"Айғайға емес, ақылға жүгінейік" - сауда желісіндегі кикілжің туралы сарапшы пікірі

Ақтоты Жапатова 10 апр. 2025 15:04 741

Magnum сауда желісінде жұмыс істейтін курьердің жұмыстан шығарылуы ел азаматтары арасында кеңінен талқылануда. Осыған байланысты саясаттанушы Жомарт Сімтіков өз көзқарасын білдіріп, мәселені саясиландырудың орынсыз екенін атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz

Келеңсіз жағдай үйге зат әкелген курьердің клиенттен мемлекеттік тілде сөйлеуді талап етуінен кейін туындаған. Әлеуметтік желілерде сан алуан пікірлер айтылды. 

Сарапшының пайымдауынша, бұл жағдайдың түп негізі – жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек қатынасы. Нақтырақ айтсақ, бұл – жеке адамдар арасындағы дау, оны мемлекеттің тіл саясатына телуге тырысу артық.

«Мұндай жағдайларда мәселені нақты контексте қарастыру қажет. Осы оқиғадан саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Бұл – еңбек қатынастары аясындағы келіспеушілік, әрі оның шешімі де осы саладағы заңнамалар мен корпоративтік ережелер шеңберінде табылуы тиіс»,дейді Жомарт Сімтіков.

Сарапшы мәселенің бірнеше маңызды аспектісіне назар аударады. Біріншіден, бизнес пен қоғам арасындағы сенім және әлеуметтік жауапкершілік мәселесі. Ірі компаниялар тек пайда табуды ғана емес, қоғам алдындағы міндеттерін де естен шығармауы тиіс. Бұл аталған сауда орнына ғана емес, барлық бизнес құрылымдарға ортақ талап.

«Бүгінгі таңда компаниялардың қоршаған ортаға, тұтынушылардың қауіпсіздігіне, қызметкерлердің әл-ауқатына бей-жай қарамай, жоғары кәсіби және этикалық стандарттарды ұстануы өте маңызды. Қоғамдық сенім дегеніміз – бір күнде қалыптаспайтын, бірақ бір оқиғамен-ақ шайқалуы мүмкін құндылық»,дейді сарапшы.

Екіншіден, тұтынушылардың құқықтарын қорғау – бизнестің басты міндеттерінің бірі. Тұтынушы – кез келген коммерциялық құрылым үшін ең маңызды тұлға. Олардың қажеттіліктері мен құқықтары үнемі ескеріліп, өнім мен қызмет сапасы соған сай болуы қажет.

Үшіншіден, қоғамдық пікірдің әсері мен әлеуметтік медианың қуаты. Бір қарағанда, бір мекемедегі қарапайым еңбек дауы бүкіл елге таралып, қоғамдық пікір туғызды. Бұл – қазіргі ақпараттық заманның жаңа құбылыстары.

«Қазір кез келген мәселе, тіпті локалдық деңгейдегі оқиға болсын, әлеуметтік желілер арқылы бүкіл қоғамға таралып, үлкен резонанс тудыра алады. Сондықтан ірі компаниялар мен қоғамдық институттар мұндай жағдайларға барынша мұқият қарап, ашық, әрі әділетті шешім қабылдауы керек», – дейді Жомарт Сімтіков.

Саясаттанушы ғалымның пікірінше, осындай жағдайларда басты назарды саяси жағына бұрмалаудың жөні жоқ. Мұндай жайттар құқықтық және кәсіби тұрғыдан шешім табуға бағытталуы керек. Қоғамда сенімді сақтау үшін мәселені ушықтырмай, керісінше байыппен, ашық түрде шешу маңызды.

Меруерт Райым

 


Рекомендовать
Последние новости