"Тапқанымыздан қарызданып, шашқанымыз көп". Сарапшы әлеуметтік толқу ықтималдылығы туралы ескертті

Кәмшат Тілеухан 10 апр. 2025 14:22 565

Үкімет пен Ұлттық Банк "халықтың асыра несиелендіруі" мәселесін көтеріп жүргеніне жылдан асты. Олар инфляцияның ауыздықтауға келмеуінің бірден бір себебі ретінде де осы асыра несиелендіру мәселесін атайды. Онда да кепілсіз тұтынушылық несиелер үлесі көбейіп кеткенін айтып, дабыл қағады. Алайда қаржы институттары бұған айтар уәж айтып, қамтамасыз етілмеген тұтынушылық несие көлемінің анай айтарлықтай емес екенін цифрлармен дәлдеп бағуда. Бұл ретте экономист әрі Monetarity Telegram арнасының авторы Владислав Туркин соңғыларының есеп тәсілі дұрыс емес екендігін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Маман несие беру немесе несие нарығындағы "қызып кету" жағдайын талдауда белгілі статистикалық коэффициенттерге сүйенуден бас тарту дұрыс емес деп санайды. Ол бұл арада елдердің төлем қабілеттілігі мен дефолт ықтималдығын бағалау көрсеткіштерін ескеру керектігін айтады.

"Негізі, жағдай былай ғой, халықтың тұтынысының жиынтық сомасы табысының жиынтық сомасынан әлдеқайда асып отырады. Нәтижесінде соңғы жылдары біздің елімізде 3-4 трлн теңгеге жеткен тұтыныс көлемінің артуын байқауға болады. Міне, мұндай алшақтық несие арналары арқылы қаржыландырылуда. Бұған дейін осыған ұқсас шекті игеру 2008-2010 жылдары болған. Ал экономикадағы кез-келген құлдырау (ЖІӨ, мемлекет кірістері мен трансферттер өсімінің тежелісі) немесе фискалдық ынталандырудың айтарлықтай төмендеуі проблемалық қарыздар мен дефолттардың бірден шарықтауына әкеліп соғады. Енді біздің банктер қабылдаған қазіргі үлкен әрі шоғырланған жүйелік тәуекелдерді ескерсек, бұл автоматты түрде  әлеуметтік толқулар мен қаржылық дағдарысқа әкеліп соғуы мүмкін", - дейді экономист.

Оның айтуынша,  тұрақты түрде ынталандыру, ЖІӨ-нің өсімін басып озу жөніндегі жоспарлар және мемлекеттік шығыстарды қысқарту мүмкін емес-мыс деген секілді ойлардың қоғамда қайта-қайта көтерілуі де осымен байланысты.

"Қайта Ұлттық Банктің аталған мәселені ішінара мойындап, шаралар қабылдап жатқаны көңілге кәдімгідей демеу. Реттеуші орган қазіргі банктердің "идеалды" статистикасына қарамастан, макроөлшемдерді түзеп,  контрциклді резервтік буферді енгізуде", - дейді Туркин.  

Ол қамтамасыз етілмеген тұтынушылық несиелеу жағдайында банктердің қорғанысы өте мықты екенін, керісінше, бұл тұрғыда қарыз алушыға жасалатын экономикалық қысым күшейе түсетінін айтады.

"Бізде несие төлемін мерзімінен кешіктірген адам іс жүзінде экономикалық, қоғамдық қуғын-сүргінге ұшырайды, барлығы бұғатталып, түрлі шектеулер қолданылады. Қабылданған банкроттық туралы заң да бұл мәселені шеше алмауда. Бұл - соңғы сатыдағы жазалау механизмі емес қой, корпоративтік банкроттық жағдайындағыдай қалыпты экономикалық процесс. Бірақ олардың арасында үлкен айырма. Жалпы, қарызды реттеу тетіктері банктердің пайдасына өте жақсы ыңғайланған. Салдарынан бізде қамтамасыз етілмеген займдарды дефолтқа шығару кезінде шығындарды өтеудің өте жоғары деңгейі тіркелуде. Бұл тағы да күтілетін жоғары шығындарды жабу үшін қажет деп есептелетін қамтамасыз етілмеген бөлшек несиелеудің жоғары ставкалары туралы заңдылықты бұзады", - дейді ол.

Оның айтуынша, бізде пайыздары жасырулы бөліп төлеу тетігі өте ерекше іске асуда және олардың бөлшек саудагерлер арасында баламасы болмаған соң белсенді қолданысы байқалады: қолма-қол ақшаға сатып алу үшін жеңілдіктер қарастырылмайды, пайыздық мөлшерлеменің өзгеруіне займдардың икемсіздігі және т.б. Көптеген елдерде бөліп төлеу ұғымы жеке-дара анықталып көрсетіледі, ал бізде былық-шылық, сөйтіп ол ақша-кредит саясатын бірнеше есе қиындатуда.

"Біреулер бұл ретте фискальдық шығындар мен бюджет тапшылығы мәселесіне қыстырып бағуда. Олардың аталған мәселеге түк қатысы жоқ, негізі. Мәселен, бюджет шығындары тапшылығы кезінде Ұлттық қордан шетел валютасы алынып, теңгеге айырбасталады. Яғни, теңгесі барлар валюта сатып алады. Ал жүйедегі ортақ баланста өзгеріс болмайды. Тек валюта түрі ғана өзгереді.Тек валютаны Ұлттық банк өзі басып шығарған теңгеге сатып алғаны болмаса. Бұған дейін де атап өткенімдей, біздің қателіктер мен құрылымдық мәселелеріміздің есебінен тұтынушылық несиелендірудің артуы және сауда және қызмет саласындағы несиелеу тетігінің дамымай жатуы туындауда. Жекелей фискальдық шығындар ақша массасының бұрқ еткен өсіміне тікелей ықпал ете алмайды. Тек банктер мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алып, сол арқылы мемлекеттік несиелендіру арқылы мультипликативті әсерді несиелік мультипликативтік әсерге алмастыруда. Соның салдарынан біз экономикадағы жоғары, тіпті артық белсенділікті тіркейміз. Ал ол несиеге деген сұранысты арттырып, солайша несиелік мультипликация сынды стандартты тетік есебінен ақша массасының артуына жол береді. Ал бұл мәселені, неге екенін, бізде көп айтпауға тырысады", деп сөзін қорытындылайды Владислав Туркин.

Бұған дейін сайтымызда "Жұрт жаман әдеттеніп алған". Сарапшы несие бойынша даулы дәйекке қатысты өз ойын айтты" деген мақала жарияланған болатын.


Рекомендовать
Последние новости