Қайырымдылық қорының жетекшісі болған Перизат Қайраттың анасы қызына көмектесті деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы журналист Михаил Козачков жазды.
"Тергеушілердің айтуынша, ол қызына көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен аймақтарға көмектесу үшін қазақстандықтар жинаған ақшаны қолма қол шығарып, белсенді түрде көмектескен деген күдікке ілінді", - дейді Козачков.
Еске салайық, Перизат Қайрат көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген болатын. Мәліметке сүйенсек, қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына жұмсалған.
«Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге «Mercedes-Benz S450», 80 млн теңгеге «Lexus LX-600» және 39 млн теңгеге «Haval» автокөліктерін сатып алды. Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ «Vela Village» коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.
Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған. Бұл елдерде ол «Cartier» және «Louis Vuitton» сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
Осылайша, Перизат Қайрат өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған", - деп жазылған ҚМА мәліметінде.
Артынша ҚМА оның заңсыз әрекетінің тағы бір эпизоды анықталғанын хабарлады.
"2023 жылдың қараша айында Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырды. 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қ. «Sensata Plaza» элиталық кешенінен 49 млн теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 млн теңгеге «Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic» жаңа автокөлігін сатып алды. Сонымен қатар, қаражаттың бір бөлігі БАӘ-де «Rolex», «Prada» және «Fendi» брендтік бутиктерінен зергерлік бұйымдарды, сағаттар мен киімдерді сатып алуға жұмсалды", - деп жазылған хабарламада.