Қапшағай мен Іле жағасындағы 81 жер учаскесі заңсыз берілген: Базарбек Бас прокуратурадан істі тексеруді сұрады

Қаракөз Амантай 25 сент. 2025 10:33

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Қапшағай қаласы мен Іле өзенінің бойында 81 жер учаскесі заңсыз берілгенін мәлімдеп, Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат Бас прокуратурадан істі жеке бақылауға алуды және жер заңнамасын өрескел бұзған лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуды талап етті.

“2025 жылдың маусым айының соңында Бас прокуратураға, АШМ Жер ресурстарын басқару комитетіне және Су ресурстары мен ирригация министрлігіне Қапшағай қаласы әкімдігі тарапынан су қоймасы мен Іле өзенінің жағалауындағы 81 жер учаскесін заңсыз беру фактісін тексеру туралы өтініш жолдадым. Қолданыстағы тыйымдар мен шектеулерге қарамастан, бұл учаскелер заңсыз берілген”, – деді ол.

Базарбектің айтуынша, шілде–тамыз айларында жүргізілген тексеріс барысында 50 учаскеден өрескел заңбұзушылық анықталған.

“Заңбұзушылықтың өзі емес, оны кім жасағаны шошытады. Қапшағай қаласы әкімдігінің шенеуніктері Жер кодексі мен Су кодексінің талаптарын бұзып, жерді өз қамқорларына – Тұңғыш президенттің жақын туыстарына, бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктер мен Forbes тізіміндегі олигархтарға бөліп берген”, – деді депутат.

Оның сөзінше, заңбұзушылық анықталған учаске иелеріне 2025 жылғы 29 тамызда №445 нұсқама берілген. Алайда тексеріс жүргізіп жатқан ЖРБК (ДУЗР) мен БАБИ инспекторлары бизнес-элита мен жоғары лауазымды шенеуніктер тарапынан қатты қысым көруде.

Сондай-ақ ол Алматы облысының Іле ауданында ауыл шаруашылығы жерлерінің заңсыз берілгеніне қатысты өз қолына тиген материалдар жайлы айтты.

“Жергілікті тұрғындар бірнеше рет шағымданды: Іле ауданын 14 жыл басқарған Николай Логутов қызметтік өкілеттігін пайдаланып, жерді туыстарына үлестіріп келген. Бүгінде сол жердің басым бөлігі оның ұлы Константин Логутовтың иелігінде”, – деді ол.

Депутаттың мәліметінше, Константин Логутовтың атына тіркелген "Монтажник" шаруа қожалығы, "DALA INVEST GROUP" ЖШС, "BILLBOARDS EMPIRE" ЖШС және "AL-AGRO GROUP" ЖШС бар. Осы компаниялар арқылы оған 10 мың гектардан астам жер тиесілі болуы мүмкін.

“Бұл аумақ көлемі жағынан Қонаев қаласымен тең, тіпті одан да үлкен. Ал қарапайым халық жылдар бойы 10 сотық жер ала алмай жүр. Оның үстіне, тұрғындарды мал жаюға немесе шаруашылық жүргізуге бұл жерлерге кіргізбейді. Учаскелер қараусыз бос жатыр да, астрономиялық бағаға сатылады”, – деді Базарбек.

Сондай-ақ ол аталған жерлердің бір бөлігі “қызыл сызықта” орналасқанын және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жататынын атап өтті.

“Президент 2024 жылғы Жолдауында: егер жер заңсыз берілсе немесе пайдаланылмаса, ол қарапайым тәртіппен мемлекетке қайтарылуы тиіс екенін нақты айтты. Бірақ өкінішке қарай, маған жеткен ақпаратқа сәйкес, Алматы облысының прокуратурасындағы кейбір қызметкерлер Логутовтың әрекеттерін бүркемелеп отыр. Олардың есімдері менің депутаттық сауалымда көрсетілетін болады”, – деді депутат.

Сөз соңында ол Бас прокуратураны істі ерекше бақылауға алуға, инспекторларды қысымнан қорғауға және Іле ауданындағы жердің заңсыз берілуіне қатысты тергеу жүргізуге шақырды.


Рекомендовать
Последние новости