Қарағанды облысында полиция бекетіндегі қыздың өлімінен кейін бірқатар басшы қызметтерінен босатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Patriot телеграм-арнасының мәліметінше, Қарағанды облысы полиция департаментінің тәртіптік комиссиясы полицияның тірек пунктінде болған резонанстық оқиғаға байланысты шешім қабылдады. Қызметтік тәртіпті бақылаудың жеткіліксіздігі үшін бірнеше басшы қызметінен босатылған.
Атап айтқанда:
- Михайлов полиция бөлімінің бастығы Асқар Сәдуақасов;
- бөлім бастығының қызмет жөніндегі орынбасары;
- учаскелік инспекторлардың жұмысын қадағалаған бөлім бастығының орынбасары қызметтерінен босатылды.
Сонымен қатар Қарағанды қалалық полиция басқармасындағы бірнеше жетекшіге бақылаудың әлсіздігі үшін сөгіс жарияланған.
Бұл шешім 30 қыркүйекке қараған түні болған қайғылы оқиғадан кейін қабылданған. Алдын ала деректерге сәйкес, учаскелік инспектор 23 жастағы Альмира есімді қызды түнгі кезекшілік кезінде полиция бекетіне алып келген. Бұған дейін де ол қызды жұмыс уақыты кезінде алып келгені белгілі болған.
Таңертең аға учаскелік инспектор қызды диванда өлі күйінде, ал 36 жастағы майор Даурен Досовты жұмыс үстелінің жанында ес-түссіз күйде тапқан. Ер адам ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандырған.
Алдын ала болжам бойынша, олар белгісіз заттан уланған болуы мүмкін. Қазір тергеу және қызметтік тексеріс жалғасып жатыр.
