Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға барды

Кәмшат Тілеухан 04 авг. 2025 21:51

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 4 тамызда Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясына қатысу үшін Түрікменстанға келіп жетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ақорда баспасөз қызметі әуежайдағы суреттермен бөлісті.

Түрікменбашы әуежайынан Мемлекет басшысын Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алды.

Әуежайда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов аз-кем әңгімелесті.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түрікменстан ынтымақтастығы өркендеп, қарқын ала түскенін атап өтті.

"Құрметті Гурбангулы Мяликгулыевич, Сізбен қасиетті түрікмен жерінде, бауырлас Түрікменстанда қайта жүздескеніме қуаныштымын. Шақыруыңызды шын ниетпен қабыл алдым. БҰҰ Бас хатшысының қатысуымен осындай форум өткізу – үлкен жетістік. Бұл 30 жылдан бері бейтарап саясат ұстанып келе жатқан Түрікменстанның халықаралық абырой-беделі жоғары екенін көрсетеді. Қазақстан аталған саясатты толығымен қолдайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Халк Маслахатының төрағасы қазақ-түрікмен байланысының ерекше сипатына жоғары баға берді.

Мемлекет басшысы мен Халк Маслахатының төрағасы екі ел халқы достық пен тату көршілік қатынасты одан әрі нығайтуға ерекше мән беретінін айтты.


Рекомендовать
Последние новости