Педофилдерді кастрациялауға 10 млн. теңге бөлінбек

Dalanews 10 янв. 2018 02:11 983

Педофилдерді химиялық кастрациялауға бюджеттен 10 миллион  теңге бөлінді. Бірақ қыруар қаржы шығарып, қылмыскерлерге қарсы қолданатын жазаның олқы тұстары аз емес. Ақ халаттырлардың айтуынша, аталмыш екпе сусамырға алып келуі мүмкін. Осыдан бір жарым жыл бұрын «балалардың құқығын қорғауға бағытталған заң жуырда күшіне енді, – деп хабарлайды Алматы телеранасы.

Балаларды қорғауға бағытталған жаңа заң жобасы негізінде «Педофилдерді химиялық жолмен кастрациялау» тек сот шешімімен іске асуы тиіс.  Жаңа жылдан бастап күшіне енген заңды орындау үшін  тек бірнеше саты арқылы атқарылады. Алдымен сот қосымша психиатриялық сараптама арқылы қылмыскердің «педофил» екені растауы қажет. Бүлдіршіндердің балалық шағын бүлдіргендерге қарсы қолданылатын жаза түрме немесе арнайы емханаларда екпе құю арқылы жүзеге асады.
– Оның әсері жеткілікті. Әрине, ұзақ уақытқа қолданылатын тәсілдер де бар. Бірақ, осы екпе тиімдірек болады. Себебі, кез келген науқас ай-сайын дәрігер бақылауында болады. Яғни, екпе екі аптада бір рет салынып отырады, – деді ҚР ДСМ республикалық ұлттық  психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі Ринат Мұзафаров.

Демек, аталмыш екпе бір салғаннан әсер етпейді. Себебі, дәрінің құрамындағы ципротерон, оған айтарлықтай кедергі жасайды. Осы себептен,  ақ халаттылардың екпені бір емес, бірнеше мәрте егуіне тура келеді. Қызық болғанда сот сараптама арқылы іске асқан көп еңбек  зая кетпек. Себебі, дәрінің күші тек екі апта ғана сақталады. Денсаулық сақтау өкілдерінің ақпарынша, екпенің теріс әсері де жоқ емес.

– Кез келген дәрі-дәрмектің теріс әсері бар. Дәл осы екпе жүрек тамырлары мен бауырға едәуір әсер етеді. Әрі, сусамыр дертіне шалдықтыруы мүмкін, – деді Ринат Мұзафаров.

Ең алғаш химиялық кастрация 1960 жылдары АҚШ-та  қолданылғаны белгілі. Аталмыш елде қылмыскерлердің ата-жөнін барлық халық білген. Осыған орай, олар мектеп, балабақша, аялдама сынды қоғамдық орындар маңына жолай алмаған. Психологтардың сөзінше «бүлдіршіндерге мұндай қиянат жасау дерттің бір түрі. Демек, бұл жүйке – жүйе ауытқуы. Оны емдеу тіпті мүмкін емес. Сондықтан, педофилдерді қоғамнан алшақтату қажет», – дейді.
– Егер адам бұл аурумен күресе алмаса және іс-әрекеттері арқылы жауапқа тартылып, химиялық кастрация жасау шешімі қабылданса, онда ол адамды қоғамнан оқшаулау қажет. Себебі, ол өз-өзімен күресе алмады. Бұл да қылмыскер. Сондықтан, темір торға тоғытқан дұрыс. Басқа амал жоқ, – деді психолог Наталья Обердерфер.

Бірқатар БАҚ-қа көз жүгіртсек, екпені әлсірететін антидоттар еліміздегі кез келген дәріханада табылады екен. Сонда мұның тиімді тұса қайда? Әдіс өзін-өзі қаншалықты ақтайды деген сауалдарды халыққа қойып көрдік. Қоғамның пікірі де жоқ емес екен.

Кәмелетке толмаған балаларға жасалған қылмыс деңгейі жылдан жылға артып келеді. 2016 жылы педофилдар қолынан  183-ке  жуық бүлдіршін зардап шексе, өткен жылы бұл көрсеткіш 33 пайызға өскен. 2016 жылдың өзінде осы дерек бойынша 111 қылмыскер темір торға тоғытылған болатын. Биыл күшіне енген заң аясында жүзеге асатын аталмыш әдістің тиімділігіне уақыт сарапшы. Десе де, мемлекеттен бөлінген 10 млн жуық теңге ысырап кетпейме деген күдікте басым.

 

 Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов

 

https://dalanews.kz/29303

Рекомендовать
Последние новости