Қазақстанда мұнайгаз компанияларынан бюджетке келіп түсетін салықтың 40 пайызын Теңіз кен орны аударады екен. Цифрға шақсақ, еліміздегі ең ірі мұнай кен орындарындарының Қазақстан бюджетіне төлейтін салығы мынандай сипатқа ие: Теңіз кен орыны – өндірген мұнайының 32 пайызын Қазақстанға беріп, 16 пайыз салық төлейді. Қарашығанақ – 14 пайыз мұнай өнімі, төлейтін салық көлемі – 6%. Қашаған – 20 пайыз мұнай өнімі – төлейтін салық көлемі – 1%. Жалпы, мұнайгаз саласының сарапшысы, Energy Monitor қоғамдық қорының директоры, Energy Monitor Telegram арнасының авторы Нұрлан Жұмағұлов Қашаған жобасы бойынша өндірілетін барлық мұнай көлемінің тек 2 пайызы ғана Қазақстанға тиетінін айтады. Яғни, елімізден гөрі шетелдіктер бұл кеніштің қызығына батуда. Неге? Бұл сауалға Dalanews.kz жауап іздеп көрді.
"Қашағанның бастапқыда жарнамасы жақсы жүрді. Инвесторлар көптеп келді, инвестиция салына бастады. Алайда көп күткендей немесе жоспарлағандай мұнда қомақты қор болмай шықты. Бұл – біріншіден. Екіншіден, инвесторлардың айтуы бойынша, олар бұл жобаға 1997-2015 жылдар аралығында 60 млрд доллар инвестиция салған. Оны шамамен 5 пайыздық жылдық өсіммен есептесек, қағаз жүзінде ол 100 млрд доллардан да асып түседі. Келісімшартта бұл шығындар ретінде көрсетіліп, алдымен осыны өтеу талап етіледі. Сондықтан бұл арада 80/20 деген есептік жүйе түзілген. Яғни, қазіргі таңда жылына өндірілген 18 млн тонна мұнайдың 80 пайызы осы шығындарды жабуға кетеді. Қалған 20 пайызды мемлекет пен акционерлер тағы өзара бөліске салады. Сонда Қашағанда өндірілетін бүкіл мұнайдың 2 пайызы ғана Қазақстанда қалады", - дейді Жұмағұлов YouTube-тегі Energy Podcast-ына берген сұқбатында.
Оның айтуынша, бұл 2 пайыздық үлесті арттырудың үш факторы бар:
- Тәулігіне 3 млрд баррель өндіретін жағдайға жеткенде. Қазіргі өндіріс – 900 млн баррель. 1 млрд баррелге күзде жетеміз деп болжанады. Ал з млрд баррелге 2030-2035 жылдары жетіп қалуымыз ықтимал.
- Рентабельділік келісімшартта көрсетілген белгілі бір деңгейге жеткенде;
- Инвесторлар құйған шығын өтелген жағдайда.
Жұмағұлов бұл факторлардың орындалуының ауылы әлі алыс екенін айтады. Сондықтан Қазақстан тарапы 2018 жылдан бері орнынан қозғалып, мәселе көтере бастаған.
"Даулы мәселелерді қарастыратын арнайы ұйым бар. Әу баста, келісімшартпен тартылған. Қазақстан бұл жобадан қатты пайда көріп жатқан жоқ. Инвесторлар да аса асыға қоймады. Арада жоғалтып жатқан шығындар бар дегендей. Сондықтан арада мәселелер қаралып, келісімшартқа 2018 жылы өзгеріс енгізілді. Сөйтіп инвесторлар мұнай бағасына қарай Қазақстанға роялти төлейтін болды. Бір баррелі 45 доллардан басталған жағдайда 2,5-тен 12 пайызға дейін. Бағаға байланысты өзгереді. 2024 жылдан бастап "ҚазмұнайГаз" ұлттық компаниясы корпоративтік салық төлейтін болды. Бұл – жағымды тұстары. Ал қазір біз инвесторлар айтқан 60 млрд доллар шығынға дау келтіріп жатырмыз. Оны 40 млрд долларға дейін қысқартпақ ой бар. Осыдан кейін инвесторлар жобаның екінші кезеңіне аяғын басқысы келмей байқастап қалды", - дейді мұнай саласының маманы.
Ал бұл арада айтылып отырған екінші кезең – Қарашығанақ кен орнынан газ өңдейтін зауыт салу. Күні кеше ҚР Энергетика министрлігі Eni және Shell-мен бірлесіп Қарашығанақта ГӨЗ салу жөнінде қолға алынған жобаны тоқтата тұратынын мәлімдегені белгілі.
"ҚР Энергетика министрлігі Қарашығанақ кен орнында газ өңдеу зауытын салу жобасын қолданыстағы Өнімді бөлісу туралы келісім (ӨБК) аясында және жоба акционерлерінің қатысуымен іске асыру қайта қаралатынын мәлімдейді", делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ құзырлы ведомство қазіргі таңда министрлік ұлттық компанияларды тарту арқылы жобаны аталған келісімнен тыс жүзеге асырудың баламалы нұсқаларын қарастырып жатқанын да нақтылады.
"Ұлттық компанияларды тарту" делінгеніне қарағанда, бұл арада, бәлкім, "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясы туралы сөз болып отырған болуы мүмкін. Осындай пайымдар да бар бұл арада.