Қарашығанақта ГӨЗ салу жөніндегі жобадан Eni және Shell компаниялары шығып қалды

Кәмшат Тілеухан 03 шіл. 2025 09:53

ҚР Энергетика министрлігі Eni және Shell-мен бірлесіп Қарашығанақта ГӨЗ салу жөнінде қолға алынған жобаны тоқтата тұратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"ҚР Энергетика министрлігі Қарашығанақ кен орнында газ өңдеу зауытын салу жобасын қолданыстағы Өнімді бөлісу туралы келісім (ӨБК) аясында және жоба акционерлерінің қатысуымен іске асыру қайта қаралатынын мәлімдейді", делінген министрлік хабарламасында. 

Сондай-ақ құзырлы ведомство қазіргі таңда министрлік ұлттық компанияларды тарту арқылы жобаны аталған келісімнен тыс жүзеге асырудың баламалы нұсқаларын қарастырып жатқанын да нақтылады.

"Ұлттық компанияларды тарту" делінгеніне қарағанда, бұл арада, бәлкім, "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясы туралы сөз болып отырған болуы мүмкін.

Мұнай сервистік компаниялар одағының басшысы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, келіссөздердің аяқталуына Қазақстан Республикасы экономикалық тұрғыдан қолайсыз және ұлттық мүдделерге сай емес деп таныған акционерлер ұсынған шарттар себеп көрінеді. Атап айтқанда, бұл арада акционерлердің пайдасына шамамен 1 млрд доллар мөлшерінде қосымша төлемдер талап етілген.

Бұл ретте PetroCouncil.kz Telegram-арнасы былай деп жазады:

"Зауыт салуға арналған EPC-келісімшарты ГӨЗ-ді 3,5 млрд долларға салуға келіскен Hyundai/Sicim консорциумына қатысты өз күшінде қалуы мүмкін деп күтіледі. Ал ҚМГ құрылыс үшін қажетті қаржыны Ұлттық қордан тартуы ықтимал".

Hyundai Engineering/Sicim консорциумымен сабақтастықты және қол жеткізілген уағдаластықтарды сақтау туралы ақпаратты Энергетика министрлігінің деректеріне сілтеме жасай отырып, Нұрлан Жұмағұлов растайды.

 "Жобаны қаржыландыру мәселесі шешілетін болады. Ұлттық компанияның меншікті қаражатын пайдалану және заем капиталын тартумен қатар, барлық қажетті тетіктер қарастырылады. Жоба ең жоғары мемлекеттік басымдыққа ие және оны іске асыру үшін ресурстар тапшылығы болмайды", деп Нұрлан Жұмағұлов Энергетика министрлігінің ұстанымын келтіреді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар