Қазақ мұнайы тасымалданатын танкерге дрон шабуылы жасалды: Энергетика министрлігінің мәлімдемесі

Сағыныш Сардарова 13 янв. 2026 21:29

Қара теңіздегі танкерлерге қатысты оқиғаға Қазақстанның Энергетика министрлігі пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомство 13 қаңтарда Қара теңіз акваториясында, КҚК теңіз терминалы маңында Қазақстанның экспорттық мұнайын тасымалдауға қатысқан екі кемеде тіркелген келеңсіз оқиғалар туралы ақпаратты ресми түрде растады.

"Мальта туымен жүрген "Matilda" танкері "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының қосалқы ұйымы арқылы жалға алынған және ұшқышсыз ұшу аппараты шабуылына ұшырағаны расталды. Кемеде жарылыс тіркелгенімен, өрт шықпаған. Экипаж арасында зардап шеккендер жоқ. Техникалық қызметтердің алдын ала бағалауына сәйкес танкер теңізде жүзуге қабілетті, кеменің корпусында аса қауіпті зақым анықталмаған", - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар, министрлік мәліметінше, Либерия туымен жүрген "Delta Harmony" танкері де ұшқышсыз ұшу аппараты шабуылына ұшырағаны расталған. Салдарынан өрт шығып, жедел сөндірілген. Экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ.

"Оперативтік штаб деректеріне сәйкес оқиға кезінде кемеге мұнай тиеу жұмыстары жүргізілмеген, жүк цистерналары бос болғандықтан, Қазақстан Республикасының экспорттық ресурстарына зиян келмеген.

Энергетика министрлігі логистикалық тізбектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспорттық жеткізілімдердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында "ҚазМұнайГаз" ұлттық операторымен, консорциум әкімшілігімен және кемелердің иелерімен іс-қимылдарды жедел түрде үйлестіріп отыр", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы да Каспий құбыр консорциумы терминалындағы оқиғаға пікір білдірді.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove