Қаңтар қырғыны? Ақордада амал жоқ, бірінші президенттің есімін атауға тура келеді - саясаткер Жақиянов

Dalanews 29 сент. 2023 05:06 1626

Самат Әбіштің Қаңтар оқиғасына қатысы әлі қызу талқыланып жатыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісінің ісі оны түрмеге отырғызумен емес, екі президент арасындағы жаңа бітіммен аяқталуы да мүмкін.

Билік түрлі аңыз ойлап тауып, Қаңтар қырғынын елдің жадынан өшіруге қанша тырысса да, ол әрекеті еш нәтижесіз болып тұр. Себебі олар көпшіліктің көкейіндегі ең маңызды әрі нақты «Кім кінәлі?» деген сұраққа жауап бере алмай отыр.

Бейбіт күнде көшелер мен алаңдарда жүздеген азаматтың қаны төгілгеніне кім кінәлі? Артынан жазықсыз адамдардың азапталуына кім жауапты? Айтқан «20 мың террористтер» қайда? «Әруақтардың сотын» өткізіп, Қаңтарда оққа ұшырағандардан «террорист» жасау кімге керек? 1 жыл, 8 айдан кейін бұл сұрақтарға жауап әлі берілген жоқ.

Ресми түрде Кәрім Мәсімов «мемлекеттік төңкеріске талпыныс» жасаушы атанды. Бірақ оны Қаңтар оқиғасының басты ұйымдастырушысы дегенге ел сене қойған жоқ.

Саясаттан хабары барлар оның Назарбаевтың айтқанынан шықпайтын адам болғанын жақсы біледі. Тергеу мен сот құпия өткендіктен «төңкерістің» мақсаты және оның артында кім тұрғаны қоғам назарынан жасырын қалды. Және де Мәсімовтың істеген қылмыс әрекеттері мен берген жауаптары көпшілікке таныстырылмады.


Жақында билік «жабайы» Арманды соттаумен Қаңтарға нүкте қойғысы келгендей сыңай танытты. Жасаған қылмыстары үшін, әлбетте, «Дикий» Арман жазалануы керек. Дегенмен, Қаңтар оқиғасының басты ұйымдастырушысы болуына оның «салмағы» тіпті де тартпайды. Оның үстіне, бұл сот та құпия өтетін болды.

Осындай құпия соттармен Ақорда халық азды-көпті сенетін «версияны» іздеп жатқан сияқты. Алдындағы аңыздар іске жарамай қалғанды. Жарамайды да. Өйткені қарапайым логикаға салсақ, Қаңтар қырғынына түбі екі кісінің біреуі, не екеуі де кінәлі боп шығады. Олардың есімін бәрі біледі. Мәселе тек, кінәләрін жеңілдететін жағдайларда: жаман ниеттен бе, жоқ адасқаннан ба?

Қаңтарда тапсырма орындаушыларды, тіпті қырғынға мүлде қатысы жоқ адамдарды соттау Қанды оқиғаның шындығын ашпайды. Ерте ме, кеш пе, «дәу көкелерді» атауға тура келеді. Самат Әбіштің тергеуінің қайта ашылуы әңгіме осы бағытта өрбитінін көрсетеді. Аяғында Ақорданың амалы қалмай, бірінші президенттің есімін атауға тура келеді.

Қазіргідей құпия тергеулер мен соттар арқылы әділет орнамайды. Түбінде Қаңтар оқиғасы бойынша ашық және тәуелсіз тергеу жүріп, әділ сот өтіп, жауаптылар заң алдында тиісті жазасын, тарихта және болашақ ұрпақтың алдында өзіне лайық бағасын алады деп сенемін. Себебі трагедия тым үлкен. Шындықты өте көп адам біледі.

Сөз соңында журналист және саяси белсенді Әйгерім Тілеужан мен өзге де азаматтардың «Алматы әуежайын басып алу» ісі бойынша сотталып, қатаң жазаға тартылуы қисынсыз екенін атап өткім келеді. Оларға толық қолдау білдіріп, саяси астары бар сот шешімдерін қайта қарауды талап етемін. Сондай-ақ Марат Жыланбаев пен Думан Мұхамедкәрімнен «экстремист» жасау талпыныс тез арада доғарулы тиіс. Осындай әділетсіздікке қарсылық білдірген қоғам белсенділерді, атап айтқанда Абзал Достиярды да қудалау тоқтатылсын!

Ғалымжан Жақиянов, саясаткер


Айтқандай, жақсы өмірге ұмтылған қазақтар үшін Англия мен Кореядан кем түспейтін әлтернәтива табылды. Толығырақ осы жерде: dalainside/zhumys

Рекомендовать
Последние новости