"Қайда қарадыңдар?". Ахметов Семейді неге су басқанын айтып берді (видео)

Dalanews 30 мар. 2018 05:44 866

28-наурыз күні Шүлбі су электр стансасында жіберілген су деңгейі үш есеге, яғни, 501 м3-тан секундына 1800 м3–қа дейін көтерілген. Оның салдарынан Семейдегі Түйемойнақ аралындағы 10 үйді су басты.

Қазіргі таңда тағы Бесқарағай ауданында 11 ауылдық округке қауіп төніп отыр.
Бүгін ШҚО әкімі Даниал Ахметов су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы уақтылы мониторинг жүргізбегенін мәлімдеді.

Бұдан бөлек, орта тәуліктік су жіберу мөлшерін көтеру мәселесі не облыстық, не қалалық әкімдікпен келісілмеген. Айта кету керек, аталған факт бойынша прокуратура тексеруді бастады.  

Аймақ басшысының төрағалығымен өткен жиналыста Ертіс бассейндік инспекциясының басшысы Қазымбек Баймағамбетов 28-інші наурыз күні су дағдарыстық деңгейде жіберілгенін растады.

– Осы жерде айтылған сандар, расымен-ақ, біз істеген жұмыстың нәтижесі. Мәселе 23-26-шы наурыз аралығында ауа райы қолайсыздық туғызып, арты жаңбырға ұласқан қар жауған кейін туындады. Жан-жақтан келетін ағыстар көбейді. Шүлбі СЭС жоғары жағындағы көрсеткіш 239 74 жетті, – деді ол.
Даниал Ахметов үш есе артық көлемде су жіберу туралы шешімді жергілікті атқарушы органмен келісуді жөн көрмеген инспекция өз ісіне салғырт қараған деп баса айтты.

Осылайша, жүздеген адамның өміріне қауіп төндірген-ді.

– Үш тәулік бойы бізге түсініксіз жағдайда өте үлкен мөлшермен су жіберіліп жатыр. Егер наурыздың бірі Шүлбі су қоймасындағы орта шығын секундына 501 м3 құраса, 20-наурызда секундына 661 м3-қа жетіп, орта есептен көтерілді. 25 наурызда су жіберу деңгейі секундына 721 м3 құрады.

Ал наурыздың 27-нде секундына бірден 1127 м3 көтерілген, 28-нен бастап апаттық деңгейдегі су жіберу фактісі тіркеліп, көрсеткіш секундына 1800 м3 жетті. Бұл ай көлемінде жоспарлы су жіберу жұмысы жүрмегендігін көрсетеді, – деп, мәлімдеді аймақ әкімі.

– Су қоймасы таудың етегінде орналасса, түсінер едім. Су ешқайда кетпей, сонда барып ағады деп. Бірақ, ол жазық аумақта орналасқан.

Наурыздың 11-нен екі күн бойы толассыз жаңбыр жауып, күн райы жылынғанын білесіздер. Сол кезден бастап неге су жіберілмеді?!

Айта кету керек, әдетте дағдарыс деңгейі 450 см құрайтын Семейдегі Ертіс өзенінің суы түнде ең жоғары - 525 сантиметрге жетті. Түйемойнақ аралындағы 192 адам эвакуацияланды.

Олардың 139-ы, оның ішінде 40 бала қонақүйге орналастырылды. Үш уақыт тамақпен және барлық қажеттіліктермен қамтылды.
Бүгінде аталмыш факті бойынша және төтенше жағдай жарияланған аудандарда прокуратура тексеру жұмыстарын бастап кеткен.

– Секундына 1800 м3 су жіберу туралы нақты факті, оның салдары да бар. Біз түбегейлі аталған жағдайды тексеретін боламыз. Наурыздың 7-сі күні қалалар мен аудандар әкімдерінің, өкілетті орган өкілдерінің қатысуымен жиналыс өткізіп, бүгінгідей жағдай болмас үшін қатаң бақылау мен талдауға алуды тапсырғанбыз.

Прокуратура нақты, субъективті себептер мен адами фактордың бар-жоғын анықтауды межеге алады. Қазіргі уақытта ТЖ болған аудандарда тексеру жүргізудеміз, - деді облыс прокуроры Құсайын Игембаев.

Сондай-ақ, кешелі бері Бесқарағай ауданында күшейтілген режим енгізілген. Су кіру қаупі бар 11 елді мекен белгілі. Олар: Старая крепость, Стеклянка, Глуховка, Бірлік және Белокаменка. Аудандық әкімдік қызметкерлері үй-үйді аралап, эвакуация болған жағдайда жиналу орындары туралы хабар таратты.

Тұрғындардың малдарына уақытша пана беру үшін шаруа қожалықтар да қол ұшын созып, көмекке келуде.

Азаматтық қорғаныс пен ТЖ қызметтері әкімдердің басшылығымен қауіпті аймақтарда жұмыс істеуде. Семейде арнайы комиссия құрылып, алғашқы толқынның салдарын есептеуде.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

https://www.facebook.com/kenzhegazindudi/videos/955474047948491/

 

https://dalanews.kz/35025

Рекомендовать
Последние новости