-тәсілдерін қарастыруды талап етті» деп жазды. Алаш қайраткері қазақ балаларының алдымен бастауыш мектепте ана тілінде білім алуына ерекше мән беріп, 1913 жылғы «Қазақ» газетінің 14-інші нөмірінде «Орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек; керек болғанда қазақша оқығанның үстіне керек. Қазақша оқи-жаза білген соң, шама келсе орысша білу қажет» деп алдымен қазақша оқып-жазып үйреніп, шамасы келсе орыс тілін содан кейін ғана игеру керектігін атап көрсетеді. Мемлекет қайраткерінің бұл пікірі өте орынды айтылған. Біз бүгін өзімізді орыс қолтығынан шыққан тәуелсіз елміз деп санаймыз. Сөйте тұра, ұл-қыздарымызды орысша оқытуды әлі де жалғастырып, оған қазақ тілімен қатар қолданылу құқығын беріп қойдық. Қазақша оқып-жаза білмек түгілі әлі ана тілінде ойын дұрыс жеткізе алмайтын бүлдіршіндерге ағылшын және орыс тілдерін қатар үйретпек болып жатырмыз. Қазақ балаларының шет тілдерін меңгеруіне ешкім қарсы емес, мәселе өзге тілдерді  ана тілімен жарыстырып тым ерте оқытудың бұрыстығында болып отыр. Бұл қазақтың тілі ғана емес бүкіл ұлт болмысына кесірін тигізетін қауіпті қадам.

Ә.Бөкейхан өзі бастаған Алаш зиялылары жасап, 1917 жылы Орынборда «Қазақ» газетінің №251 санында жарияланған «Алаш» партиясының бағдарламасының жобасында «Би һәм судия жергілікті жұрттың тілін білуі; Қазақ көп жерде сот тілі қазақ тілі болуы; Присяжныйлар қазақтан алынуы» керектігі («Билік һәм сот» бөлімінде), «Бастауыш мектептерде ана тілінде оқуы; Қазақ өз тілінде орта мектеп, университет ашуы» («Ғылым-білім үйрету» бөлімінде) қажеттігі анық жазылған. Осы бағдарламадан Алаш көсемі мен оның үзеңгілестерінің қазақ тілін қолдану мен дамыту жөнінде алдарына қандай мақсат қойғанын көруге болады. Олар бұл мақсатын бағдарламаларында, қағаз бетінде ғана қалдырып қойған жоқ.  Нақты өмірде жүзеге асырды. Өздері қуғын-сүргін құрбаны болып кеткен 30-жылдардың орта шеніне дейін жаптай-тұрмай ұлтқа, тілге адал қызмет етті. Олар қазақ тілінің жүздеген негізгі салалық терминдерін жасап қолданысқа енгізді,қазақ мектептеріне арналған тұңғыш пән оқулықтарын жазды, қазақша газет-журналдар шығарды, көркем шығармалар жазып,өзге халықтардың үздік шығармаларын аударды,  бір-бірімен қазақша хат-хабар алмасты. Алғашқы қазақ романдары мен қазақ тіліндегі ғылыми-еңбектер де осы кезеңде жазылды. Ұлт зиялылары қазақ тілін іс жүзінде қоғам өмірінің барлық салаларында қолданды. Осылайша,олар қазақтың ғылым, баспасөз, көркем әдебиет және ресми стильдерінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып, тұтастай алғанда ұлттық жазба әдеби тілдің негізін берік қалады. Әлихан Бөкейхан бастаған ұлтымыздың бағына туған алаш зиялыларының арқасында ХХ ғасырдың басы қазақ тілінің қарқынды дамып, жаңа сапалық деңгейге көтерілу, өсу, өркендеу кезеңіне айналды.

 

КСРО (Қазақ КСР-і) және қазақ тілі

 

Қазан төңкерісінен кейін 1920 жылы құрылған Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы КСРО құрамына кірді.Соған сәйкес ҚазССР-і азаматтарының тілдік құқықтары да КСРО Конституциясына сәйкес белгіленді. КСРО-ның 1924, 1936, 1977 жылдары қабылданған Конституцияларынан кейін артынша-ақараға бір-екі жыл салып ҚазАСР мен ҚазКСР-нің1926, 1937, 1978 Конституциялары да оған сәйкестендіріліп отырды. Сондықтан Одақ құрамына кірген ҚазКСР-нің тіл саясаты мен қазақ халқының тілдік құқықтарын іс жүзінде КСРО белгілепотырды. Одақтың да, ұлттық республиканың да осы аталған Конституцияларында қазіргі қолданыстағы тәуелсіз елдің Ата заңындағыдай тілдердің мәртебесі мен қолданылу аясы нақты атап көрсетілмеген.

Профессор Қабдеш Ыдырысов 1926 жылғықазақтыңалғашқыКонституциясытуралыбылайдейді: «Конституция Казахской АССР 1926 года не была утверждена официально. Она не была опубликована в средствах массовой информации. В частности, проект Конституции был опубликован только на русском языке. Но, где опубликовано, не указано. Поэтому и основная масса казахского населения, которая в то время составляла в Казахстане более 70%, не было знакомо с текстом Конституции».

Жиырмасыншы жылдардың ортасында қазақтың елеулі бөлігі ғана орыс тілін білгенін және газеттердің елдің барлық аймақтарына жете бермейтінін ескерсек, өзінің құқықтары мен міндеттері қамтылған негізгі заңмен танысу мүмкіндігінен халықтың басым бөлігі шет қалған. КСРО-ның 1924 жылғыКонституциясының 34-бабында «Декреты и постановления ЦИК’а, его Президиума и СНК Союза ССР печатаются на языках, общеупотребительных в союзных республиках (русский, украинский, белорусский, грузинский, армянский, тюрко-татарский)» депкөрсетіледі. Мұндақазақ, өзбек, қырғызтілдеріжеке-жекеатапкөрсетілмей, «тюрко-татарский» деп жинақтап берілген.Мүмкін сондықтанда Конституция мәтінін қазақтілінде жариялау міндетті саналмаған болар.

КСРО-ның 1936 жылғы Конституциясының 121-бабында «мектептерде ана тілінде білімалуға құқылы», 110-бабында «Сот жүргізу ісі Одақтас немесе Автономды республиканың не автономды облыстың тілінде жүргізіледі, сол тілді меңгермеген адамдар аудармашы арқылы іс материалдарымен толық таныса алады, сондай-ақ сотта ана тілінде сөйлеу құқығымен қамтамасыз етіледі»деп көрсетіледі.Осы құқықтық нормалар ҚазКСР-інің 1937 жылы қабылданған Конституциясынан да сол қалпында көрініс тапты. Ел тәуелсіздігін жариялағанға дейін басшылыққа алынған Қазақ КСР-інің1978 жылы қабылданған Конституциясының 43-бабында «мектепте ана тілінде білім алуға мүмкіндігі бар» екендігі, ал  159-бапта «Қазақ КСР-інде сот жүргізу ісі қазақ немесе орыс тілдерінде, не осы жерде тұратын халықтың басым бөлігінің тілінде жүргізіледі. Сотқа қатысып жатқан адамдар сот ісі жүріп жатқан тілді меңгермеген болса, аудармашы арқылы іс материалдарымен толық танысу, сот ісіне қатысу және сотта ана тілінде сөйлеу құқығымен қамтамасыз етіледі» деп көрсетілген. Ал қоғамдық өмірдің басқа салаларындағы қазақ тілінің қолданысы айқын көрсетілмеген. Жалпы алғанда 30-жылдардан бастап, орыстандыру саясаты патшалық Ресей тұсындағыдан да әлдеқайда қарқынды жүргізілді. Қоғам өмірінің көптеген салаларында, соның ішінде орта және арнаулы ортабілім беру саласында орыс тілі үстемдікке ие болды. Республиканың астанасы Алматы қаласында жалғыз (№12-ші мектеп) ғана қазақ мектебінің қалуы соның айқын дәлелі. Жетекші жоғары оқу орындарында көптеген маңызды мамандықтар тек орыс бөлімдерінде дайындалды. КСРО-ның мақсатты, жоспарлы түрде жүргізген тіл саясатының, білім саясатының негізінде қазақ тілінің өрісі барынша тарылып, Қазақ КСР-і Одақтың ең бір орыстанған республикасына айналды. Ел тәуелсіздігін жариялаған 90-жылдардың басына қарай мемлекеттік басқару, заң шығару, ісқағаз жүргізу, білім беру, байланыс, БАҚ, қорғаныс пен денсаулық сақтау, халыққа қызмет көрсету сияқты көптеген маңызды салаларда орыс тілі айқын үстемдікке ие болды.Жоғары білім беру мен тіл, тарих, әдебиет сынды жекелеген гуманитарлық ғылымдардан өзге ғылым саласында да орыс тіліне барынша басымдық берілді. Барынша пәрменді жүргізілген осындай саясаттың салдарынан қала қазақтарының басым бөлігі ана тілін білмейтін, оны кәсіби қызметі мен шығармашылығында еркін пайдалана алмайтын жағдайға жетті. КСРО құлағанымен 60-70 жыл ішінде қазақ жерінде орыс тілінің үстемдігін мықтап орнатып кетті.

[caption id="attachment_20893" align="alignleft" width="640"]%d0%bc%d0%b8%d1%82%d0%b8%d0%bd%d0%b3-%d1%88%d0%b0%d1%85%d0%b0%d0%bd%d0%be%d0%b2 Алматыда өткен мемлекеттік тілді қолдау, дамыту, жалпыхалықтық тілге айналдыру митингісі[/caption]

 

Тәуелсіздік және қазақ тілі

Ел тәуелсіздігі қарсаңында 1989 жылы Тіл туралы арнайы заң қабылданып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Заңның 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi  – қазақ тiлi» – деп, оның мәртебесі арнайы заңда тұңғыш рет көрсетілді. Еліміздің Ата заңыРеспублика Конституциясының 7-бабында да «1.Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл  – қазақ тілі»  екендігі тайға таңба басқандай айқын жазылды. Қазақ тілі заңдық мәртебеге ие болды. Осылайша, Тәуелсіздікпен бірге қазақ тілі дамуының жаңа кезеңі басталды. Егемендіктің арқасында оған дейін тынысы тарылып, мүмкіндігі шектеліп келген ұлттық тіліміздің қоғам өмірінің бірқатар салаларындағы қолданыс аясы кеңейе түсті. Жүздеген қазақ балабақшалары мен мектептері ашылып, ұлт тілінде тәрбие мен білім алатын ұл-қызымыздың саны арта бастады.

Еліміздегі барлық оқушылардың 70%-ы қазақ тілінде білім алып жатыр. Биыл қазақ мектебінің бірінші сыныбына барған балалар саны 89%-ға жетті деген дерек жарияланды. Біздіңше, бұл дерек әлі нақтылауды қажет етеді. Тамыз кеңесінде Білім және ғылым министріҰБТ-ны қазақша тапсырғандар 72%-ға жеткенін, 2016 жылы мемлекттік гранттардың 80%-ы мемлекеттік тілдегі мамандықтарға берілгенін мәлім етті. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Жоғары оқу орындарының қазақ бөлімдеріндеоқитын студенттер саны да 90-жылдарға дейінгі кезеңмен салыстырғанда едәуір өсіп, 63%-ға жетіп отыр. Қазақ тілінде білім алған ұлттық кадрлар дайындай бастадық. Қазақтілді БАҚ-тың саны өсті. Осы тірліктің барлығы тіліміздің тынысын ашып, қолданыс аясын кеңейту жолындағы бірқатар жетістіктеріміз деуге болады. Тіліміздің тұғырын нығайту бағытында әжептеуір істер атқарылған да сияқты. Бірақ соған қарамастан қоғамдағы қазақ тілінің қолданысына, тіл саясатының жүзеге асуына көңілтолмаушылық, ұлт тілінің бүгінгі жай-күйі мен болашағына алаңдаушылық басым. Неге? Бұл барды бағаламай, асығыстық таныту ма, әлде мұндай көңілтолмаушылық пен тіліміздің ертеңі үшін алаңдаушылықтың негізі бар ма? Міне, осы мәселелердің мән-жайын, шынайы қалпын анықтау бәріміз үшін маңызды. Бұл ең алдымен тілдің дамуын мемлекеттік тұрғыдан жоспарлау, тілдік заңнаманы жетілдіру, арнайы бағдарламалар жасап, соның негізінде мақсатты жұмыстар жүргізіп, нақты істер атқару үшін қажет.

maxresdefaultТіл заңының 4-бабына сәйкес: «Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi» – болуы керек.Мемлекеттік тілдің осы мәртебесіне сәйкес қоғам өмірінің барлық саласындакеңінен қолданылмай, үлесі жыл санап артып отырған қазақтілді қауымның тілдік құқықтары толық сақталмаcа, олардың көңілтолмастығы мен өкпе-реніші ішкі наразылыққа ұласуынажол ашып береміз.

       Тіл – құрал. Тамақ ішу үшін адам қасық пен шанышқы ұстауды, Қытайға барса, сапқыны (екі таяқты) пайдалауды үйренуіне тура келеді. Ал тіл қоғам өмірінің барлық саласында қолданылатын, онсыз күн көру мүмкін болмайтын қасық пен шанышқыдан мың есе маңызды құрал. Сондықтан шын қажеттілік болса, тіл құралды адамдар қалай да меңгереді. Тіпті, әріптестеріне қарағанда бәсекеге қабілеттірек, қызметтестерінен озықтау болу үшін ол тілді өзгелерден жақсырақ меңгеруге, шешен сөйлеп, сауатты жазуға тырысады. Ал бізде қалай? 90-жылдардың басында тіл үйренгісі келмегендер «қазақ тілін оқуға қажетті оқулықтар мен аударма сөздіктер, тілдескіштер жетіспейді» деді. Қыруар қаржы бөлініп, оқу құралдары мен оқулықтардың, сөздіктердің сан түрі шығарылды. Қаптаған қазақ тілі орталықтары ашылды. Бірақ одан тілдік ахуал біз күткендей өзгере қоймады. Қалалық жерлердегі қоғамдық орындардың көбінде халық орысша сөйлеседі, заңдарымыздың 99 пайызы орысша жазылып, құжаттарымыздың көпшілігі орысшадан қазақшаға аударылады. Қаржы-экономика саласындағы, банк жүйесіндегі есеп-қисап  әлі мемлекеттік тілде жүргізілмейді. Мемлекеттік қызметшілер мен лауазымды басшылардың дені қазақша сөйлемейді, жиындар мен түрлі мәжілістер негізінен орысша өтеді. Мемлекеттің тілін білмейтіндер ең жоғарғы мемлекеттік қызметтерді атқарып, ел халқымен өзге елдің тілінде сөйлеседі. Елімізде тарайтын 8000-дай (оның 2973-і отандық БАҚ) бұқаралық ақпарат құралының 5000-ы (тағы бір дерек бойынша 7551-i) орыстілді екен. Қысқасы, ақпараттық-мәдени кеңістігімізде орыс тілі әлі де айқын басымдыққа ие болып отыр. Енді ширек ғасыр өткенде «қазақ тілі ғылым тілі бола алмайды», «әдістемесі әлсіз»,«терминологиясы жетілмеген», «қазақ тілі оқытушыларының деңгейі төмен» деген сияқты мың бір сылтау айтылып отыр.  Иә, жекелеген сәтсіз жасалған терминдер бар, кәсіби дайындығы төмен мамандар мен сапасыз оқу құралдардың да бар екенін де ешкім жоққа шығармайды. Бірақ бұл қазақ тілін меңгеруге тосқауыл болып отырған басты, негізгі себептер емес қой. Сондықтан жиырма бес жылда өз мемлекетінің тілін меңгермегендердің, меңгергісі келмейтіндердің тұтас бір ұлттың тілін, сол салада еңбек етіп жүрген мамандардың бәрін, олардың барша еңбектерін іске алғысыз санауының еш негізі жоқ. Мұндай орынсыз, жалған айыптаулар шындыққа жанаспайды.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасынасәйкес мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін 2017 жылға қарай – 80%, 2020 жылға қарай – 90%-ға жеткізу жоспарланып отыр. «Егемен Қазақстан» газетінің 2016 жылғы 1 қазандағы №188 санының бірінші бетінде жарияланған Қазақстан халқының мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткіші 1991 жылы – 40% болса, 2015 – 80%-ға жетті деп берілген диаграммаға сенсек, онда біз бұл межені мерзімінен бұрын бағындырып қойыптық. Егер осы мәлімет рас болса, онда ел неге қазақша сөйлемей отыр?  Тілді меңгермеген 20%-ды тілі шықпаған жас балалар мен зейнет жасындағы 80-нен асқан қарттар-ақ толтыруы мүмкін. Халқының 80%-ы мемлекеттік тілін меңгеріп алған елде сол тілде сөйлеуге кім кедергі келтіріп отыр? Мемлекет қолдап, ел халқының бестен төрт бөлігі тілді біліп отырғаны рас болса, онда бізде тіл мәселесі шешілді деп санауға негіз жеткілікті. Алайда шындықтың бетіне тура қарар болсақ, ол шындық ресми көрсетілген деректермен, нақты цифрлармен үйлеспейді. Үйлеспейтін себебі республика халқының (66,5%-ға жуығы қазақтар) азаматтарының 80%-ы мемлекеттік тілін меңгерген елде ол тіл қоғам өмірінің барлық саласында еш кедергісіз кеңінен қолданылуы тиіс еді. Бізде олай болмай отырғанын дәлелдеп жату артық болар.

Сонымен ел тәуелсіздігінің ширек ғасыр мерзімінде қазақстандықтар неге мемлекеттік тілді жаппай меңгермеді? Бұл сұраққа әртүрлі жауап беріліп жатады. Ресми орган өкілдері тарапынан мемлекеттік тілді орыстілді қазақтар мен өзге этнос өкілдерінің меңгеруіне «қазақ тілін үйретуәдістемесінің әлсіздігі мен терминдер жүйесінің орнықпағандығы» кедергі келтіріп отыр деп мін тағу жиі байқалады. Мұндай сөзді тіпті биік мінберлерден жоғары лауазым иелерідебірнеше рет айтты. Ал шындығына келгенде, бұл сыныққа сылтау іздеген негізсіз сөз.Иә, әдістеме мен терминологияның шешімін таппаған мәселелері, жетілдірілетін тұстары бар. Ондай мәселелер мемлекеттік тілдері қоғам өмірінің барлық саласында қолданылатын Ресей мен Өзбекстанда, Әзербайжан мен Беларуста да, шығыс пен батыстың көптеген елдерінде де кездеседі. Айталық орыс тілін оқытудың әдістемесі озық болғандықтан ол тілді федерация құрамына кіретін халықтар өкілдері, қазақтар мен қырғыздар жетік біліп алды деуқисынсыз. Бұл тілді білу мемлекет тарапынан міндеттелді, талап етілді. Ең алдымен, тілді оқып-үйренуге уәж туғызатын ең басты нәрсе ол – қажеттілік, тілге деген қоғамдағы шынайы сұраныс. Қоғамда нақты бір тілге сұраныстың болуы, қолданылуының нақты талап етілуі сол тілге қажеттілік туғызады. Тілге қажеттілік туындаған кезде, оны білуге айқынталап бар жерде сол тілдің әдістемесі мен терминологиясы да,  ғылым тілі мен ресми ісқағаздар тілі де, көркем әдебиет тілі мен БАҚ тілі де, жалпы мемлекет қолдап отырған сол тіл жан-жақты дамиды. Өйткені тілдің функционалдық стильдері өмірдің тиісті салаларында нақты қолданысқа ие болған кезде ғана жетіледі.

Жаппай қолданылу барысында тіл екшеліп, қырналып, әдеби нормалары қалыпқа түседі және сол қоғамның сұранысына сәйкес өркендеп те отырады. Екіншіден, қандай да бір тілді білу қоғамдағы қажеттілікке айналған кезде адамдар оны үйренуге барынша мүдделі болады. Өмір сүруі үшін, жақсы білім алып, қызметінде жетістіктерге жетуі, қаржы табуы үшін керек екендігін білсе, сол тілді меңгеруге бар ынтасымен кірісіп өз бетімен ізденеді, күш-жігерін жұмсайды, қаржы шығарады, уақытын бөледі. Мұндай қажеттілік болған жерде, қоғам мүшелері сол тілді, оны үйретудің әдістемесін, грамматикасы мен терминологиясын кінәлап, оны оқудан жалтарып, сылтау іздеп жатпайды. Қоғамда тілге шын қажеттілік туындаса, жұртшылық  қандай қиын тіл болса  да оны үйренеді. Үшіншіден, сол тілге деген қажеттілік қоғам мүшелері тарапынан тіл үйрету әдістемесінің жетілуін талап етуді күшейтеді. Озық әдістеме мен жақсы әдіскер мамандарға сұраныс артады. Оқулықтар мен әдіскер мамандар арасында шынайы бәсекелестік туындайды. Яғни, тілге деген сұраныс, оқыту әдістемесінің жетілуіне түрткі болады әрі қоғам мүшелерінің тіл үйренуге ынта-ықыласын да арттырады. Қазақстанда қазақ тілін білмей-ақ жақсы өмір сүріп, сан алуан лауазымды қызметтерді атқаруға болатынын күнде көріп жүрген оқушы, студент немесе қызметкер ол тілді үйренуге ынталы болып, барын салып ұмтылмайды. Қазақ тілінің аты мемлекеттік тіл, елдегі бірінші тіл болғанымен, іс жүзінде мемлекеттік басқару мен заң шығармашылығында, ісқағаз жүргізуде, ақпарат таратуда осы қоғамдық қатынастардың бәрінде орыс тілінің көлеңкесінде қалып, екінші тіл болып отырғанын бүгінде елдің бәрі біледі.

Тіл курстарында оқып тілді әжептеуір меңгергендерден де сол үйренгенін тәжірибеде қолданып, деңгейін одан әрі жетілдіре түсуі талап етілмейді. Көптеген ірі компаниялар мен мекемелерге жұмысқа алу кезінде алдымен орыс тілі мен ағылшын тілін білуі талап етілді. Мемлекеттік қызметте де солай. Қазақ тілінен тапсырылатын тест формалды түрде алынып, қызметке қабылдау мен қызметтік өсу кезінде есепке алынбайды. Қазақ елінде қазақ тілінен гөрі орысша жақсы жазатын, жақсы сөйлейтін ағылшын тілін меңгерген маман қадірлі әрі сұранысқа көбірек ие. Осыны көріп, біліп отырған тіл үйренуші оқулық мінсіз болып, оқытушы жанын салып оқытып жатса да ол тілді үйренуге соншалықты ынталы болмайды. Орыс аудиториясында сабақ берген бізге бұл жақсы таныс жағдай. Сондықтан қоғамымыздағы қазақ тілін үйрену нәтижесінің төмендігі мен оның қолданылу аясының кеңеймей отыруының негізгі себептерін әдістемеден емес,  оған деген шынайы сұраныстың болмауынан, қажеттіліктің туындамауынан, талаптың әлсіздігінен іздеген әлдеқайда әділетті де, шындыққа жақын. Ғылымға негізделіп шынайы жүргізілген кез келген әлеуметтік зерттеу, лингвистикалық, әлеуметтік-лингвистикалық талдау, сауалнама арқылы мұны дәлелдеу еш қиындық туғызбайды. Алтілдің грамматикасын, оқыту әдістемесін, қазақ тілінің оқытушыларын, терминологиялық жүйесін, сөздіктерін  кінәлау осы шындықтан жалтарып, қоғамдағы қазіргі ахуалдың қалыптасуының негізгі себептерін бұрмалап көрсетуекенін көзіқарақты қауым жақсы біледі.Ендеше, бізге ендігі жерде қазақ тілін шын мәніндегі мемлекеттік тіл деңгейіне көтереміз десек,ең алдымен, қоғамда оған деген қажеттілік туғызудың тетіктерін жетілдіріп, заң талаптарын күшейту, қызметке қабылдау мен қызметтік өсу кезінде мемлекеттік тілді білуін бірінші ескеруге көшетін уақыт жетті. Онсыз қазақ тілі оқулықтарын шығаруға тағы да миллиардтаған қаржы бөліп,әдіскер-оқытушылардың бәрін Кембридж бен Оксфордта оқытсақ та күткен нәтижеге қол жеткізіп, мемлекеттік тілдің мерейін үстем ете алмаймыз.

Бүгінге дейін орыс-қазақ қостілділігі жағдайындағы қазақ тілінің даму, қолданылу жайы елді елеңдетіп, күн тәртібінен бір түспей келген болса, енді оған «Үштілділік кезінде ұлт тілінің болашағы не болады?» деген жаңа мәселе қосылып, тіл тағдырына алаңдаушылықты бұрынғыдан бетер арттырып отыр. Тіл мәселесі немқұрайдылықты, атүсті қараушылықты көтермейтін, ұлт болмысымен, оның тағдыр-талайымен тығыз байланысты өте маңызды да нәзік мәселе. Сондықтан оған өте сергек қарау қажет.

Еліміздің Тілдер туралы заңында «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп жазылған.Көптеген азаматтарымыз үшін мемлекеттік тілде сөйлеу «өтелмеген парыз» болып қалмауы үшін, «…мемлекеттiк тiлді меңгеру және оны күнделікті өмірде, кәсіби қызметінде қолдану – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының міндеті» деп жазатын уақыт келген сияқты. Өйткені, халықтың 80%-ы меңгергенімен, бұл тілді қолдану, сөйлеу міндетті деп түсінбей отыр. Жалпы бізге қазіргі тілдік ахуалға сәйкес мемлекеттік тілге шынайы қажеттілік туғызатын жаңа заң қажет.

photo_60749 Мемлекеттік тілдің төңірегіне топтасу–Қазақстан халқын ұйыстырудың негізі, ұлттық идеологиямыздың өзегі болуға тиіс. Елдегі тіл мәселесінің ушықтырылмай шешімін тауып, мемлекеттік тілдің қоғам өмірінің барлық саласында еркін қолданылатын жағдайға жетуі– ел өркендеуінің даңғыл жолы.Ал қазақ халқы үшін ана тілінің тарихи отанында еркін дамып, өркен жаюы этностың төл мәдениеті мен бар болмысынан, рухынанайырылмай, дербес ұлтретінде сақталуының бірден-бір кепілі екенін жадымыздан бір сәт те шығаруға болмайды.

 

Шерубай Құрманбайұлы,


филология ғылымының докторы,


профессор, ҚР ҰҒА-ның корр. мүшесі


Рекомендовать
Последние новости